Республикалық бюджеттен 18 млрд теңге бөлінген Атырау-Астрахан жолының 277 шақырым болатын қазақстандық бөлігінің 60 шақырымын қалпына келтіру жұмыстары 2019 жылдың мамыр айында басталады. Ал қазір жүргізіліп жатқан әзірлік жұмыстарының барысымен Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Құрманғазы ауданына барған сапарында танысқан еді.
– Қазір материалдарды дайындап, ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы айда айналма жол құрылысын бастауымыз керек, - деп әңгімеледі «Сине Мидас Строй «БК»» компаниясының жоба жетекшісі Алтай ҚАМЫСБАЕВ. – Жұмысқа алынған жұмысшылардың жалпы саны – 106 адам, оның 56-сы – құрманғазылықтар.
Қазіргі уақытта жобаға 30-дан аса техника жұмылдырылған.
–Жолды төсеу жұмыстарын мамыр айынан бастаймыз. Нысанның өзінде темірбетон өнімдері зауытын, топырақ араластыратын цех салуды және алдағы уақытта қуаты 2,5 мың тонна болатын асфальт зауытын салуды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті Алтай Қамысбаев.
Кестеге сәйкес, тас жолдың 60 шақырымдық жерін қалпына келтіру 2 жылға созылады. Осы жылдың аяғына дейін 23 шақырымын аяқтау жоспарлануда. Жұмыстың барлық кезеңі бойынша облыстың 150-ге жуық тұрғынын жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Облыс әкімі жұмысшылардың тұрмыс жағдайымен танысып, зауыт құрылысы аймағына барып, бірқатар тапсырмалар берді.
– Құрылыс барысы жергілікті атқарушы органдардың жіті бақылауында болады. Жұмысшылар уақытылы жалақысын алып, лайықты жағдаймен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік техникасын сақтау қажет. Ешқандай проблемалар мен іркілістер туындамауы тиіс, - деді Нұрлан Ноғаев.
Қалған 217 шақырым жолды Еуропалық даму банкінің есебінен қалпына келтіру жоспарланған. Әңгіме 260 млн доллар туралы болып отыр. Қазіргі таңда мердігерді анықтау үшін конкурс өткізілуде.
Құрманғазы ауданында өзекшелер өте көп. Жыл сайын жайылымдық алаңдар суға толады. Біз «Қазавтожол» ҰК» АҚ Атырау филиалы басшысының орынбасары Аслан ДҮЙСЕНОВТЕН қалпына келтіру кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар алынып жатқанын сұрадық.
- Жобалау құжаттамасында бүкіл шаралар қарастырылған. Қосымша көпірлер, биік айналма жолдар, үлкен өткізу құбырлары жарақталады, - деді ол.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған суреттер