Бір күн бұрын АҚШ-тың теңіз жағалауын күзетуші «Бертолф» патрульдік кемесі Гонконг портына келіп тоқтады. Бұл АҚШ әскери кемесінің 17 жылдан бері алғаш рет Гонконг портына кіруі.
«Бертолф» патрульдік кемесі мен АҚШ теңіз флотына тиесілі әскери кемелер наурыз айының соңында Тайуан бұғазынан өтіп, Құрама Штаттың Үнді-Тынық мұхитының ашық әрі еркін теңіз аймағына болған ұстанымын көрсеткен болатын. Дүйсенбі күні АҚШ Үнді-Тынық мұхит қолбасшылық Бас штабы мәлімдеме жасап, «Бертолф» кемесінің офицерлері Гонконгтағы бірқатар шараларға қатысатынын айтқан. Үнді-Тынық мұхит қолбасшылық Бас штабы сондай-ақ, Құрама Штат теңіз күштері Үнді мұхиты мен Тынық мұхитындағы одақтас елдермен бірлесе отырып, аймақтағы халықаралық су жолдарының жалпыға бірдей ашық болуына кепілдік етеді. Сонымен бірге Үнді-Тынық мұхит аймағындағы су үсті территорияларын, егемендікті, халықаралық ережелерді қорғайтынын айтып келеді. Аталған шарлаушы кеме 2006 жылы қарашада алғаш теңізге шығарылған. 2008 жылы тамыз айынан бастап ресми түрде АҚШ теңіз жағалауын қорғаушы кеме ретінде шарлау қызметін бастаған. Қазіргі уақытта «Бертолф» кемесі АҚШ Теңіз күштерінің Тынық мұхит 7-ші флотына тиесілі. Құрама Штаттың әскери кемелерінің Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекетінің жиілеуі Бейжің билігіне қысымды арттыра түседі. Бұл Қытай үкіметін алаңдатпай қоймайды. Себебі, АҚШ әскери кемелері Парсы шығанағы, Қызыл теңіз, Араб теңізі және Африкадан Қытайға кіретін немесе Қытайдан аталған аймақтарға шығатын тасымал кемелерінің қатынасын қиындата түседі. Бұл ең ірі өндіруші ел ретінде Қытайдың экономикасына өзіндік кері әсерін тигізеді.
Дереккөз: qazaqtimes.com