15 сәуірде Қ.Смағұлов атындағы аллеяда street workout бойынша ашық мастер-класс өтті. Көше спортынан ҚР бас бапкері Айтым ЖАҚЫПОВТЫҢ жетекшілігімен жастар қоссырық пен белтемірде дағдыларын шыңдап қана қоймай, өткен жыл ішінде қандай жетістікке жеткендерін паш етті. Өйткені, бұл Жақыповтың біздің қалада өткізіп отырған екінші мастер-класы.
Бұлшық еттері бұлтылдаған жігіттердің арасынан көк футболка киген қыз бірден көзге түсті. Шамасы, ағасымен келген ғой деп топшыладым. Содан соң нәзік қыздың ширақ қозғалып, түрлі жаттығулар жасағанын көргенде, қатты таң қалдым.
- Жалпы ескек есумен айналысамын, ал былтырдан бері воркаутты да қолға алдым. Бірде жігіттердің турникке тартылып, жаттығып жатқанын көрдім де, байқап көрмек болдым. Әуелі тартылу, кеудені жерден көтеру жаттығуларын жасаудан бастадым. Әлжуаз түріме қарамаңыз, күшім жеткілікті. Әрі жолым болғыш жанмын. «Бейбарыс» хоккей командасы ел чемпионы атанған кезде хоккей таяқшасы маған бұйырған еді, ал бүгін Айтымның фирмалық футболкасын алдым, - деп өз әсерімен бөлісті Әмина РАХИМОВА.
Айтымның өзі өткен жылғы мастер-класқа қатысушылардың жетістігіне қайран қалды:
- Воркауттың динамикалық бағытымен ғана айналысқан жігіттер бүгін күш бағытындағы воркаутты көрсетті. Олардың кейбіріне Атырауда өтуі мүмкін Қазақстан чемпионатына жүрексінбей қатысуларына болады.
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор