Жапонияның Nikkei News ақпараттық агенттігінің жексенбі күнгі хабарында, АҚШ пен Жапония бұрын соңды болмаған ауқымды іздестіру және құтқару жұмысына мол қаражат аудара отырып, апатқа ұшыраған F-35 ұшағының қалдықтарын іздестірмек.
Одақтас елдер жауынгерлік ұшағының қалдықтарын Ресей мен Қытайдан бұрын табуға тырысуда. Өткен аптада Жапон теңізі жағалауында F-35 ұшағы радардан жоғалып кеткен болатын. Әуе күштерінің айбыны саналатын бұл ұшақты іздестіруге P-8A патрульдік ұшағы, «Sterling» атты әскери кеме және B-52 бомбалаушы ұшағы қатарлы бірқатар озық әскери техникалар тартылған болатын. Құлаған ұшақтың бөлшектерін іздестіруге Ресей мен Қытай да қыруар күш жігерін жұмсаған болатын. Себебі, F-35 жауынгерлік ұшағының құпиясын Ресей мен Қытай қолға түсіретін болса үш елдің әуе күштерінің теңгерімінде үлкен өзгерістер болуы мүмкін.
АҚШ F-35 жауынгерлік ұшағын дамыту үшін ұзақ жылдар мен миллиардтаған қаржы жұмсаған. Қазіргі кезде бұл ұшақтың кейбір мүмкіндіктері өзге ешбір ұшақтарда жоқ. Айталық, ол өзіне бағытталған зымырандарды қиратуға, жылдам ұшып-қонуға қабілетті. Сондай-ақ, ұшақ Қытай мен Ресейдің зымыран жүйелеріне қарсы күресуге де қабілетті. F-35 ұшағын пайдалану құқығына АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Аустралия, Түркия қатарлы санаулы елдер ғана ие.
Мәліметтерге қарағанда, Қытай қорғаныс күштері кибер-шабуылдар арқылы F-35 ұшағын өндіруге қатысты кейбір сызбаларды қолға түсірген. Егер, F-35 ұшағының бір нұсқасын қолға түсіретін болса бұл осы соғыс ұшағын зерттеу жұмысын недәуір жеңілдетпек. Бұл және Қытай мен АҚШ арасындағы әуе күштерінің қазіргі айырмашылығын қысқартады.
Дереккөз: qazaqtimes.com