Атырау, 28 қараша 08:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Саяси қысымдарға қарамастан Бабанов бүгін Бішкекке оралмақ

2 851 просмотра


Бүгін Бабанов Қырғызстанға оралмақ. Елдегі «Республика» партиясының бұрынғы жетекшісі болған оның елге оралуы түрлі дау-дамайға да мұрындық болуда. Өмірбек Бабановтың келуіне қарсы Бішкекте наразылық шерулер ұйымдастырып жатқандар да бар.

Ал, оның жақындары арт-артынан сұраққа тартылуда. Бір жарым жыл шетелдерде бас сауғалап жүрген Бабановтың осындай саяси қысымдарға қарамастан еліне баруға тәуекел еткені қалай? Немесе, Бабановтың Қырғызстанға қайтуының қандай саяси мәні бар? 

Өмірбек Бабановқа бұдан бұрын «Конституциялық түзімді күшпен өзгертуге тырысқан» және «Ұлтаралық, әлеуметтік және діни араздықты қоздырған» деген айыптар тағылған болатын. Бабанов Бішкекке бет түзегеннен тартып оның мемлекеттік қызметтегі туысқандары сұрақтарға тартылуда. Тергеуге түскеннің бірі Бабановтың туған жиені делінген «Қырғызстан» банкі директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Жәнібек Мырзабаев. 

Оны экономикалық қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен сұраққа алған. Бес сағат бойы тергеуге алынған Мырзабаев өзіне қарсы тергеудің Бабанов Бішкекке қайтатынын мәлімдегеннен кейін басталғанын айтқан. Қырғызстанда Бабановтың елге оралуына қарсы топ та, оны жақтаушы топта түрлі ереуілдер, баспасөз мәжілістерін өткізуде. Оның жақтастары жергілікті билік Бабановтың елге келуіне және жұртпен кездесу өткізуіне кедергі келтірп жатыр деп мәлімдеген. 

Қырғызстанның кейбір саясаткерлері Бабановтың бұл жолы елге оралуы «саяси шоу» деп бағалаған. Бұндай пікірдің бірін саясаткер Турсынбек Акун айтқан. Ол сөзінде: «Бабанов қазіргі билікке қарсы топтар күшейген кезде «міне мен де бармын» дегендей көрініп жатыр. Ол өзінің елге келетінін соншалықты дабыра етуі де содан. Бұл кез оған ең тиімді орай жаратып отыр. Бұған дейін неге келмеген?», – дейді.

Ал, бұрынғы президент Атамбаев басқарып отырған ҚСДП (Қырғызстан Социал-Демократтар Партиясы) Бабановтың елге келуінен қатты алаңдап отыр. Себебі, Бабанов алдынғы сайлауда аталған партияға қарсы ықпалды күштердің бірі болған. 600 мың сайлаушы Бабановты қолдаған болатын. Ақпан айының бас шенінде Атамбаев Бабановтың қамаудағы жақтастарына сот шешімі жарияланбай жатқанын айтып, сот шешімін шығаруға екі ай уақыт беретінін, бұған дейін Бабановтың жақтастарына үкімет кесілмесе елді массалық ереуілге шақыратынын айтқан.

Бірақ, бұған президент Жиенбеков (Жээнбеков) ереуіл жасап, билікке қысым жасаумен мәселенің шешілмейтінін айтқан болатын. Бішкек билігі болса Бабановтың жақтастары жасаған бейбіт шерулерге барынша кедергі келтіруде.  Айта кетейік, бұған дейін қарсылас саналып келген президент Жиенбеков пен Бабанов ортақ тіл табысып, Атамбаев пен Мадумаров одағына қарсы бірікті деген сөздер де тараған. Қалай деген күнде де Қырғызстандағы ең бай адамдардың қатарында тұратын Бабановтың Бішкекке қайтуы қырғыз еліндегі саяси ортаның «температурасын көтерді».

Дереккөз: “The Qazaq Times

13 сәуір 2019, 11:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.