Атырау, 25 қараша 00:19
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Балық аулау көлемі көбейді

Сурет
3 522 просмотра


10 сәуірде «Бекіре» акциясын өткізу жөніндегі облыстық штаб отырысында Жайық өзенінен кәсіптік балық аулау көлемінің өткен жылмен салыстырғанда көбейгені айтылды.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Дәурен БАЙМАҒАМБЕТОВ алғашқы болып үміт беретін тұжырымдар жасады:

- Көктемгі балық аулау маусымы 2019 жылы 12 наурызда, ал 2018 жылы 21 наурызда басталды. Қазіргі кәсіпшіліктің ерте басталуына лимиттердің ерте бөлінуі мен мұздың ыдырауы себеп болды. 2018 жылғы 10 сәуірде балық аулау кооперативтері Жайықтан 2,7 мың тонна лимиттің 17 тоннасын, ал биылғы 10 сәуірде 4,5 мың тонна лимиттің 142 тоннасын, яғни, өткен жылдан 8 есе көп балық аулады.

Жайық-Атырау балық өсіру зауытына өсіру мақсатында бекіре тұқымдас 35 балық тапсырылды. Ал өткен жылдың 10 сәуірінде тек 3 балық қана болған еді.

Дәурен БАЙМАҒАМБЕТОВ

Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ
та өткен жылдың желтоқсанында балықтың қырылғанына қарамастан Жайықта балықтың бар екенін атап өтті. Бастысы – бұл айларда адамдардың ешқайсысы зардап шекпеген, суға немесе балыққа уланған жағдайлар тіркелген жоқ. Бүгінде ІІМ арнайы тобы тергеу жұмыстарын жалғастыруда. Қоғамдық ұйымдардың, еріктілер мен мемлекеттік органдардың белсенді әрекеттерінің арқасында қырылған балықтарды жинау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.



«Жамбыл» ӨК төрағасы Руслан ИСМАҒҰЛОВ шағымын айтты.

- Балық жақсы жүріп тұр, бірақ бізге балық аулау кезінде кедергі жасайды. Жақында тартымға автомат асынған шекарашылар келді. Түнгі сағат 2-ге дейін құжаттарды тексеріп, ауланған балықты өлшемек болды. Балықшылардан шекаралық рұқсат қағазын көрсетуді талап етті. Мен табиғат қорғау прокурорына қоңырау шалуға мәжбүр болдым. Содан кейін шекарашылар біздің ізімізге шам алып түсті... Балық аулау 24 сәуірде аяқталады. Ал біздің мұндай үзілістер жасауға уақытымыз жоқ.

Шекаралық әскери бөлімше командирі Дәулет ӘБСАМАТОВ бұл кооперативтің орналасқан жері шекаралық аймаққа кіретінін айтты:

- Балықшыларға шекаралық рұқсат құжаттары уақытында берілді.  Кеме капитанын тексерген кезде құжаты болмай шықты. Біз оған жұмыстан кейін шекаралық бөлімшеге келуді өтіндік. Біздің әрекетіміз заңды.



«Ракуша» ӨК төрағасы Сырлыбай ҚОЖАМҰРАТ табиғат қорғау прокурорының әрекетіне қынжылыс білдірді:

- Менің адал адам екенімді елдің бәрі біледі. Қазір балықтың жақсы жүріп тұрғанын растаймын. Бірақ балықты экспорттауға тиесілі көлемнен көп жіберді деп, прокуратура маған қатысты қылмыстық іс қозғады. Барлық құжаттарым дұрыс. Мен бұлай жұмыс жасай алмаймын. Егер менің кооперативім жабылса, жүз шақты балықшы жұмыссыз қалады.

Облыс әкімі квота орындамайтын балық аулау кооперативтерінің балық аулау көлемдерін қайта қарау керектігін мәлімдеді.

Құқыққорғау органдарына заң бұзушыларға қарсы әрекет ету алгоритмін жасау керек. Тартымда арнайы адамдар - браконьерлерден балық сатып алып, оны балық аулау кооперативтері арқылы заңдастыратын «экспедиторлар» бар. Көбінесе кооперативтер бір анықтамамен бірнеше рет балық қабылдайды. Тартымдардағы балық қорғау инспекторларының қызметін тексеру керек.

Облыс әкімі балық шаруашылығы институты филиалының директоры Ерболат ҚАДИМОВТАН Ойыл өзеніндегі балықтың қырылуы себебі туралы өз пікірін айтуды өтінді.

- Бұл - балықтың қысқы қырылуы. Өйткені Ойыл өзені балық шаруашылығы айдыны емес. Тасқын сулары құмға сіңіп кетеді. Ғылыми қорытынды жасап, оның негізінде балық қырылмай тұрып, су айдынынан балықты жаппай аулау керек, - деді Қадимов.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

11 сәуір 2019, 20:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.