Жексенбіде, 14 сәуірде жыл сайынғы «Atyrau Marathon – 2019» шарасы кезінде - сағат 7:00-ден 14:00-ге дейін Орталық көпір – Сәтпаев даңғылы - Әбілқайыр хан даңғылынан «Сұлтан Палас» мейманханасына дейін көлік қозғалысы тоқтатылады. Сондай-ақ, қоғамдық көлік аталмыш көшелердегі барлық қиылыстар бойынша жүре алмайды. Бұл туралы Атырау әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ
Марафон өткізуге байланысты қоғамдық көлік қозғалысы да өзгереді. №1, №4, №20, №30, №12 және №14 бағыттағы автобустар бұл уақытта Сәтпаев бойымен емес, параллель көшелермен жүреді.
№14 автобустар теміржол вокзалы - Әлиев көшесі (көпір) – Тайманов көшесі – Жарбосынов көшесі – Құрманғазы көшесі – жол айрығы арқылы – «Авангард» ықшамауданы бағытымен жүреді.
Авангардтың соңғы аялдамасынан Ғұмаров көшесі арқылы шығатын №30 және №4 автобустар «Жилгородок» көпірі арқылы Әуезов көшесіне және әрі қарай теміржол вокзалына немесе Балықшы ықшамауданына жүреді.
№12 маршрут: «Авангард» соңғы аялдамасы – Құрманғазы көшесі – жол айрығы – Жарбосынов көшесі – Тайманов көшесі - Әлиев көшесі (көпір) – Махамбет көшесі – Абай көшесі – «Ақ Жайық» қонақ үйінің алдындағы айналма жол – Азаттық көшесі және әрі қарай маршрут бойынша.
- Атырау қаласының әкімдігі марафонның өткізілуіне байланысты туындайтын уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Сағат 7.00-ден 14.00-ге дейінгі уақытта Атырау Халықаралық әуежайында әуе рейсімен ұшатын жолаушыларға Бейбарыс даңғылының бойындағы көлік жолын пайдаланған жөн, - дейді қала әкімінің орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ.
ТАҢДАУ БОЙЫНША БЕС ҚАШЫҚТЫҚ
Жаппай жүгіруді ұйымдастырушылар қатысушыларға таңдауға болатын 5 қашықтық дайындаған: 42 км, 21 км, 10 км, 3 км және 1,2 км. Жеңімпаздар 76 санат бойынша марапатталады. Жалпы жүлде қоры - 5 млн теңге.
- Ең ұзақ алғашқы үш қашықтыққа қатысу үшін ақшалай жарна салу керек. Түскен қаржының барлығы қайырымдылық мақсатқа – мектептер мен интернаттар үшін спорт жабдықтарын сатып алуға жұмсалады. 3 және 1,2 шақырым қашықтыққа қатысу тегін, - дейді ұйымдастырушылар.
Фархат ӘБІЛОВ