Атырауда 18-рет өткізіліп отырған "Atyrau Oil and Gaz 2019" Солтүстік-Каспий өңірлік көрмесі өз жұмысын бастады. Мұнымен қатар "AtyrauBuild 2019" интерьерлік және құрылыс көрмесі өтуде.
Бұл көрмелер мамандар үшін диалог алаңына айналуға, жаңа байланыс пен серіктестік орнату үшін жағдай жасауға бағытталған.
- Атырау облысында 50-ден астам ел өкілдері жұмыс жасайды. Бұл құрылыс, мұнай мен газ, өңдеуші өнеркәсіп саласындағы 1000-ға жуық кәсіпорын, - деді ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ.
Қазақстандағы Ресей сауда өкілі Александр ЯКОВЛЕВТІҢ айтуынша, біздің елдер арасындағы сауда айналымы 2018 жылы 18 млрд доллар, ал Атырау облысы мен Ресей арасында 100 млн доллар болды.
- Бүгінде Қазақстан нарығында 6 500 ресейлік-қазақстандық біріккен кәсіпорын бар. Бұл осы жерде жұмыс жасайтын бүкіл шетелдік компаниялардың 30 пайыздан астамы, - деп атап өтті Яковлев.
Көрмеге әлемнің 20 елінен, соның ішінде Әзербайжан, Австрия, Англия, Германия, Италия, Қазақстан, Қытай, Малайзия, Түркия және Ресейдің 100-ден астам компаниясы қатысуда.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор