Атырау, 29 қараша 02:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Керімовтың өсуі мен «өшуі» (толықтырылды)

3 159 просмотра

24 қыркүйек күні бұрынғы Атырау қаласының әкімі лауазымында жарты жыл қызмет атқарған Асқар КЕРІМОВ (суретте) ұсталып, уақытша тергеу изоляторына тоғытылды.

Осы жылдың 21 ақпанында сол кездегі облыс әкімі Бергей Рысқалиевтың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болған Керімов қала әкімі орындығына жайғасқан болатын, алайда ол орнын 20 тамыз күні қазіргі қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВКЕ босатып берді. Керімовтің отставкасын Атырау облысының жаңа әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ қала активімен кездесуінде «оған да жұмыс табылады» деп түсіндірген еді.

32 жастағы Керімов қызметінен кеткен соң Атырау облысы шенеуніктерінің бюджет қаржысы мен мемлекет меншігін талан-таражға салған қылмыстық іс фактілері бойынша тергеу жүргізіп жатқан қаржы полициясына бірнеше рет шақырту алғаны белгілі. Соңғы бір айдың ішінде осы іске қатысы бар дегендерді қамауға алудың жиілеп кету оқиғасына байланысты тәжірибенің көрсеткеніндей, бұрынғы мэрді сот үш күн ішінде 2 айға қамауға алуға санкция береді.

Бүгін, 26 қыркүйекте №2 қалалық сот Асқар Керімовты 2 айға қамауға алу үшін санкция берді. Оған ҚР ҚК-нің 307-бабының 4-бөлігі бойынша («Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, яғни, ауыр зардаптарға әкеп соққан не ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қауымдастықтың (қылмыстық ұйымның) мүддесінде жасалған әрекеттер») айып тағылып отыр.

 Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

 

«АЖ» анықтамасы:  Керімов Асқар Абайұлы 1980 жылы Гурьев облысының Мақат кентінде дүниеге келген. Қазақ Гуманитарлық Заң университетін тәмамдаған. Қызмет жолын прокуратура органдарында бастаған, кейін облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және әскери-мобилизациялау жұмыстары бөлімінің жетекші маманы, осы бөлімді басқарушы, облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. 2009 жылдың қыркүйегінен – облыс әкімі аппаратының жетекшісі, 2011 жылдың тамызынан – облыс әкімінің орынбасары, 2012 жылдың ақпан-тамыз айларында – Атырау қаласының әкімі.

26 қыркүйек 2012, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.