2018 жылы үш ірі ТШО, НКОК және КПО мұнайгаз операторлары сатып алған қазақстандық өнім үлесі - 8%. Бұл туралы мұнайгаз саласындағы стратегиялық серіктестікті дамыту кеңесінің сайтында хабарланған.
2018 жылдың қорытындысы бойынша ҚР мұнайгаз өнеркәсібінде 1,55 млрд долларға тауар сатып алынды. Оның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ үлесі - 350 миллион доллар.
«ҚМГ»-нің жалпы сатып алудағы қазақстандық тауарлар үлесі 56 пайызға жетті.
Жетекші мұнайгаз үштігінің (ТШО, НКОК және КПО) өкілдері 700 млн долларға тауарлар сатып алған. Мұндағы жергілікті қамту үлесі - 8%.
Отандық мұнайгаз нарығының басқа қатысушылары жарты миллиард долларға өнімдер сатып алды. Ал бұл жерде қазақстандық өндірістегі тауарлар үлесі 33% деңгейінде. Сатып алудың жалпы көлемінде ТШО, КПО, НКОК үлесі - 65%, ҚМГ үлесі - 14%, нарықтың басқа қатысушыларының үлесі - 21%.
Мұнайгаз компанияларының көпшілігі құбыр өнімдерін сатып алуға 204 млн доллардан астам қаржы жұмсаған. Мұнда Қазақстанда жасалған құбырлар 15,6 млн долларға, ал шетелдік құбырлар 188,8 млн долларға импортталды.
Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді (ТЖҚ) сатып алу – қазақстандық қамту көрсеткіштерінің классификаторы екенін, бізде тауарлар бойынша көрсеткіштердің төмендігін, ал ДСҰ-ға мүше болудың өтпелі кезеңі аяқталғаннан кейін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жасау кезінде қазақстандық қамту талаптары толығымен жойылатынын атап өткен жөн.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА