Биыл наурызда америкалық Boeing корпорациясы өзінің ең танымал Boeing 737 MAX ұшағына бірде-бір тапсырыс алмаған.
Boeing корпорациясы 9 сәуірде таратқан ақпаратқа қарағанда, 2019 жылдың 1-тоқсанында небәрі 10 ұшаққа тапсырыс түскен, ал наурызда бірде-бір тапсырыс болмаған. Корпорация былтыр осы уақытта 112 лайнер жасауға тапсырыс алған.
Ұшаққа сұраныстың күрт азаюына осы лайнердің соңғы кездері апатқа жиі ұшырауы ықпал етуі мүмкін. Boeing 737 MAX ұшағы 2018 жылы қазанда - Индонезияда, 2019 жылы наурызда Эфиопияда апатқа ұшырап, 346 адам қаза тапқан еді. Апатқа ұшақтың автоматтандырылған жүйесіндегі ақау себеп болуы ықтимал деген ақпарат тараған.
Мамандардың болжамынша, автоматтандырылған жүйені жаңартуға және әуе лайнерін жөндеу процесінде ұстағаны үшін өтемақы мен басқа да шығындарға компания 3 миллиард доллар жұмсауы мүмкін.
8 сәуірде Boeing компаниясының акциясы 5 пайыз төмендеген. Ертеңіне, 9 сәуірде тағы да бірнеше пайыз құнсызданған.
Дереккөз: Азаттық радиосы