Атырау, 25 қараша 02:28
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бірде көл, бірде шөл

5 812 просмотра


Көктемді ауыл шаруалары үлкен үміттермен қарсы алады. Алайда шаруа үшін ең маңызды мәселе – су. Мәселен,  Жылыой мен Қызылқоға аудандары Ақтөбеден келетін өр суына тәуелді. Соңғы жылдары су аз, біраз қиындықтар болған. Ал Құрманғазы ауданы, керісінше, су тасқынынан сақтану жолдарын іздеп жатыр.

Жылыой ауданының жер үсті сулары Жем өзені сағасының теңізге жетпей жоғалатын төменгі ағысынан және жазда қарасуларға бөлініп қалатын Жақсы Қарасай, Жаман Қарасай өзендері мен Бартылдақты, Маше, Ақкөл, Бейбіт, Қамыскөл, т.б. тұзды көлдерден тұрады. Бұлардың барлығы Мұғалжар тауынан келетін өр суына қарап отыр. Айта кету керек, ауданда Құрсай каналын тазарту, абаттандыру, шлюздер орнатуға қаржы ТШО-ның демеушілігімен бөлініп, өткен жылы құрылысы басталды.

- Соңғы екі жыл бойы ауданды қуаңшылық қысып тұр, өр суы жеткілікті келмеді, жаңбыр мен қар аз жауып, жалпы ылғал аз түсті. Биыл да осындай жай қайталана ма деген қорқыныш бар,-дейді аудан әкімінің орынбасары Жантөре РАШОВ. - Қамыскөлге былтыр жеткілікті су келмеді. Енді көлді сақтап қалу үшін бірінші кезекте оны толтырамыз. Содан кейін ғана Жем өзенінің бойындағы шабындық пен жайылымдық жерге су шығарылады. Былтыр шабындық жер нашар болып, көрші Қызылқоға ауданынан жер сұрап алдық. Көктемде бір орам шөптің бағасы 9-10 мың теңгеге дейін жетті, бірнеше есеге қымбаттап кетті.

Қызылқоға ауданының табиғи су жүйесін Ойыл өзені мен оның Көздіқара, Құройыл және Жарыпшыққан тармақтары, Ноғайты, Топырақшашты, Бұрмасай және Мұқыр атты салалары мен Сағыз өзені, сондай-ақ Ойыл мен Сағыз өзенінің бойларындағы кішігірім көлдер құрайды.

- Өр суы Ақтөбе облысының Талдыкөл су торабынан келеді. 2006 жылы 250 млн текше метр су келсе, 2018 жылы 75  млн т.м. су келді. Су көлемі азайғанымен, осы шамада келсе, шаруашылыққа жеткілікті болады. Былтыр шабындық пен жайылымдарға су шығаруға мүмкіндік болды,- дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек ТҰРДАҒАЛИЕВ. - Ал биыл дәл осындай мол су келетінін нақты болжай алмай отырмыз. Ақтөбелік әріптестердің айтуынша, биыл қар аз түскен...

Құрманғазы ауданының су жүйесі Қиғаш пен оның салаларынан құралады. Көктемде өр суы келіп, өзен тасығанда арналардан асып, тегістікке жайылады. Бұл жайылым, шөп шабатын жерлер үшін жақсы болғанымен, өзен жағасындағы ауылдарға қауіпті. Жағалауға салынған 217 шақырым бөгет 16 округті қорғап отыр. Алайда бәрі ескірген.

- Бұдан екі жыл бұрын жаңадан 11,9 шақырым бөгет салу, 55,1 шақырым бөгетті қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, «Декор» ЖШС 2018 жылы жұмыстарды бастады. Биыл қазан айында аяқталуы тиіс. Бөлінген 582 млн теңгенің 244-і игерілді,- дейді аудан әкімінің орынбасары Жастілек ХАСАНОВ. Төтенше жағдай болса, қауіпті аймақтан 23 мың адам көшіріліп, оларды уақытша қоныстандыратын 25 орын әзірленген. Сонымен бірге суды бөгеу үшін 48,5 тонна топырақ, 23 950 дана қап дайын. Бұған бюджеттен 5 миллион теңге бөлінген. Жанар-жағармаймен және азық-түлікпен қамту жайы да ойластырылған.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

10 сәуір 2019, 09:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.