Әлеуметтік желілерде Атыраудағы негізгі көкөністер бағасының қымбаттап кеткендігі қызу талқылануда. Үлкен супермаркеттерде қызанақтың келісі 1000-1250 теңге, қияр – 720-800 теңге, ал, кей дүкендерде баға тіпті 1400-ге жетіп қалады.
Ұлттық экономика министрі Руслан ДАЛЕНОВ наурыз айының басында үкімет отырысына бағасы жазылған қызанақ пен қиярдың суреттерін ала келіп, Монополияға қарсы органдар қазақстандық нарықта көкөніс бағасының келісіміне жол бермеуі үшін талдау жүргізетіндігін айтқан болатын. Сондай-ақ, кімде-кім ескерту мен ұйғарымдарға бағынбаса, айыппұл салынатындығын да еске салды. Алайда оның бұл сөзінен қалай болғанда да біздің аймақ қаймыға қоймаған сияқты. Егер еліміздің мұнайлы астанасында өткен аптада қызанақ 800 теңге болса, енді оның бағасы 1000 теңгеге жетті. Әлбетте, маусымдық кезеңде бағалардың өсе түсетіні түсінікті-ақ, бірақ, осыншама қымбат болуы қалай?
Біз қалалық кәсіпкерлік бөліміне хабарласқан едік, онда бізге қазір қызанақтардың Түркіменстан мен Ираннан келісі 800-850 теңге болып келіп жатқандығын хабарлады. Ал, жергілікті өндірушілерден бізде «Жұмағалиев» ЖК айналысады, ол өз өнімін «Дина» және «Сарайшық» базарларында 600-700 теңгеден сатып жатыр. «Динада» қызанақтың көтерме бағасы 800 теңге, бөлшек саудада – 850-900. Базардан супермаркеттерге көкөністер делдалдар арқылы жеткізіледі, ал бұл оның бағасына әсер етуде.
Атырауда және қала маңындағы елді-мекендерде 36 жылыжай жұмыс істеп тұр, оның 2 – жаңа технологиялар енгізілген өндіріс орындары: Кеңөзек поселкесіндегі «Жұмағалиев» ЖК (2 га) және Ардагер ықшам ауданындағы «АгроХолдинг-С» (1 га). Қалған 34 шағын фермерлік жылыжайлар болып есептеледі.
- Қазір ақпанда отырғызылған қиярлар сатылымға шығарылуда, ал, екінші кезең шілде-тамыз айларында отырғызылады, - деп түсіндіреді қалалық ауылшарушылық бөлімінің маманы Надежда МЫРЗАҒАЛИЕВА. – Бұл екі ірі өндірушілерден басқа көкөністерді Атырау селолық округіндегі жылыжай мен «Сабуров» ШҚ өсіріп отыр.
Дегенмен, статистика комитетінің ақпараты бойынша наурызда 2018 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда ауылшаруашылығы құрылымдары сататын өнімдер 4,9% қымбаттаған, өсімдік шаруашылығы - 6,3%, мал шаруашылығы - 1,2%. Оның ішінде қияр 22,6%, қызанақ - 8,8%, асхана қызылшасы - 6,2%, пияз - 2,8%, орамжапырақ - 3,2% өскен.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА