Атырау, 25 қараша 02:45
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қайыр тілеу үшін баланы «жалға» алған

Бейнежазба
3 406 просмотра


8 сәуірде кеште қоқыс жәшігінің жанынан табылған 9 айлық баланың анасын іздеген атыраулық полицейдің үндеуі әлеуметтік желіні шулатқан еді. «АЖ» тілшісі бұл оқиғаның мән-жайын анықтап көрді. 

Алғашқы мәліметтер бойынша түрі славян ұлтына келетін бала Сары-Арқа ықшам ауданында табылған.  Куәгерлердің айтуынша ол қораптың ішінде жатқан: түріне қарасаң дені сап-сау, киімі де дұрыс, қасында сүт құйылған бөтелкесі болған. Бірнеше сағаттан соң баланың ата-анасы табылды.  

- Баланы дәрігерлер тексеріп көрді. Оның дені сау, қазір қауіпсіз жерде,  ата-анасына қайтарылды.  ҚР ҚК 140 бабының 2 бөлімі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы немесе тиісінше орындамауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. ҚП ҚПК 201 бабына сәйкес басқа ақпарат берілмейді, - деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы  Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА.

«АЖ» белгілі болғанындай баланың анасы оны өз туысқанына қалдырған. Бала оянғанда жұмысына әкелуін өтініп, таксиге ақша қалдырып кеткен. Бала ұйқысынан оянған соң,  әйел баламен бірге өзінің қайыр сұрайтын құрбысына барған. Таксидің ақшасына арақ алып, кейін масайған құрбысы баламен қайыр сұраса көбірек садақа береді деген оймен баланы «бере тұруын» өтінген. Ал әйел (туысқан әйелге қатысты іс қозғалды) болса келісімін берген.

Қасында түрі славяндық бала  бар түр-сипаты күтімсіз қазақ әйеліне сол маңайда өтіп бара жатқан адамдар, кейін учаскелік инспектор да назар аударған. Сасып қалған қайыршы әйел куәгерлер мен полицейге балақайды қоқыс жәшігінің маңынан тауып алдым деп өтірік айтқан. Баласын күткен ана бұл хабар жетпестен-ақ оны іздестіріп, полицияға  хабарласып үлгерген.

-Атырау тұрғындарына менің балам үшін уайымдағандарыңызға рахмет айтамын. Ол аман-сау. Мен жанашыр адамдар мен полицейлерге көмектескендері үшін ризамын, - дейді баланың анасы. Ол бұдан бұрын да жұмысқа кеткенде, ұлын туысқанымен бірге тұратын әйеліне қалдырып жүрген. Оның айтуынша, мұндай жағдай бірінші рет орын алып отырған көрінеді. Енді қалдырмастай болған болар.

Фархат ӘБІЛОВ

Бейнежазба әлеуметтік желіден алынды

9 сәуір 2019, 21:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.