Бүгінгі таңда Атырау облысының аумағында су деңгейі тұрақты. Бұл туралы Атырау облысы бойынша ТЖ департаменті басшысының орынбасары Асхат ЕРЖАНОВ хабарлады. Оның айтуынша, көктемгі су тасқынына барлық тиісті қызмет органдары дайын.
- Атырау облысының елді-мекендерінде су тасқынының негізгі қаупі Орынбор облысындағы Ириклинск және Волгоград су қоймаларынан судың көп келуіне, сондай-ақ, 2015-2016 жылдың көктеміндегі нөсер-жауын секілді ауа-райының салдарына байланысты болады, - дейді Ержанов. – Сол кезде Атырауда дренаж жүйесінің және нөсер-кәріз жүйесінің болмауынан бірқатар үйлерді су басты. Ал, су тасқынының жоғары деңгейі 1993-1994 жылдары тіркелген болатын.
Ержановтың айтуынша, РФ шекара маңындағы облыстармен ақпарат алмасу жолға қойылған. Көрші елдің билігі Жайықты бірлесіп пайдалану жөніндегі Қазақстанмен арадағы келісімді ұстануды көздеп отыр.
Еділдегі су көлеміне Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің деңгейі, ал, Ириклинск су қоймасының көлеміне Жайық өзенінің деңгейі байланысты. Ресейлік әріптестерімізбен жиі хабарласып отырамыз және Волгоград, Ириклинск су қоймаларының гидрологиялық мәліметтерін Астрахан, Волгоград және Орынбор облыстары бойынша РФ ТЖМ басқармаларынан алып отыру ұйымдастырылды.
- Су тасқыны болған кезде не істеу керектігі жергілікті әкімдерге де түсіндірілді ме?
- Іс-шара барысы толық жасақталды. Облыс әкімі орынбасарының төрағалық етуімен ТЖ облыстық комиссиясының отырысы өткізілді. Онда барлық әкімдерге, мемлекеттік мекеме басшыларына, жол-көлік ұйымдарының басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Наурыз айының басында Құрманғазы ауданындағы Шортанбай және Дыңғызыл селолық округтерінің қауіпті деген учаскелеріне барып, тексеру жүргізілді. Біздің департаменттің қызметкерлері қалалық әкімдік қызметкерлерімен бірлесе отырып Атыраудың дренаж жүйесіне тексеру жүргізді. Нәтижесінде су ағатын жүйелерді қосымша тазарту жөнінде ұсыныстар берілді.
- Біздің облысымыздың аумағында су қоймасы жоқ, бірақ, гидротехникалық ғимарат – Қызылқоға ауданындағы Ойыл өзенінде Ералиев су торабы бар. Оның күйі қалай?
- Ералиев су торабы жергілікті атқаруші органның балансында. Өткен жылдың желтоқсан айында оның техникалық жағдайына тексеру жүргізіліп, «қанағаттанарлық» деп танылған еді.
- Біз су тасқынына дайынбыз ба?
- Су тасқыны қаупін болдырмау үшін жанар-жағармай қоры, шатырлар және басқа да қажетті заттар дайындалды, тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша 44 келісім шартқа қол қойылды. Азаматтық қорғаныс құралдары мен күштері және ІІМ органдарынан жалпы саны 1505 адам, 382 бірлік инженерлік және құтқару техникасы, 103 бірлік жүзу құралдары, 132 мотопомпа және 2 тікұшақ дайын.
Табиғи ресурстар және табиғат қолдануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан АРЫСТАННЫҢ пікірі:
- Соңғы жылдары Жайық өзенінің деңгейі төмен. Биылғы жылы да су көп келе қоймайды деген болжам бар.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор
«АЖ» анықтамасы
Бүгінгі күні Ириклинск су қоймасындағы су көлемі текше метр бойынша 2 млрд. 549 млн. құрайды (жалпы көлемі 3 млрд. 260 млн. текше метр, бос тұрған көлемі 711 млн. текше метр), Волгоград су қоймасы - 28 млрд. текше метр (жалпы көлемі 31 млрд. 400 млн. текше метр, бос аумағы 3 млрд 400 млн. текше метр).