11 мамырда Атырау қаласына төрт айлық жауын-шашын мөлшері тек бір тәуліктің ішінде жауды. Ауа-райын болжаушылар жауын-шашын әлі де жалғасады деп болжап отыр.
Бүгін, 12 мамырда таңертең редакцияға Бірінші учаскеде, Киткрайда, Атырау ықшамауданында электр қуатының жоқтығына қатысты шағымдар түсті. Қала көшелерінде бағдаршамдардың ажыратылуы салдарынан кептелістер орын алды. Көшелердің көпшілігі сарқыраған өзенге айналды, жаяу жүргіншілер суды тізеден кешіп жүрді.
Сағат 10-да ТЖ департаменті жеке сектордағы үйдің суға кеткендігі туралы хабарлап, «нақты саны анықталуда» деп ескертті. Іс жүзінде Атырауда бүкіл көше суға кеткен. Біз сол жерге барып өз көзімізбен көріп қайттық.
Тайманов өткелі, 20 үй мекен-жайының 80 жастағы тұрғыны «АЖ»-ға түн ортасынан бері көшеде жүргенін айтты. Өйткені үйіне жаңбыр суы жайылып кеткен. Үй ішіндегілер қалалық әкімдік пен ТЖД-ға қоңырау соғып ала алмаған. Қарсыдағы үй тұрғыны Игілік КӨШӘЛИЕВ (суретте) те осындай жағдайды бастан кешіріп отыр. Ол вакуум шақырту үшін коммуналдық қызметтерге қоңырау соғып, хабарласа алмаған.
Жақын маңдағы үйлердің барлығында дерлік осындай жағдай. СҮЙІНҒАРИЕВТАР (суретте) отбасы тұратын Тихий өткелі, 28-үй жүзу бассейні секілді. Коммуналдық қызметкерлер квартал суға кеткендіктен электр мен газды ажыратып тастаған.
Ал ТЖД-нің таңертеңгілік баспасөз хабарламасында қаладағы су айдайтын вакуумдардың жұмысы туралы хабарлады: «Атырау Су Арнасы» КМК - 5 техника, «Арнаулы автобаза» КМК - 15 және облыстық өрт сөндіру қызметі 13 өрт сөндіру машинасын бөлген.
Сондай-ақ, ТЖД ақпаратында суға кеткен үйлерден 32 адамнан тұратын 15 отбасының қауіпсіз жерге көшірілгені, олардың жақын маңдағы мектептерге орналастырылғаны туралы хабарланған.
Өкінішке орай, опырылып құлаған үйлер де болды. Ұлы Михаилмен бірге 71 жастағы Раиса Игнатьевна Логинова (суретте) тұратын Зеленский көшесіндегі 19 үй опырылып қалды.
Михаил былай дейді:
– Мен туберкулезден 3-топтағы мүгедекпін. Үйіміз ескі, 1946 жылы салынған. Бірнеше жыл бұрын мен жаңа үй салғым келіп, қиыршық тастар сатып алған едім. Бірақ ауырып қалдым... Мамырдың алғашқы жауын-шашыны кезінде үй шөге бастады. Біз сезгендей көршілерімізбен тіреу орнатып қойдық. Өткен түні үйдің бір қабырғасы толықтай опырылып түсті. Анамыз екеуміздің үйдің осы бөлігінде болмағанымыз жақсы болды. Соның алдында ғана біз заттарымызды залға тасып алған едік.
Үйдің басқа қабырғалары да ерте ме, кеш пе, шыдамайды. Бұл құрылыс сараптамасынсыз-ақ айдан анық. Логиновтар отбасына қауіп төніп тұр.
Ал, «Қазгидромет» РМК филиалы қызметкерлерінің мәліметтері бойынша, таяу тәуліктерде Атырау қаласында әлі де жаңбыр жауады деп болжанып отыр.
– Облыс оның аумағына солтүстік-батыстан келген антициклон жотасында тұр. Ауа-райы тұрақсыз жауын-шашынды, найзағайлы және жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді деп болжанып отыр, - деп хабарлады метеоболжам бөлімінің бастығы Күлайна МЫРЗАШЕВА.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор