Атырау, 25 қараша 05:49
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тоғайды тоздырмай, даланы көркейтейік

3 095 просмотра


Индер мен Махамбет аудандарының орман-тоғай ресурстары лайықты күтім болмаса, кешікпей құрып кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде бұл аудандарда тоғайдың 30%-ы қурап кеткен. Бұл туралы «АЖ» тілшісіне ҚР АШМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми өкілі Сәкен ДІЛДАХМЕТ хабарлады.

- Бүгінде Атырау облысында жалпы алаңы 52 446 гектар болатын 3 тоғай бар. 2006 жылдан бері Жайық өзеніне қар суының келуі азайып барады. Сондықтан тоғайлар да қурап жатыр, өйткені олар өзен бойында орналасқан, - дейді Ділдахмет. – ҚазірМахамбет пен Индер аудандарында тоғай ресурстарының 30 пайызы қурап қалған. Егер қар суының көлемі көбеймесе, одан да көп ресурсты жоғалтатынымызды сараптама жұмыстары көрсетіп отыр.

Ал кейбір мамандар бұл қар суына байланысты емес, Ресей Федерациясы қазақстандық аумаққа Жайық суын дұрыс өткізбегендіктен деп есептейді. Бұл пікірмен Жайық-Каспий бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы Ғалидолла ӘЗИДУЛЛИН келіспейді:

- Бұл қате пікір. Ресеймен Жайықты бірлесіп пайдалану туралы алғашқы келісімшарт 1992 жылы жасалды, ал 2010 жылы ол жаңартылды. Келісімнің барлық тармақтары сақталады. Мысалы, 2016 жылы біз 9 млрд 280 млн, ал 2017 жылы 10 млрд 700 млн текше су алдық.

- Келісімшарт бойынша Ириклинск су қоймасы қанша су көлемін жібереді?

- Қазақстан мен Ресей арасындағы хаттама шешімі бойынша секундына 15 текше жіберуге тиіс болды, бірақ кейінірек біз жазда секундына 45 текше болсын деп келістік. Қазір қысқы режим – 20 текше метр су келіп жатыр. Жазда біз осы су қоймасына тәуелдіміз, ал көктемде Жайықтағы судың 70 пайызы – қар сулары екенін атап өткен жөн. 

Фархат ӘБІЛОВ 

4 қаңтар 2019, 15:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.