
Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған мыс балқыту зауытының қызметкері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Әбдірашит Доспановқа үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Өмірінің қырық жылдан астам уақытын металлургия саласына арнаған еңбек ардагері салтанатты шараға түнгі ауысымнан кейін бірден келген.
Пәтер кілтін Әбдірашит Доспановқа «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның бас операциялық директоры, Kazakhmys Smelting компаниясының бас директоры Жәнібек Байғабелов табыстады.
Компания мәліметінше, баспананың берілуі металлургтің көпжылдық адал еңбегіне, кәсіби шеберлігіне және отандық өнеркәсіптің дамуына қосқан үлесіне көрсетілген құрмет белгісі болды. Оның еңбегін компания акционері Нұрлан Артықбаев пен «Қазақмыс» корпорациясы басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлі де жоғары бағалады.

40 жылдан астам уақытын бір зауытқа арнаған
Әбдірашит Доспанов 1985 жылдан бері Жезқазған мыс балқыту зауытында жұмыс істейді. Металлургтің жалпы еңбек өтілі шамамен 42 жылды құрайды.
Осы уақыт ішінде ол өндірісте мол тәжірибе жинақтап, жас мамандарға тәлімгерлік жасап келеді.
Әбдірашит Қойшыбекұлы еліміздің ең жоғары мемлекеттік марапаттарының бірі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған. Оған «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісі мен «Отан» ордені табысталған. Сонымен қатар ол үш дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері.
Металлургтің отбасында да еңбек дәстүрі қалыптасқан. Доспановтар әулетінің бірнеше буынының жиынтық еңбек өтілі 400 жылға жуықтайды. Оның інілері де Жезқазған мыс балқыту зауытында еңбек етеді.

Пәтер кілтін алуға түнгі ауысымнан кейін келген
Салтанатты шараның ерекше тұсы — Әбдірашит Доспановтың әріптестерімен бірге тікелей түнгі ауысымнан келуі.
Сол түні зауыт жұмысшылары тазартылмаған мыс өндіру жоспарын толық орындаған.
«Қазақмыс» өкілдері мұны металлургтің өз мамандығына адалдығы мен еңбек ұжымының алдындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі деп бағалады.
Компанияда ондаған жыл бойы өндірісте еңбек етіп, кәсіби тәжірибесін жас ұрпаққа үйретіп жүрген қызметкерлерді қолдауға және олардың еңбегін бағалауға ерекше мән берілетіні атап өтілді.

В Атырау +0.1