
Астанада Шығыс Қазақстан облысының 31 жастағы тұрғыны жоқ смартфондарды — iPhone телефондарын сатқані үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ер адам сатып алушылардан алдын ала төлем алып, кейін олардың телефон нөмірлерін бұғаттап, ізін суытқан.
Қадағалау органының мәліметінше, ер адам интернеттегі жарнама алаңдарында Apple iPhone смартфондарын сату туралы хабарландырулар орналастырған. Алайда ол бастапқыда-ақ сатып алушыларға телефондарды жіберуді жоспарламаған.
Тауарға қызығушылық танытқан азаматтар алдын ала төлем аударғаннан кейін сатушы олармен байланысын тоқтатып, телефон нөмірлерін бұғаттаған. Ал түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Алаяқтық схеманың құрбаны болған төрт адамның арасында кәмелетке толмаған бала да бар. Жалпы келтірілген шығын көлемі 1 миллион 50 мың теңгені құрады.
Сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдеді. Сот ер адамды кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бұдан бөлек, сот жәбірленушілердің материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талаптарын толық қанағаттандырды. Осылайша, сотталған азамат жәбірленушілерге ұрланған ақшаны қайтаруға міндетті.
Астана прокуратурасы қазақстандықтарды интернет арқылы тауар сатып алу кезінде, әсіресе сатушы толық немесе ішінара алдын ала төлем талап еткен жағдайда, сақ болуға шақырды.
«Тауарды алмай тұрып, бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз», – деп ескертті қадағалау органы.
В Атырау +1.8