Түркияда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының саяси додасы өз мәресіне жетті. Оған елдегі 57 миллионнан астам тұрғын 194 715 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Сайлауға 12 саяси партия, сондай-ақ тәуелсіз үміткерлері қатысты. Бұл туралы Анкарадағы тілшіміз Меруерт Қанағат мемлекеттік «Анадолы» агенттігіне сілтеме беріп хабарлайды. Соңғы ақпарға сәйкес, Анкара, Измир, Адана мен Анталия секілді ірі қалаларында Ататүрік құрған Республикашыл халық партиясының үміткерлері жеңіске жетті. Ал елдің ең ірі мегаполисі әрі стратегиялық орталықтарының бірі Ыстамбұлда санақ жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Қазірше шаһардың 98,8 процент сайлау жәшіктерінің қорытындылары жарияланды. Жалпы, бейресми қорытынды бойынша, әділет және даму партиясы 40 провинцияны қоржынына салса, Республикашыл халық партиясы – 20, ұлтшылдар қозғалысы партиясы – 12, жергіліктің күрттердің Халықтардың демократиялық партиясы 7 муниципалитетте жеңіске жетті. Айта кеткен жөн, бұл жолғы жергілікті сайлауда алғаш рет Түркия коммунистік партиясының үміткері жеңіске жетті. Енді ол 5 жыл бойынша провинция басқаратын болды. Сондай-ақ 25 жыл араға салып ел астанасы Анкара оппозициялық партияның басқаруына өтті.
Дереккөз: 24.kz