Тұрғын үй-коммуналдық саладағы реформаны қарастыратын заң әзірге бекітілген жоқ. Қазіргі пәтер иелері кооперативтері қалай өмір сүріп жатыр? Бұл туралы Атырау қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Қайрат ХАБИЕВТАН (суретте) сұраған едік.
- Қалада 73 ПИК қызмет көрсететін көппәтерлі 930 үй бар. 200-ге жуық үйге ешкім қызмет көрсетпейді, олардың жағдайы жылдан жылға нашарлауда. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, тұрғындар өз кондоминиум объектісін құруға немесе басқа ПИК құрамына кіруге немесе өз үйлеріне өздері қызмет көрсетуге тиіс.
Қалай болғанда да, олар үйді ұстау шығынын көтеруге міндетті. Заңда подъезд, шатыр, лифт және үйішілік инженерлік желілерді қамтитын ортақ мүлік ұғымы айтылған.
ПИК қызмет көрсетпейтін тұрғын үйдің жағдайын Баймұханов көшесіндегі №39 «а» үйден байқауға болады. Оның жертөлелері лас суға толы, үй ішіндегі кәріз жүйесі бұзылған.
Біз осы үйдің тұрғындарымен бірнеше рет кездестік. Олардың басым бөлігі ПИК құру керектігімен келіседі. Ол үшін тұрғындардың кемінде үштен екі бөлігі қол қойған өтініш қажет.
Бұл үйде басқа да проблемалар бар: подъездерде күтім жасалмаған, электр сымдары шіріп жатыр, электр қалқандары ашық-шашық. Тұрғындар ахуалды жақсы түсініп отыр, жақын арада ол жерде ПИК құрылады деп ойлаймын.
- Олар ПИК құрса, ал парламент депутаттары тұрғын үй қорын пайдаланудың басқа формаларын қарастыратын заң қабылдаса не болады?
- Қорқынышты ештеңе болмайды. Қалай болғанда да, ПИК өзін ақтады. Баламасы - мүлік иелері бірлестігі біртіндеп ПИК-ті ығыстырып шығады. Жалпы, жүйе бұрынғыша жұмыс істей береді.
Кондоминиум объектісін құру үшін үйдің техникалық төлқұжаты, жер теліміне мемлекеттік акт, басқа да құжаттар қажет. Мысал үшін, сол 39-шы үйдің ешқандай құжаттары жоқ. Заң бойынша осы үйдің техникалық төлқұжатын рәсімдей аламыз. Алайда биылға осы мақсаттарға бөлінген қаражат жұмсалды, біз оны келесі жылдың тізімдеріне енгіземіз. Ал осы жылдың аяғына дейін 70 үйдің техникалық төлқұжатын рәсімдейміз.
- ПИК техникалық төлқұжатсыз жұмыс істей алады ма?
- Мүмкін біраз уақыт шығар. Ең бастысы, жиналыс өткізіп, тұрғындардың үштен екі бөлігінің келісімін алу.
- Атыраудың көптеген тұрғындары үйлерін терможаңғырту бағдарламасына енгізуді сұрайды. Оларға қалай көмектесуге болады?
- Кондоминиум объектісін тіркемей терможаңғырту жүргізілмейді. Бұл жерде де тұрғындардың үштен екі бөлігінің келісімі қажет. Бүгінде Атырауда көппәтерлі 114 үй, оның ішінде өткен жылы 19 үй терможаңғыртудан өтті. Жыл соңына дейін 24 үйге жасалады. Терможаңғырту бағдарламасы 2020 жылға жоспарланған, бірақ барлық жерде 2025 жылға дейін мерзімін ұзарту туралы өтініштер жасалып жатыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор