Атырау, 24 қараша 11:38
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Есболды ескерер кім бар?

4 055 просмотра

Индер ауданы Есбол селосының тағдыры тасада қалғандай. Жұртшылық биылғы әкімнің есеп беру сайлауында жауыр болған мәселелерді тағы да алға тартқан болатын.

Округтен алынған есеп бойынша мұнда күні бүгінде 5018 халық тұрып жатыр. Неше жылдан бері жөндеу көрмеген селоның жолдары адам көргісіз жағдайға жеткен. Тіпті селоға кіре беріс 3,5 км. жол істен шыққан. Сол себептен лайсаң күндері ғана амалсыздан пайдалануға жататын бұл жол былайғы кезде кәдеге де жарамайтын көрінеді. Ал селоішілік жолдар туралы айтып та қажеті жоқтай. Бар 26 км. жолдың 4,4 км ғана асфальттанған. Оған да бірнеше жыл өткендіктен жүруге жарамайды.

‑ Жыл сайын жол жайын айтып келеміз. Жамбасына мұнайды басып жатқан облыс болып есептелгенімен осы Есбол проблемалары ескерусіз қалған сияқты. Және әкімдік үміттендіріп жыл сайын уәде береді. Онысы неге орындалмай жатқанын. Кезінде бұл село аудан орталығы болып есептелген. Халқының көптігі жағынан ауданнан кейінгі екінші орында. Ал балабақша жайы да оңып тұрған жоқ,-дейді есболдықтар.

Шынымен селода балабақша жайы өте өткір мәселе. Мұндағы 25 балалық балабақша контактылы балдырғандарға арналған. Өткен жылы екі млн. теңгеге жылуы күрделі жөндеуден өткізілгенімен балабақша әбден есікірген. Жергілікті әкімдік балабақшаны қалыпқа келтіруге кем дегенде 5 млн. теңге қажеттігін алға тартады. Аудандық мәслихаттың депутаты Асхат ТІЛЕКҚАБЫЛ да балабақша жайын алға тартумен келеді. Күні бүгінгі есеп бойынша 130 ата‑ананың арызын шаң басып жатыр. «Балапан» бағдарламасына орай жекеменшік үйлерден балабақша ашу да іске аспауда.

‑ Тұрғындардың талап‑тілегі ескерусіз қалғанын біз де қаламаймыз. Бірақ жол жайын қалыпқа келтіру жоғарыға қойылумен келеді. Селоға кіреберіс және селоішілік жолдар бірнеше жылдан жөндеу көрмеген. Тіпті асфальты жоқ жай жолдар қашан қалыпқа келетіні белгісіз. Биыл кіреберіс жолдар жөндеуге кіреді деп жатыр ғой, содан үміттіміз. Ал балабақшаға келетін болсақ, жаңа гимназия мектебі салынса оның ескісін өңдеп алуға болады,‑дейді Есбол селосы округінің әкімі Өтеғұл ЖАЛҒАСБАЕВ.

‑ Сонда гимназия қашан салынады?

‑ Биылдан қалған болар, келесі жылдан үміт күтеміз. Ал басқалай мүмкіндік жоқ ауылда. «Балапан» бағдарламасына орай жекеменшік үйлерден балабақша ашу жайын халыққа айтқанбыз. Бұған ынта білдірушілер табылмай тұр.

Сонымен Есбол селосы тұрғындарын мазалған бұл күрмеуі келмеген мәселелердің қашан орындалатыны белгісіз жағдайда қалып отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

10 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.