Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының азаматтық орталығында Жайықтағы балықтың жаппай қырылу себебін анықтайтын ведомствоаралық комиссия мүшелері жергілікті қоғамдық белсенділермен кездесу өткізді. Атыраулықтар осынау экологиялық апатқа кім кінәлі деген сұрақты тағы да қойып, тағы да жауап ала алмады. Бірақ шенеуніктердің бірі өкініш білдіргендей болды.
Бастапқыда бекіре тұқымдастарды қоса алғанда 118 тонна 633 келі балық қорына тигізілген жалпы зиян сомасы (бүгінде) 439 млн теңге екені айтылды.
- Кінәлілер табылғаннан кейін осы зиянды өтеулері тиіс, - деп «жұбатты» аумақтық жануарлар дүниесі инспекциясының өкілі.
Эколог Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ Жайықта кәсіпшілікпен балық аулауға кем дегенде үш жылға мораторий енгізу керек деді:
- Бұрын осылай жасалды. Қаракөз бен көксерке қорының азаюына байланысты ұсақ көзді ау құралымен балық аулауға уақытша тыйым салынған еді.
«Глобус» ҮЕҰ төрағасы Галина ЧЕРНОВА «өткен жылдың желтоқсанында өзенде балық жаппай қырылған кезде жергілікті билік неліктен экологиялық төтенше жағдай жарияламады?» деп, айыптауға көбірек ұқсайтын сұрақ қойды.
Оған Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан БИСЕМБИЕВ жауап берді:
- Бастапқыда тек аз мөлшерде ұсақ балықтардың қырылғаны байқалды. Сондықтан төтенше жағдай жариялаудың қажеті жоқ деп есептелді. Оның үстіне, бұл саяси шешім. Бәлкім, ол кезде бұл жағдайдың ауқымын дұрыс бағалай алмаған шығармыз. Тарихи тұрғыда, бұл біздің мойнымызда...
Қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің бірі балықтың қырылу фактісі бойынша қылмыстық істі 4 айдан бері тергеп жатқан полиция жұмысын «пайдасыз іс» деп атады. Залда қатысып отырғандардың бәрі де мұнымен келіскен сыңайлы.
«Қазақ балық шаруашылығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Қалыбай ӨТЕПОВ қатысушылардан қазіргі Жайық суының көгілдір реңіне назар аударуды өтініп, өз болжамын алға тартты. Жайық арнасының түбінен Астрахан-Маңғышлақ магистралды су құбыры желісі мен мұнай құбыры тартылған. Бәлкім, осы құбырлардың науаларынан өзенге жерасты кәріз сулары ағып жатқан болар деп топшылайды Өтепов.
- Егер ІІМ балықтың қырылуына кінәлілерді атай алмаса, онда тергеу ісіне шұғыл арада ҰҚК-ны тарту керек, - деп мәлімдеді кездесу соңында азаматтық белсенді Қасым Қожантаев.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор