ХОККЕЙ
25 наурызда «Бейбарыс» хоккей командасы Мұз сарайында петропавлдық «Құлагермен» плей-оф жартылай финал кезеңінің бесінші кездесуін өткізіп, 4:1 есебімен ұтып, финалға шықты.
Бұдан бұрын бұл командалар 5:3, 1:3, 3:0 және 3:1 есебімен ойнаған болатын. Естеріңізге салсақ, хоккейден ҚР чемпионатында плей-оф кезеңі командалардың бірі 4 жеңіске жеткенше жалғаса береді.
ДЗЮДО
Афиныда жастар арасында Еуропа Кубогы өтті. Атыраулық спортшы Амангелді Ермек 66 келіге дейінгі салмақта күміс алқа иеленді.
Ол Грекия, Ливан, Түркия, Чехия және Ресей өкілдерінен басым түсіп, финалдық жекпе-жекте белоруссиялық бәсекелесіне есе жіберіп алды.
* * * * *
Польшаның Марки қаласында дзюдодан 2010 жылғы қыздар арасында Same judo Cuр халықаралық турнирі өтті. Қазақстан құрамасында исатайлық Інжу Жұмажан жақсы қырынан танылды.
28 келіге дейінгі салмақта боз кілемге шыққан ол бастапқыда германиялық бәсекелесінен ұтылып, жұбаныш раундында Франция, Польша және Румыния өкілдерінен үстем түсті. Ал қола үшін айқаста польшалық спортшыны жеңіп шықты. Кішкентай спортшыны Тұрар Ризуанов жаттықтырады.
КАРАТЭ
Стамбулда шотокан каратэ-додан халықаралық «Босфор кубогы» турнирі өтті. Атыраудан «Жолбарыс» спорт клубының шәкірттері қатысып (бапкері Е.Қойшекенов), қоржындарына алтын алқа мен екі қола алқа салды.
Абат Әмірханов ересектер арасында, ал Бейзат Саинов кадеттер арасында қола жүлдегерлер атанды. Ал Венера Тұрғанова Атырау жеріне алтын алқа мен «Босфор кубогын» әкелді.
ТАЭКВОНДО
Ростов-на-Дону қаласында Бүкілресейлік «Don Cup» ашық турнирі өтіп, оған Ресейдің, Арменияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Әзірбайжанның және Қазақстанның мықты спортшылары қатысты.
Атыраулық спортшылар Жәлелғали Әлихан, Нұрай Бауыржанова мен Диана Әбсенова бұл жерде қола алқа алып қайтты.
ЕРКІН КҮРЕС
Талдықорғанда жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. Атырау құрамасы аға бапкер А.Лекеровтің жетекшілігімен 2 алтын және 1 қола алқа жеңіп алды.
Нұрдәулет Базарбаев пен Бекзат Аманғали еліміздің чемпиондары, ал Талап Жолдасов қола алқа иегері атанды.
БОКС
Қызылордада әйелдер арасында өткен бокс турнирінде Атырау командасы 3 алтын, 4 күміс және 2 қола – барлығы 9 алқа жеңіп алды.
Дана Таңатарова, Арайлым Есенғалиева және Ақнар Ищанова алтын алқа; Альфия Мұхиденова, Жасмин Тілепқалиева, Динара Сүйіндікова және Мөлдір Қоныс күміс алқа; Нұрай Жұмабаева мен Жазира Эсергесинова қола алқа алды. Қыздарды бапкер Әлібек Көшенов дайындады.
ЖҮЗУ
Ақтауда 2003 жылғы және одан төмен жастағы балалар арасында турнир өтті. Онда Атырау спортшылары командалық жарыста жүзу көпсайысынан Кубок жеңіп алды.
Өз жас санаттары бойынша Иван Шапошников, Алтынай Мұқышева, Виолетта Шильман, Дамир Алтайұлы, Диар Ғизатов, Зарина Испусинова және Абай Нұржанов жеңімпаз болды. Команданы Иван Галкин жаттықтырады.
МУАЙ-ТАЙ
Қызылордада жасөспірімдер арасында ҚР Кубогы өтті. «Қайсар» спорт клубының 22 спортшысы Атырау облысының намысын қорғады.
Алан Юсупов пен Әзиза Құрманғалиева алтын алқа, Вадим Демидов, Аян Сабиров, Дархан Кисолин мен Зейнолла Әлихан күміс алқа; Аяулым Бекболат, Рысқали Нұрасыл, Саламат Қожантаев пен Нұртарлан Жәнібеков қола алқа иеленді.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ