Жылыой ауданында жергілікті тұрғындар негізінен Теңіз кешенінде жұмыс істейді, мұнда 300-дің үстінде ТШО-ның қосалқы мердігер мекемелері бар. Алайда жұмысқа тұрғандар жұмыс көлемінің немесе шарт мерзімдерінің аяқталуына байланысты жиі қысқартуға ұшырап, жұмыссыздар санын көбейтіп жатыр. Ресми ақпарат бойынша, ауданда 3800 жұмыссыз бар, алайда бұл нақты сан емес. Тұрғындар, сондай-ақ, Теңіздегі компаниялар жұмысшыларды басқа өңірлерден алуға басымдық беретіндігіне де наразы.
- ТШО-ның жиырмаға жуық қосалқы мекемелерінен келген ақпараттарға қарасақ, шынымен жұмысшылардың көбі еліміздің басқа өңірлерінен келетіні анықталды. Біз жұмысберушілерге жұмысшы жинағанда жергілікті тұрғындарға басымдық беру қажеттігі жөнінде хат жаздық,- дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қайрат УМАРОВ.
Мердігерлер, әдетте, жұмысқа қабылдау үшін қатаң талаптар қояды - оқу бітіріп келген жастардан бес жылға дейінгі еңбек өтілін талап етеді немесе жұмысқа 21 жастан кейін қабылдайды. Сондықтан жыл сайын бос орындар жәрмеңкесі өткенімен, Теңізге жастарды жұмысқа орналастыру қиынға түседі екен.
- Жуырда аудан әкімшілігі, басқа да ұйымдар бар, Теңіз кенішіндегі 50-ге жуық мекеменің қатысуымен осы жай талқыланды. Бірақ бір мәмілеге келе алмадық,- дейді Умаров. -Кәсіпорындар өкілдері біздің жұмысшылар тарапынан да кейде ішімдік ішу, түрлі ұсақ бұзақылықтар орын алатыны жөнінде айтты. Дегенмен жұмыссыздықты жою мақсатында тек Теңіз кенішіндегі емес, осындағы басқа да мекемелерге тапсырма берілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА