Атырау, 25 қараша 02:17
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шатырдағы махаббат хикаялары

Сурет
4 762 просмотра
Солтүстік кавказдық кептерлер: талғампаз, әлсіз, бірақ ең әдемісі де осылар

Көшеде келе жатсаң, бәрі аяғының астына қарап жүреді, ал кептершіні бірден байқауға болады – ол көкке қарайды. «Мен мынадай жастан (жерден сәл биіктеу жерді көрсетеді) бері кептер өсіре бастадым: тамақтандырып, көшеде жараланып қалған құстарды үйге әкеліп, күтім жасайтынмын. Бұл да бір дерт сияқты, бір бастасаң, өмір бойына кетеді», - дейді атыраулық тәжірибелі кептерші Төрехан аға.

Сол кездегі оқушының ата-анасы ұлының жаңа ермегіне мүлдем қарсы болыпты. Енді ше! Кеңес дәуірінде ол денсаулыққа және тіпті өміріне қауіпті болуы мүмкін еді. Кейбір бұзақылар, неге екені белгісіз, ермек ретінде көгершін өсірумен мықтап айналысатын. Құстарды түнгі уақытта ұрлап, кейде қожайындарынан тартып алатын. Біздің редакциямыздың жүргізушісі Бауыржан бала кезінде қылмыскерлердің бір кептер өсіруші қарияға шолақ мылтық кезеп, құстарын қалай тартып алғанын көргенін әңгімелеп берді. Қария көз жасын төгіп, қимастықпен көгершіндерін беріпті, тіпті, кейін ауырып қалған екен. Төрехан аға да осындай келеңсіздіктен құтыла алмаған. Рас, кейін өзінше әділдік орнатыпты.

- Таңертең оянсам, кептерлерім жоқ. Қатты қапаландым, бірақ амал жоқ. Бірнеше күн өз бандамды жинап, түнде басқа кептершіге ұрыға түсетінбіз немесе кептерімді кімнің ұрлағанын білсем, өзімдікін қайтарып алатынмын. Міне, сондай өмір болды. Қазір де ұрлық болып тұрады.

Төрехан аға төрт жыл бұрын түнде кептерханаға ұрылар түскенін әңгімеледі: қаскөйлер банан салынған қорапқа көгершіннің ең жақсы отыз шақтысын салып үлгеріпті. Сол түні көршісінің ұйықтамағаны жақсы болған. Ол кісі темекі шегуге шыққан кезде, бұзақылардың ойы іске аспай қалған.

ЖҮРЕГІМ ТАС ЕМЕС

Төреханның кептерханасында жүзден астам кептер бар. Бакулық қара табан кептерлер: мәрмәр, үш реңді мәрмәр, қос тұлымды, сары құйрықты, қызылқұйрықты, қара құйрықты, көк түсті кептерлер бар. Бірақ кептершінің мақтанышы – солтүстік кавказ кептерлері. Қардай аппақ, көздері жалтыраған үлкен, жалпақ мамық табанды болып келеді. Олардың кейбіреулерінің белгілері бар - көбінесе ғашық жұптар. Қазір олардың бір-бірінің көңілін табу кезеңі басталады екен.

Төрехан аға сүйіктісімен

- Менің солтүстік кавказдық бір кептерім болды. Кішкентай кезінен өзі тектес кептерге ғашық болды, - деп еске алады Төрехан. – Бірақ олар бастапқыда жұп болу үшін жоспарланбаған еді: бірі - қызыл, екіншісі - сары құйрықты. Әдетте, мұндай жұптан ұсқынсыз кептер туады: қанаттары ақ емес, бұлыңғыр реңді, құйрығы да айқын түсті болмайды. Сөйтіп, оларды айырып жібердім, әдеттегі шаруа ғой.

Кептерді сұлу, өзі секілді қызыл құйрықты ұрғашы кептермен бір торға қамайды. Бастапқы айларда өз ғашығы болмаған соң кептерге, тіпті, көз қиығын да салмады. Бір жыл, екі жыл өтті, ол өзінің алғашқы махаббатын ұмыта алмады. Төрехан аға ұстанымы мықты адам болғанымен, Ромеоны Джульеттасына жіберіпті. Әдетте, кептерлер өздерінің алғашқы ғашықтығын тез ұмытады екен, бірақ бұл ерекше жағдай болыпты. Мұндай құстарды шын ғашық деп атайды.

- Жүрегім тас емес қой, - деп сөзін түйіндеді сұхбаттасушым. – Ұзақ уақыттан соң бір-бірімен қалай шүпірлескенін көрсеңіз ғой...

КЕПТЕРДІҢ АДАЛДЫҒЫ

Басқа бір адам сенгісіз хикаяны кезінде балықшылық Коля ағай айтқан болатын:

- Өзім сияқты кептер десе ішкен асын жерге қоятын бір адамнан кептер сатып алдым, - деп әңгімесін бастады Коля ағай. – Үйге әкелдім. Балапан емес, есейіп қалған құс болған соң, ұшып кетпесін деп қамауға тура келді (әдетте, ол үшін қарапайым түйреуішті пайдаланады. Бірнеше қауырсынын мұқият қыстырып қояды. Сөйтіп, бірер апта ұстайды. Осы уақыт ішінде, білетін жандардың айтуынша, құс бейімделіп, жаңа үйіне үйренеді екен – автордың ескертпесі). Екі аптадан соң түйреуішін шешіп, басқа құстармен ұшуға жібердім. Ал ол, тіпті, бір айналып ұшпастан, тікелей басқа бағытқа қарай ұша жөнелді. Мен дереу оның бұрынғы қожайынына бардым. Тіпті, кептердің өзінің жұбымен гүрлегенін көргенде таңғалмадым. Оның бұл жерде отбасы бар екен. Қайтадан ақша төлеуге тура келді, ереже солай, ешқайда кете алмайсың.

қайта оралған кептер

Бұл жолы Коля ағай кептерді бір айға «түйреуішке» салып қойған. Қалғандарынан бөлектеп, қасына ең зерек әрі сұлу кептерді қояды. Онымен бірге жаңа орынға үйреніп кетер деген үміт болған. Бірақ алған бетінен қайтпаған кептер тұлымды сұлуға бет бұрмапты да.

Біраз уақыт өткен.

- Үйренген шығар деп ойладым. Шығарып жібердім. Қанаттарын қағып жіберіп, қайтадан үйіне қарай ұшып кетті!

Коля ағай да алған бетінен қайтпайтын адам еді, оны үшінші рет сатып алады. Тағы да түйреуішпен түйреп қойды. Ойланып жүріп, қораның есігін жабуға ұмытып кеткені есіне түседі. Қараса, кептердің ізі де жоқ. Ұша алмайды, демек... Көшеге жүгіріп шыққан Коля ағай құстың зуылдап өтіп жатқан көліктерге қарамай асфальт бойымен бұрынғы үйіне қарай адымдап кетіп бара жатқанын көреді.

- «Кетсең кет!» деп айқайлап, есігімді тарс еткізіп жаптым. Уайымдадым, артынан неге қумадым деп те өзімді іштей жедім. Тіпті, жүдеп кеттім. Бір аптадан соң шыдай алмай, не жағдай болып жатқанын білмек болып, сатушыға хабарластым. Сөйтсем, құсымыз өзінің кептерханасына жете алмаған екен...

аналық кептер демалғанда жұмыртқаны отағасы қыздырады

БІРГЕ БАҚЫТТЫ

…Төрехан аға бұл хикаяны естіп, басын изей берді. Өз басында да осындай жағдай болған екен. Баспалдақпен жоғарыға көтеріліп, ақ бакулық кептермен оралды:

- Осындай ақымақ құстың бірі осы. Тек мұның әзірге ғашығы жоқ, бұл қыста туған, әлі жас. Мен оны жақында ғана сатқанмын, таңертең қарасам қайтадан үйде отыр. Әдетте жас кептерлер олай жасамайды. Олар бауыр басып қалмайды. Оның жаңа қожайыны ұшып келді ме деп сұрады. Мен: үйде, келіңдер, тегін беремін, дедім. Бірақ ол адам келмеді. Ендеше, реніш жоқ.

Жалпы кептерлер адал ерлі-зайыптылар ғана емес, керемет ата-ана екен. Төрехан аға бакулық ұяның бірнешеуін көрсетті. Бірнеше кептер жұмыртқа басып отыр екен.

- Таңертең балапандарды анасы жылытады, түстен кейін әкесі ауысып отырады. Балаларын барын сала қорғайды. Кезеңдермен құстарымызды жаңартып отырамыз, жаңа кептерлер алу үшін Ресейге барамыз. Қанды жаңартып отыру керек. Ал бір ұядан шыққан ұяластардан жұп жасау қылмыспен тең. Болмайды! Олар да адам сияқты.

Жаңа кептерлерді міндетті түрде екі апталық карантинге салып қою керек. Өйткені құстар арасында ауру тез таралады. Бір ыдыстан ішіп-жейді, бірі ауыра бастаса, бірден байқау маңызды. Әдетте олар азықтан бас тартады. Жалпы, солтүстік кавказдық кептерлер күй таңдағыш, оларға қырағы болу керек. Аурудан бөлек, оларға қарғалар, лашындар, жапалақ, егеуқұйрық, мысықтар өш боп келеді.

- Қандай әдемі әрі қорғансыз еді! – деп сүйсінеді тәжірибелі кептерші. – Менің алданыштарым ғой: көңіл-күйім жоқ болса, сағаттап солармен уақыт өткізіп, баптап, азық беріп, тамашалап отыра беремін. Бұл жерде өмірдің қиындықтарын ұмытып кетесің. Бәлкім, табиғат оларды сол үшін де жаратқан шығар.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суреттерді түсірген автор


25 наурыз 2019, 19:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.