«Атырау - адалдық алаңы» жобалау кеңсесінің қызметкерлері жүргізген тексеру барысында мұнайлы астанада мектепке денсаулығына байланысты бара алмайтын балаларды үйден оқытуда өрескел заң бұзушылықтар болғанын анықтады. Яғни, кейбір мұғалімдер сабақ өткізу үшін ақы алып, бірақ өздерінің «жеке жұмыстарымен» айналысқан.
Бала кезінде электр тоғына тартылып, екі қолынан айырылған 9-сынып оқушысының отбасына барған кезде орыс және шет тілі пәндері мұғалімдерінің сабақты дұрыс өткізбейтіндігі анықталды. Жасөспірім оқу жылы басталғаннан кейін оларды көрмегенін айтады. Алайда Тауман Амандосов атындағы мектеп директоры бекіткен 2018-2019 жылдары баланы үйден тегін оқыту кестесі бар.
- Осы кестеге сәйкес, 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында орыс әдебиеті әр аптаның сейсенбісі, ал ағылшын тілі пәні сәрсенбіде өтуі тиіс болатын. Алайда педагогтар сабақ беруге келместен, күнделігіне жалған баға қойып отырған, - дейді «Атырау - адалдық алаңы» жобалау кеңсесінің өкілі Абылай СИСЕНОВ. – Тағы бір факт: күнделікте өткен жылдың қазан-қараша айларында қойылған бағалар бар, ал бұл кезеңде жасөспірім анасымен бірге Астана қаласында ем қабылдауда болған.
Тексерушілер осы үйден қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімін күтуді ұйғарыпты. Ол сабақты сағат 14.40 пен 15.20 аралығында өткізуі тиіс екен. Бірақ мұғалім келмейді.
Осындай жағдай Еркінқалада да болған. Геометрия мұғалімі жоғары сынып оқушысына өткізетін сабаққа келмеген. Тағы бір оқушыға математика сабағы өткізілмейді екен:
- Анасының айтуынша, қаңтарда математика мұғалімі бір рет ғана бой көрсетіп, содан соң мүлдем келмеген. Алайда бекітілген кесте бойынша қызға аптасына 3 рет сабақ өткізуі тиіс. Мұны мектепте жүктеменің көптігімен және мұғалімдердің жетіспеушілігімен түсіндірді. Бірақ аталмыш жағдайлардың бәрінде педагогтар өткізілмеген сабақтар үшін жалақы алып отырған, - дейді Сисенов.
Қазір материалдар тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу үшін прокуратура органдарына жолданды.
- Мұның бәрі Атырау облысында үйден жеке тегін оқыту жүйесіне бақылауды күшейту керектігін көрсетіп отыр, - деп есептейді Сисенов. - Бірқатар ұстаздар өткізілмеген сабақтарға оқушының күнделігін «формальды» түрде толтырып, бағалау журналына жалған баға қойып, осы арқылы мемлекеттік бюджеттен ақы алып отырған. Еш бақылау жоқ. Бюджет қаржысы желге ұшып жатыр, ал ең бастысы – оқуды қажет ететін балалар сабақсыз қалып отыр. Есесіне қағазда бәрі керемет.
«Атырау – адалдық алаңы» кеңсесінің мәліметі бойынша, үйден 1 сағат оқыту үшін орыс тілі пәнінің педагогы 5290 теңге, шет тілі пәнінің мұғалімі 4903 теңге алады.
Фархат ӘБІЛОВ