Атырау, 24 қараша 11:21
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Көлік те жоқ, Ким де жоқ

6 252 просмотра

Индер ауданындағы М. Сиранов атындағы орта мектебі айдың күннің аманында көліктен айрылып отыр. Оны жеткізуші жеке кәсіпкер ұшты күйлі жоқ болып кетіпті.

Оқиға желісінің өзі қызықты басталғанға ұқсайды. Заман өзгерген сайын тендер өткізуде де өзгерістер болғаны белгілі. Қазір интернет арқылы веб‑порталға кіресің де, өміріңде танып білмеген құдай жарылқағырлармен байланыс жасайсың. Болмаса қалта телефон арқылы келісімге келіп, миллиондаған қаржыны «қолына ұстатасың». Әлгі жарылқағыр, тауарды әкеледі немесе көзін құртып, бұл өмірде бар ма, әлде жоқ адам ба екеніне таң қалдыра қарасын батырады. Сосын жарылқаушының қайда екенін білмей дал бола бал ашуға тура келетіні бар. М. Сиранов атындағы орта мектепте дәл осыдан аумайтын жағдай орын алыпты. Мектеп директоры З. Ахметжанның мәлімдеуінше бюджеттен 2 млн. 200 мың теңге қаралып, қажетті «УАЗ-2206» автокөлігін алуды ұйғарады. Сөйтіп 2010 жылдың 5 шілдесінде веб‑порталға бағалық ұсыныспен хабарландыру беріліп, сегіз адамның ішінен ең төменгі баға (1 млн. 930 мың теңге) ұсынған Андрей Леонидович Ким жеңімпаз атанып, он күнге жетпей электрондық почта негізінде өзара келісім шарт жасалады.

‑Біз тек заңға бағына жұмыс жасадық, мөрі, қолы қойылған келісім шартты А. Ким ұшақ арқылы беріп жіберді. Оған дейін өзара қалта телефоны арқылы сөйлесіп тұрғанбыз,‑дейді директор Захи АХМЕТЖАН.

Бөтен ойы жоқ директор Кимге сеніп еді ғой. Оған да негіз жоқ емес, себебі баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу порталында Кимнің «Қазкоммерцбанк» АҚ‑ның Алматы филиалында тіркелгені (жеке басына байланысты барлық құжаттар көрсетілген. Л. Қ.) және жұмыс, қалта телефондары көрсетілген. Сөйтіп тендерге байланысты бөлінген соманың елу пайызы, яғни 965000 теңге Кимнің есепшотына аударылып кетеді. Келісім шартта көрсетілгендей көлік өткен жылдың 31 тамызында әкелінуі тиіс‑тұғы. Бірақ мерзімінен кешіккені аздай‑ақ, Ким неге екені белгісіз жағдайда ұшты‑күйлі жоғалып кетеді. Телефондарды көтермеді, амал жоқ директор сотқа жүгінуді ойлайды. Алғашында Атырау облысының ауданаралық экономикалық соты қарап, жеке кәсіпкер А. Кимнің келісім шартты бұзуына байланысты азаматтық істі соттылығы бойынша Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына беру жөнінде ұйғарымын шығарады. Алматы қаласында 2010 жылдың 13 желтоқсанында өткен ауданаралық экономикалық сотта анықталғанындай өзара келісім шартта көрсетілген шарттарды орындауды А. Кимге міндеттеу және баж салығын өндіру жөнінде шешім шығарылады. Бірақ содан бері Кимді мекен жайынан таппаған директордың басы қатулы. Қалта телефоны көтермейді.

‑Алматыға тағы сапар шеккелі отырмыз. Оның қаншалықты пайда әкелетінін білмеймін. Құқық қорғау органдарына да хабарласып отырмыз. Тіпті ол адам тірі ме, өлі ме деген күдік, болмаса жер қаптырған алаяқ екенін білмей отырмыз ғой. Сонымен көлікті боламыз деген шайтан үмітіміздің тас‑талқаны шықты. Онсызда ескірген көлік істен шығып, мектеп қиын жағдайда отыр еді,‑дейді М. Сиранов атындағы орта мектеп директоры З. Ахметжан.

Сонымен Алматы облысы Жетісу ауданының тұрғыны А. Ким қайда жүр өзі...         

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

10 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.