Атырау, 26 сәуір 10:01
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Спорт жаңалықтары

2 802 просмотра

КҮРЕС


Алматыда 23 жасқа дейінгі жастар арасында грек-рим күресінен ел чемпионаты өтті. Атырау құрамасы қоржынына үш алқаны да салды.

77 келіге дейінгі салмақта Қаһарман Қисметов алтын алқа, 82 келіге дейінгі салмақта Евгений Поливадов күміс алқа, 87 келіге дейінгі салмақта Нұркен Дүйсенғалиев қола алқа иеленді. Қ. Қисметов биылғы көктемде Ұланбатырда өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.


ХОККЕЙ

Атыраудағы Мұз сарайында «Бейбарыс» пен «Құлагер» (Петропавл) хоккей командалары арасында жартылай финал сериясының алғашқы екі матчы өтті.

17 наурызда өткен бірінші матчта айдын иелері 5:3 есебімен жеңіске жетті (біздікілер Иван Кучин мен Евгений Чемерилов екі шайбадан, Вадим Митряков бір шайба соқты). Ал келесі күні «Бейбарыс» 1:3 есебімен ұтылды.

Келесі екі ойын 21 және 22 наурызда басқа айдында өтеді.


ФУТЗАЛ

«Атырау» ДСК-де І лига командалары арасында футзалдан ҚР біріншілігі өтті. Турнирге Тараз, Рудный және Атыраудан алты команда қатысты.

Үш жүлдегер жарыстың соңғы күнінде ғана анықталды. Алтын алқа «Атырау» командасы, күміс алқа құлсарылық «Өмірзақ» командасы және қола алқа Атыраудан «Құлагер» командасына бұйырды. Спортшыларға алқаларды ҚФФ бұқаралық футбол департаментінің директоры Ерлан Жамантаев пен футзал департаменті директорының орынбасары Александр Перемитин табыстады.

* * * * *

«Ракуша» командасы футзал бойынша Атырау қаласының бірінші лига чемпионы болды, ал оның ойыншысы Айбар Қайырлиев үздік сұрмерген (23 гол) деп танылды.

Күміс алқа «Махамбет Сити» командасының, үшінші орын «Олимп» командасының еншісінде.


САМБО

Алматыда 1999-2000 жылғы жастар арасында самбодан ел чемпионаты өтті. Атырау құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 2 қола алқа жеңіп алды.

60 келіге дейінгі салмақта Гүлзада Алмаз ҚР чемпионы атанды. Оның құрбысы Хамария Әмірғалиева 44 келіге дейінгі салмақта күміс алқа иеленді. Жігіттер арасында Асқар Еспусинов (57 кг дейін) пен Мерей Сәду (48 кг дейін) күміс алқаны місе тұтты.


КАРАТЭ

Қарағандыда киокушинкай-кан каратэден спартакиада өтті. Сайысқа бүкіл Қазақстаннан екі жүзден астам үздік спортшы қатысты.

Атыраулықтардан Рүстем Байбосынов пен Карина Досымова күміс жүлдегерлер,  Андрей Котов, Станислав Сурков пен Игорь Шахов қола жүлдегерлер атанды. Спортшыларды бапкерлер Т.Нұрымов пен М.Жолдасов дайындады.


ЗІЛТЕМІР

БЖСМ-1 мектебінің ауыр атлетикалық арнайы залында БҚО құрамасының негізгі құрамының қатысуымен облыстың ашық чемпионаты өтті. Сайысқа 80 ауыр атлетші қатысты.

Өз салмақ дәрежелері бойынша Қосмырза Ерасыл, Илья Вяхирев, Олег Фофонов, Мират Жұмабаев, Дәулет Есімов, Дамир Дүйсенғалиев, Мұрат Ерсұлтан, Рустам Урешев, Өтепберген Әлиев, Нұралы Мақанов, Бағыт Әлішер, Ержан Жұмағұлов пен Виктор Тарасов; қыздар арасында - Гүлсезім Алғазиева мен Айдана Сырымова турнир жеңімпаздары атанды. Чемпиондарды бапкерлер Миргамбаев, Нұрболат Іргебаев және Дәурен Жалғасбаев (Орал) дайындады.


СПОРТ МЕКТЕПТЕРІ

БЖСМ-1 мектебінің оқу ісінің меңгерушісі Сәрсенбай Бегешев апта ішіндегі оқушыларының жетістіктері туралы әңгімелеп берді.

Бішкекте грек-рим күресінен халықаралық турнир өтті, онда жаттықтырушы Б. Айтқалиевтың шәкірті Асқарбек Амангелдіұлы қола алқаға қол жеткізді.

Мәскеуде қыздар арасында дзюдодан халықаралық «Көктем кубогы» турнирі өтті. БЖСМ-1 командасы осы жарыстан үш алқаны да қоржынға салды: алтын алқа - Аяжан Хайролла, күміс алқа - Дәмелі Асылханов, қола алқа - Дана Әбдірова. Қыздарды Д.Жақсиев пен А.Сүлейменова жаттықтырады.

Ақтөбеде жасөспірімдер арасында дзюдодан турнир өтіп, даңқты қаланың 150 жылдығына арналды. Бек Өтеген алтын алқа, Ақниет Ізбасаров, Аманжан Олжабай және Шерхан Асқарбек күміс алқа, Жәнібек Наренов пен Азамат Ерік қола алқа алды. Жігіттерді Ж. Зиноллаев, А.Табынбаев, А.Тұяққалиев, А.Ихласұлы және З.Еркінғалиев жаттықтырады.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

21 наурыз 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.