Атырау, 25 қараша 03:09
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау Көрісуді атап өтті

Сурет Бейнежазба
3 847 просмотра


Көктем мерекесі 12-13 наурызда өткен айтыспен басталды.  Ақындар батыста тойланатын осы ерекше көрісу мейрамын жырға қосып, жалпыхалықтық мереке ретінде тойлау керек деп ұсыныс жасады. Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуы да айтылмай қалмады. КСРО халық әртісі Асанәлі ӘШІМОВ бастаған әділ қазылар бас жүлде мен 2 миллион теңгені қарағандылық Дидар ҚАМИЕВҚА табыс етті.

Бас жүлде иегері Дидар ҚАМИЕВ

Бірінші орынды Батыс Қазақстан облысының ақыны Талғат МЫҚИ (1 млн теңге), екінші орынды оралдық Жансая МУСИНА мен атыраулық Шалқарбай ІЗБАСАРОВ (әрқайсысы 750 мың теңгеден) алды, үшінші орын қызылордалық Мейірбек СҰЛТАНХАН, шымкенттік Қалижан БІЛДАШЕВ және Моңғолиядан келген Ерлан ДӘУЛЕТҰЛЫНА (әрқайсысы 400 мың теңгеден) бұйырды. Бұдан бөлек ақтық сынға өткен 5 ақын 300 мың теңге арнайы жүлдемен марапатталды. Айтысқа қатысушы қалған ақындарға 200 мың теңгеден сыйлық берілді.

БАТА БЕРУ

Мереке 13 наурызда Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Батаменен ел көгерер» республикалық ашық байқауымен жалғасты. Тілек айту байқауына еліміздің әр өңірінен 17 ақсақал қатысты. Байқау  қорытындысы бойынша бас жүлдені Алматы облысының өкілі Жақыпбек  ӨМІРБЕК (1 млн теңге) алса, І орынды Павлодар облысынан келген Балтабай СЫЗДЫҚОВ (750 мың теңге), ІІ орынды Атырау облысы, Исатай ауданының ақсақалы  Уахит ӘДІЛОВ, Шығыс Қазақстан облысынан Мұхамеджан РАШИТБЕК (500 мың теңгеден), ІІІ орынды Батыс Қазақстан облысының батагөйі Ертай СЕРДАЛИН, Маңғыстау облысынан Қаржаубай РЕЙІМБАЙҰЛЫ, Ақмола облысынан келген Жақсыбай АХМЕТОВ (әрқайсысы 300 мың теңгеден) иеленді. Байқауға қатысушылар 150 мың теңге сыйақымен марапатталды.

КӨРІСУ FEST

14 наурызда күндіз Сұлтан Бейбарыс алаңында «Көрісу Fest» халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Әкімдік алдына ондаған киіз үй тігіліп, суретшілер плэнері, облыстық музей көрмесі, арнайы құрылған сахнада театрландырылған әдеби-музыкалық қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Жұмыс уақыты болса да, алаңға біраз көрермен жиналыпты. «Әттең дәл қазір жұмыста отырғандар көре алмады, мұндай шараны ел демалатын күні өткізген жөн ғой» деді қасымда тұрған көрермендердің бірі.




Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суреттер мен видеоны түсірген автор

19 наурыз 2019, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.