ТАЭКВОНДО
ҚР құрамасы Иранда болған "Fajr open G1" халықаралық рейтингтік турнирде 6 жүлдені қанжығаға байлады. Оның екеуі атыраулық арулардың еншісінде.
Айгүл Елубай 73 келіге дейінгі салмақта 1-ші орынға ие болды. Айдана Еділбаева 46 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп қола жүлдегер атанды.
ФУТБОЛ
10 наурызда футболдан ҚР чемпионаты Премьер-лигасының 1-ші туры аясында Қызылорда қаласында жергілікті «Қайсар» мен «Атырау» командалары кездесті.
Бұл кездесудегі жалғыз гол ойынның 2-ші минутында соғылды – қонақтар стандартты жағдайды сәтті пайдаланып, айып алаңына жеткізілген допқа бірінші болып қорғаушы Дәурен Мәжитов жетіп, допты таяу бұрышқа дәл ұрды. 1:0, алғашқы ойындағы алғашқы жеңіс.
ДЗЮДО
Атыраулық парадзюдошы Теміржан Дәулет Токиода халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
81 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған ол алғашқы айналымда ағылшын Бредли Камеронды иппон әдісімен жеңді, ал жартылай финалда тағы бір Ұлыбритания өкілі Пауэл Дениэлді ұтты. Ақтық сында француздық Петит Нацанды тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, өткен жылы Теміржан Индонезияда өткен Паразияда ойындарында қол жүлдегер атанды. Спортшыны Жандос Қиянов жаттықтырады.
КИКБОКСИНГ
Шымкентте А.Маделxановты еске алу құрметіне арналған республикалық турнир еліміздің барлық облысынан 420 жас кикбоксшының басын қосты.
Атыраудан 35 спортшы барды. Кенжебай Айдын, Айбек Шамболов, Элдар Омаров, Нұрсұлтан Жұмабаев және Наурызбек Сакенов өз салмақ дәрежелері бойынша турнир жеңімпаздары болды. Қола медальді Мейрамғали Санжар, Ермек Мурсалимов, Нұрдәулет Тарихов және Болат Дамир жеңіп алды. Спортшыларды бапкерлер Мереке Рыспаев, Ержан Базаршаев, Maхa Сармулдиев, Азамат Мұратов және Георгий Волынский дайындайды.
ШАХМАТ
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында шахматтан дәстүрлі 8-ші «Ректор кубогі» облыстық турнирі өтті. Кубок абсолюттік біріншілікте Абзал Әмірәліге бұйырды.
Номинациялар бойынша мыналар жеңімпаз деп танылды: ардагерлер – Бөкенбай Ағаша, әйелдер арасында - Жазира Боран, ұлдар - Аят Абдуллаев, қыздар арасында - Зарина Нұрғалиева; студенттер - Тұрар Шаймардан. Жарыстың бас төрешісі Жәнібек Амановтың айтуынша, турнир қызу тартысты өтті, жас ойыншылар мықты комбинациялы ойын көрсете білген.
СПОРТ МЕКТЕПТЕРІ
№1 БЖСМ меңгерушісі Сәрсенбай Бегешев 2019 жылы өткен жарыстардағы тәрбиеленушілерінің жетістіктері туралы әңгімеледі.
Атырауда Алғыс айту күніне орай 2005-06 ж.т., жасөспірімдер арасында қазақ күресі бойынша басты аймақтық турнир өткізілді. Алтын медальға Нұролла Бейбарыс, Даулетбай Азамат, Асқарбек Шерхан, Ақниет Ізбасаров, Зейін Ғанибет және Хайыр Диас ие болды. Палуандарды жаттықтырушылар А.Ыхласұлы және Ж.Еркінғалиев дайындады.
Қызылорда облысының Жаңақорған қаласында 2004-05 ж.т. жасөспірімдер арасында С.Әбдрахмановты еске алу құрметіне еркін күрестен турнир өтті. Атырау атынан Әділет Бисенбаев пен Эльдар Ахметжанов сынға түсті. Екеуі де қола жүлдемен оралды. Петропавловскіде К.Толыбайұлының жүлдесі үшін қазақ күресінен республикалық турнир болды. Атырау командасы түгелімен жүлделі болып оралды: Өміржан Байболсынов және Нұржан Сәрсенғалиев – «алтын», Нұрзат Қуаныш – «күміс», Еламан Нәсіпқалиев – «қола».
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ