Қарапайым орта мектеп педагогтары Назарбаев Зияткерлік мектебі ұстаздарын артықшылыққа ие бөлек каста деп есептейтінін білесіз бе? Бірдей бағдарлама оқытылатындығына қарамастан мұғалімдерге жасалған жағдай әртүрлі. «АЖ» тілшісі екеуіндегі айырмашылық қандай екенін анықтаған еді.
2016 жылдан бері жалпыға бірдей білім беретін қарапайым мектептерге «Әр бала - қабілетті» деген идеясы бар «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» оқыту бағдарламасы енгізілуде. Белгілі болғандай, 2019-2020 оқу жылдары 4, 9, 10 сыныптар «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бағдарламасының базасында жаңартылған мазмұнға көшеді. 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8 сыныптар бірнеше жылдан бері «жаңартылған» бағдарлама бойынша оқиды. Егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, қыркүйектен бастап жоғарғы сынып оқушылары химияны, физиканы, информатика мен биологияны ағылшын тілінде оқи бастайды. Бірақ бұл бөлек әңгіме, ал білім беру министрлігінің ресми сайттарында баяндалғандай, бұл ахуал әзірге керемет емес.
ЕКЕУМІЗДІҢ ҚАНЫМЫЗ БІР ЕМЕС
Сұхбат алынған педагогтардың барлығына мақалада мектеп те, аты-жөндері де аталмайды деп ант-су ішуге тура келді.
НЗМ мұғалімдері өздерінің жағдайларын анағұрлым жақсы деп есептейді. Олар мұны жалақы көлемімен байланыстырады. Назарбаев мектебінде жалақыны есептейтін өз жүйесі бар екен. Мәселен, стажер мұғалім 100 мың, ал өтілі бар мұғалім, айталық 5 жылдан көп еңбек еткен мұғалім санатына қарамастан 150 мың теңге алады. Қарапайым мектепте, менің білуімше, жақсы жалақыны көп жылғы өтілі және жоғары санаты болғанда алуға болады.
НЗМ мұғалімінің тағы бір маңызды артықшылығы: флипчарттар, маркерлер мен А4 қағазынан бастап бүкіл шығын материалдарын олардың білім беру мекемесі береді.
Орта мектеп мұғалімі:
- Мен жақында ғана өз қалауыммен мұғалімдік жұмыстан кеттім. Еңбек өтілім 30 жылдан көп әрі жоғары санатым болса да, 104 мың теңге алатынмын. Менің білуімше, инфляция мен бағалар көтеріліп кеткендіктен, жыл сайын қосылған азғана үстемеақылар жағдайды көп өзгерткен жоқ. Сондықтан мұғалімдер жұпыны жағдайда қалып отыр. Оның үстіне, НЗМ мұғалімдерінен айырмашылығы – мұғалімдердің жұмысына қажетті қағаздар мен басқа кеңсе тауарларын азғана жалақымызға өзіміз сатып аламыз. Мысалы, бір сабаққа дайындалуға А4 форматындағы төрт-бес парақ қағаз пайдаланылады. Күніне мұндай алты сабақ болады. Олардың бәрін минутымен жазып отыру керек. Осы жерде сауалнама әдісі мен бақылау формасын көрсету керек – жалпы, бұл шығыны көп жұмыс.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Атырау облыстық білім беру басқармасының ақпараты бойынша, бүгінгі күні «Kundelik» электронды журналының ақпараттық жүйесіне 115 289 оқушы тіркелген. 97%-ы интернетке қосылған.
Ал Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақкенже ИСАНБЕРГЕНОВА «Қағаздар мен кеңсе тауарларын кім сатып алуы тиіс?» деген «АЖ» сауалнамасына: «барлық қажетті заттар жергілікті бюджет қаржысына алынады» деп жауап берді.
«МАҒАН ҮЙРЕТСІН»
НЗМ мұғалімі:
- Барлық НЗМ мұғалімдеріне жұмысқа қабылданар кезде жеке ноутбуктер беріледі, рас, оларды мектептен тысқары шығаруға қатаң тыйым салынған. Мектепте интернет барлық жерде бар. Бұл жұмысты көп жеңілдетеді. Жүктемеге келер болсақ: дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс күні таңертең сағат 8:30-да басталып, 17:30-да аяқталады, сенбіде – сағат 8:30-да басталса, 15:30-да аяқталады. Ең аз жүктеме – 18 сағат. Сыныпта орташа алғанда 20 оқушы бар, мұндай мөлшердегі баламен жұмыс істеу қиын емес. Балаларымыздың барлығы құмыра жасау ісі, би, актерлік шеберлік, тігін, роботехника... сияқты үйірмелерге қуана қатысады.
Орта мектеп мұғалімі:
- Бізде де әлемдік ғаламторға шығу мүмкіндігі бар: мұғалімдерге интернет гигабайттары бар usb-флешка беріледі, тіпті, кей мектептерде wi-fi бар. Мұғалімдер бөлмесінде компьютерлер тұр, бірақ іс жүзінде электронды журналды үйде толтырамыз. Біріншіден, жұмыс кезінде оны толтыратын уақыт жоқ, екіншіден, бос уақыт табылса да, компьютер бос болмауы мүмкін. Жалпы, мұғалімде уақыт тапшы: жиналыс, педагогикалық конференциялар, конкурстар, құжаттар толтыру, дәптер тексеру – мұның бәрі төленетін сағатқа кірмейді. Ал «жаңартылған» бағдарламамен бірге СОР (бөлім бойынша жиынтық бағалау) және СОЧ (тоқсан бойынша жиынтық бағалау) деген бағалаудың жаңа жүйесі келді. Сыныптардың лық толуына байланысты 40 минут ішінде оларды өткізу мүмкін емес. Мен бағдарлама әзірлеушілердің қарапайым сабаққа келіп, мастер класс өткізгенін, мұғалімдерді үйреткенін қалар едім. Қызық, олар қалай жасар екен. Балаларға арналған бос уақытқа келсек, мектепте үйірмелердің болуы сирек жағдай. Директорлардың өзі сабақ өткізу үшін кабинеттерін босатып беріп жатса, басқа не айтуға болады. Бізге НЗМ-ға жету айға қол созғанмен бірдей.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Атырау облысында 520 педагогика кадрлары тапшы.
Ұстаздардың бәріне ортақ нәрсе: электронды журналмен бірге олар сол құжаттарды бұрынғыша қағаз түрінде толтырады. Бұл кейде бағдарламаның жұмыс жасамай қалуына байланысты. Мұғалімдер осынау пайдасыз еңбекпен айналысуды қашан доғарар екен. Қорытындылай келе, НЗМ-мен тең жағдайды қамтамасыз етудің орнына ойлау қабілеті төмен, жаңа нәрселердің бәрін қабылдамайды деп айыпталатын орта мектеп мұғалімінің наразылығы мен шаршағанынын түсінуге болады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА