Атырау, 25 қараша 04:16
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Алты жыл тез өтеді

2 000 просмотра

2021 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелікке өту кезеңі аяқталады. Осы күннен кейін отандық компаниялар міндетті жергілікті қамту үлесі түріндегі түрлі заңнамалық қолдаусыз инвесторлармен тең жағдайда бәсекелесе алуы тиіс. Мұнайгаз секторында қызмет ұсынатын көптеген қазақстандық бизнесмендер алаңдаулы, көпшілігі қатаң бәсекелестікке төтеп бере алатындарына сенімді емес. Жақында Атырауда өткен мұнайгаз форумында «NADLoC жергілікті мазмұнды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» қызметкері Руслан ИБРАГИМОВ оларды жігерлендіруге тырысқан еді.

КРАНДАР ӨЗІМІЗДІКІ

- Қазір еңбек өнімділігін арттыруға, өңделген тауарларды экспорттау көлемін көбейтуге, барлық өңдеу секторында тиімді өндірушілерді қолдауға бағытталған индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды. Екінші маңызды жайт – қазіргі кезде ЕАЭО шеңберінде еуразиялық өнеркәсіптік кооперация және субконтрактация желісін құру бойынша жұмыстанып жатырмыз. Бұл қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, олардың өнімдерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді Ибрагимов.

Бәсекеге қабілеттілікті арттырудың тағы бір мүмкіндігі - NADLоC компаниясының Дүниежүзілік банкпен бірге әзірлеген Жеткізушілерді дамыту қызметінің жұмысы бойынша жобасы:

- Жоба, атап айтқанда, шағын және орта бизнеске жеке оқыту шығындарын өтеу арқылы халықаралық сертификаттар алуға қолдау көрсету, алдын-ала іріктеу байқауын өткізуде барлық көмек түрлерін ұсыну мәселелерін реттейді.

Ибрагимовтың айтуынша, 2017 жылы ТШО жобаларындағы жергілікті қамту үлесі - 30%, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг жобаларында - 54,1% болды. 2018 жылы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы және «Бёмер Арматурен Казахстан» ЖШС арасында түрлі мақсатта 225 кран жеткізуге келісімшарт жасалды. Бұрын мұндай өнімдер импортталатын еді.

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛУ ТИІМДІ

Егер өткен шаққа сәл шегінсек: 2012 жылы жергілікті қамтуды дамыту үшін ҚМГ мен ТШО, НКОК және КПО ірі мұнай-газ операторлары арасында бірлескен іс-қимыл туралы Ақтау декларациясына қол қойылды. Үш жылдан кейін декларация аясында жеткізушілер туралы барлық ақпаратты орталықтандыру үшін бірыңғай «Алаш» дерекқоры құрылды.

- Біздің дерекқорда қызметтердің, тауарлардың және жұмыстардың барлық жеткізушілері тіркеледі. Шетелдіктерден айырмашылығы - қазақстандық жеткізушілер үшін тіркелу тегін, - деп түсіндірді «Алаш» дерекқорының өкілі Жарқынай АХМЕТОВА «АЖ» тілшісіне. - Тіркелгеннен кейін, жеткізушіні тексереміз, мақұлданған жағдайда сертификат береміз және ол ашық қолжетімді болады.

«АЖ»-дың «Ірі операторлардың шетелдік және отандық жеткізушілермен жасасқан келісімшарттарының арасалмағы қандай?» деген сұрағына ол жеткізушілерді операторлардың таңдайтынын, содан кейін барлық келіссөздер өздерінің арасында өтетіндіктен мұндай статистика жүргізілмейтінін айтты.

Өткен жылы Атырауда өткен форумдардың бірінде Қазақстанның мұнай-сервис компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ шетелдік инвесторларға қазақстандық өндірушілер үшін артықшылықтар жасау тиімсіз екенін, оларға өз компанияларының жабдықтарын ұсыну тиімдірек екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда шетелдік фирмалардың көптеген еншілес компаниялары бар. ҚР ҰЭМ жанындағы Сауда саясатын дамыту орталығы директорының орынбасары Әсия АШИГАЛИЕВА жауап ретінде шетелдік инвесторлар Қазақстанда еншілес компания құрған кезде, ол автоматты түрде қазақстандық болып саналатынын түсіндірді. Алайда алты жылдан кейін бұл ерекшеліктер бәрібір өзектілігін жоғалтады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: «Қазақстандық/жергілікті қамту» термині инвестициялық келісімшарттарда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда немесе заңнамада көзделген қазақстандық компаниялардан сатып алынатын қазақстандық тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің деңгейін білдіреді. Бұдан басқа, қазақстандық қамтуға жобаны іске асыруға тартылған қазақстандық персонал үлесі кіреді.

13 наурыз 2019, 14:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.