Атырау, 25 қараша 04:26
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бейресми апат хроникасы

Бейнежазба
4 786 просмотра


Балықтардың жаппай қырылуы туралы алғашқы бұқаралық ақпарлар өткен жылдың 2 желтоқсанында тіркелді. Ал бүгін - 7 наурыз. Жүздеген мың балық өлексесі өзен мұзының қабатына қатталған. Бұл өлген соң ісініп, су бетіне қалқып, мұзға қатқан балықтар. Алайда суасты түсірілімдері көзімізге көрінбейтін су түбінде мың тоннадан да көп балықтар шіріп жатқанына дәлел болады. Ең сұмдығы, балықтар әлі өліп жатыр. Бірақ ресми Атырау алаңдауға негіз жоқ дейді.

СУ ТҮБІНДЕГІ ӨЛЕКСЕЛЕР

Редакциямызда кодекс қолданылады. Журналистің міндеті – үш ереже: ақпаратты іздеу, өңдеу және тарату. Ол жазған материалда жеке көзқарасы, эмоциялар аз болса, ол соғұрлым жоғары бағаланады. Бұл маған ыңғайлы ереже, мен қашан да бейтарап болуға тырысамын. Бірақ бұл жолы емес. Менің қояр сұрақтарым көп.

Балықтың қырылуы туралы сұмдық жаңалықты еңбек демалысым кезінде естідім: үйімнен алты мың шақырым қашықтықта, күн сәулесі шуақ шашқан жерде, шақырымдарға созылған мәңгі сұлу сәулеттер қоршаған төңіректе қымбат әрі әдемі киінген адамдар кішкентай шыныаяқпен кофе ішіп, жарқылдап жүрген сәтте менің мессенджерім тонналаған өлі балықтар жүзген осы бейнежазбаларға толып кетті. Айқайлап жібермес үшін аузымды қолыммен жаба қойдым.

Ал басымда сан түрлі ойлар: Жайықтың күні бітті, демек, қаланың да ештеңесі қалмады, туыстарымызды алып, қашу керек деген ой кетпеді... Сол күндері көпшілігінде осындай ой болғанына сенімдімін. Кейін санамызды қайтадан күйбің тірлік, Жаңа жыл, жұмыс, тұрмыс билеп кетті. Одан соң бізді ешкім еш жерде күтіп отырған жоқ қой, бейімделу керек, мүмкін шешілер дедік. Шешілмеді.

Мұз еріместен бірнеше күн бұрын орталық көпірден және одан төмен қарай - Сельстрой, Балықшы, MMС, Жұмыскер, Еркінқала, Курилкино, Зарослый, Дамба, Пешнойдан суүсті және суасты түсірілімдерін жасадық. Тозақ көрінісі деуге болады. Ерке Ақжайық балық қорымына айналған. Әр жерде шіріп, қырылған балықтар. Су астында тонналап шіріп, ыдырап жатқан, енді ғана өлген немесе шаланжансар балықтардан көз тұнады. Қазір кішкентай мөңке балықтар, ақтабан, ақбалық, қаракөз, бұзаубас, қылышбалық, тыран, көксерке балықтары... қырылып жатыр. Шабақтардың бәрі өлі, тіпті, төзімді деген сазан да. Балықшы жігіттер қаңтарда 80 келі болатын өлі жайынды шығарғандарын айтты... Жалпы қаңтарда су түбіне қатталған өлі балықтардың биіктігі белшелерінен келіпті. Сонда 90 см-дей болғаны ма деп ойлап қойдым.

Апат ауқымын есептеу, әлдебір шегін табу мүмкін емес. Әлі күнге дейін табиғатқа тигізілген зиянның шынайы себептері де, мөлшері де, біздің, адамзат денсаулығы үшін ықтимал салдары аталмады. Ал олардың орын алатындығы сөзсіз. Өйткені табиғаттың заңдылығы сол – егер оның бір буыны қырылса, одан кейінгі буыны да сөзсіз өледі. Қары еріп, ашылған ойдым жерден өлі балықтарды құстар шұқып, қаңғыған жануарлар шашып тастаған...

Асқазандарында не тасып жүргендерін кім біледі? Егер осы суда балықтар әлі де өліп жатса, онда біздің жағдайымыз не болып жатыр? Құрамында біз білмейтін әлдене бар, жүз мыңдаған, бәлкім миллиондаған балықтарды қырып тастаған бұл суды тұтыну дәл қазір бізге қандай ықтимал зиян келтіреді? Немесе болашақта бұл су өз Жайығының тұтқынына айналған атыраулықтарға қандай әсер беруі мүмкін? Күн аптап ыстықта су тез қызады, ыдырау процесі жылдам жүреді, ал біз өлекселер жүзген бұл суды ішуді жалғастыра береміз бе? Бүкіл осы биоқалдықтар су тасқынымен теңізге құйылғанда не болады? Ал теңіз зерттелді ме, қазір осы жердегі фауналардың алтын бесігі болған теңіз тамағында не болып жатыр? Жақында шенеуніктер су тасқыны болады деп үміт еткен еді. Ириклинск су қоймасымен келіссөздер жүргізілді ме? Олар алдыңғы жылдарға қарағанда суды сәл молдау қылып жібере ме екен, әлде әдеттегіше төмендегі көршілеріне немқұрайды қарар ма екен? Неліктен төтенше жағдай жарияланбайды? Балықтарымыз қырылып жатыр ғой, демек, қасиетті өзеніміздің де күні бітті деген сөз. Алдамшы тұрақтылық осыған татығаны ма? Алдамшы дейтінім – бұл сұрақтар тек менің басымда ғана емес. Бәлкім, шынымен де, біздің бәрімізге бұл жерден қашу керек шығар. Ал өтемақы бола ма?


СӨЗДЕР, СӨЗДЕР, СӨЗДЕР

Алғашқы күндердің үрейі біртіндеп кінәліні жазаласақ деген әуестікке ауысты, жаңалықтарды асыға күтумен болдық: комиссия, мәжілістер, қылмыстық іс, күдіктілер...

Апат аумағын жасырып қалғылары келгенін түрлі ведомство өкілдерінің «жауаптарындағы» сәйкессіздіктерден көруге болады: 2 желтоқсанда Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы 1,3 тонна өлі балықтың жиналғанын мәлімдеді. Ал 10 желтоқсанда қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ «110 бірлік» туралы және әлдебір «Жайықтағы су құрамы тұрғындардың өмірі мен денсаулығы үшін таза әрі қауіп жоқ екенін көрсеткен зертханалық талдама» туралы мәлімдеді. Айта кету керек, Мұсағалиев қандай компоненттерге анализ жасалғанын нақтыламады.

Ұлттық аккредитация орталығының сайтында Атырау облысындағы 62 зертхана туралы мәлімет бар. Жүктеп алып, олардың әрқайсысының аккредитация саласы туралы құжаттарымен жете танысып шықтым. Атырауда гидрохимиялық анализ спектрінің жүзге жуық критерийлері мен көрсеткіштері бойынша ауыз суға 4 ірі химиялық зертхана тексеру жүргізеді. Бұлар мұнай өнімдері, анионды-беттік белсенді заттар, фенол, цианидтер, селен, сынап, бензопирен, нитриттер, нитраттар, фосфор, формальдегид, күшәла және т.б. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Атырау қаласының тұрғындары ішуге мәжбүр болатын судың қауіпсіздігі туралы сенімді түрде мәлімдеу үшін қандай компоненттерге талдау жасауға тапсырыс берді?

Әрі қарайғы сценарий бойынша - аммиак (күшті әсер ететін газ тәріздес улы зат). Өйткені жергілікті деңгейде оны бірінші күдікті деп жариялады. Бірақ, токсикологтардың айтуынша, суда еріген ұшпа затты алғашқы бірнеше сағат ішінде анықтауға болады. Сонда бұл балықтың алғашқы әрі соңғы қырылуы болуы тиіс еді. Бірақ олай болмады.

13 желтоқсанда Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы басшысының орынбасары Арман МОЛДАШЕВ балықтар қырылған жаңа фактілер жоқ деп мәлімдеді. Алайда 18 желтоқсанда әлеуметтік желілерде балықтар қырылып жатқан жаңа бейнежазба пайда болды.

20 желтоқсанда жаңа кінәліні тапты. Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ зерттеу компоненттерін санамалап шықты: температура, сутек көрсеткіші, аммоний азоты, анионды-беттік белсенді заттар, өлшенген заттар, жалпы темір, мұнай өнімдері, нитраттар, сульфаттар, құрғақ қалдықтар, хлоридтер, фенолдар. Ол хлоридтер бойынша нормадан асқанын мәлімдеді.

Хлор дейді, сенесіз бе? Мен химик емеспін, бірақ осындай ауқымдағы зардапқа әкелу үшін хлордың көп көлемі тасталуы тиіс және бұл оқиға қаскүнемдік деп жіктелер еді. Адамның иіс сезу қабілеті де анализатор секілді: егер хлор концентрациясы соншалықты көп болса, онда бұл суды іше де алмас едік, дегенмен, аммиакты да табу оп-оңай – уланған жерлерде мүсәтір спиртінің өткір иісі бір аптаға дейін тұрады.

Министрлікке айтар соңғы уәж – хлордың судағы өмірі өте қысқа, хлор қосылыстарының іздері бір күннен кейін буланып кетеді. Яғни, улап, содан соң буланып кетуі мүмкін. Бірақ бұл хлор емес немесе хлордың өндірістік көлемі өзенге әлі де тасталуда.

Уақыт өтіп жатыр, бірақ шенеуніктер айқын шындықты жоққа шығаруда: 

25 желтоқсанда қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасы Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ су сынамасы мен тірі болған  балықтардың үлгілеріне сілтеме жасап, «Бүкіл талдау нәтижелері қауіп тудырып отырған жоқ» деді. Бірақ тоқтай тұрыңыз, егер Атырау облысының өзінде токсикологиялық зертхана жоқ болса (есептерде оны «балық өнеркәсібінің алыбы» деп атағанды жақсы көреді), биоматериалдар қандай зертханада зерттелген? Мамандар анализ нәтижелері тек тірі балықтардың материалдарынан сынама алған жағдайда ғана дұрыс болады деп растайды.

АСТРАХАНДЫҚ КӨЗҚАРАС

Мен Астрахан облысының КаспБШҒЗИ су проблемалары мен токсикология зертханасына хабарластым. Токсиколог өз аты-жөнін атамауды сұрады, бірақ жағдайға түсініктеме беруге келісті. Ол Жайықтағы апат туралы естігенін және әріптестерімен ахуалдың дамуына бақылау жасап жүргендігін айтты.

- БАҚ-та хлор себеп ретінде аталды. Бірақ ол алғашқы бірнеше сағатта буланып ұшып кетеді. Аммиак немесе аммоний азоты ма? Білмеймін, осы екі көрсеткіш алғашқы тәуліктерде ұшып кететіндіктен, оларды анықтау қиын, қолданылатын әдістерге байланысты. Жедел талдау әдістері бар, әрине, бірақ мұның бәрі шынымды айтсам, сенім туғызбайды. Егер су құрамында осындай концентрация болса, тұрғындар аммиактың немесе хлордың иісін сезер еді, - дейді маман.

- Сізге біздің облысымыздан біреулер балыққа немесе суға талдау жасау ұсынысымен шыққан жоқ па?

- Қателеспесем, ондай болды. Бірақ біз сынама алу үшін балық әлі тірі болуы керек деген міндетті шарт қоямыз, ал бұған қатысты проблемалар туындады. Іс жүзінде басқаша жасалады. Ағыстан жоғары қарай, бауырлап жатқан ба немесе қалқып шыққан ба - өлі балық табылған жерден бастап өзеннің және балықтың жай-күйі тексеріледі, осы жерден жоғарыда жұмыс істейтін кәсіпорындар мен технологиялық өндіріс барысында қолданылатын заттар мәселесі зерттеледі. Менің ойымша, тағы бір ықтималдық бар: бәлкім улану көзі әлдебір ескі рұқсат етілмеген қорым шығар? Тіпті, ол кеңес дәуірінен бері жатқан болар. Бізде бәрін көміп тастағанды жақсы көретінін білесіз ғой. Тереңірек шұңқыр қазып, бәрін төгіп, ештеңе болмағандай көміп тастайды. Мүмкін осындай фактілер айтылмай, жабулы күйінде қалған шығар. Мұндай қорымдарды жерасты сулары шайып немесе су бетіне шығаруы мүмкін. Қазір мұны ешкім білмейді, ешкім қадағаламайды. Мұрағаттарға барып, ескі материалдарды көтеру керек, кеңес дәуірінде бұл маңда күшті химиялық улы заттармен жұмыс істеген қандай кәсіпорындар болғанын іздеу керек. Қазіргі зардаптарға сүйенсек, өте күшті заттар болуы тиіс, - дейді менің астрахандық сұхбаттасушым.


ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАР

- Бізде Жайықта балық қырылған бірде-бір факт тіркелмеген. Тек тайыз сулы жерлерде үш жағдай болған. Олар да ағыны жоқ ұсақ өзектер, - деп хабарлады әріптесім, «Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан АХМЕДЬЯРОВ.

Демек, Жайықтың ағыстан жоғарғы жағы таза. Бүгінде облысымызда өлі балық табылған ағыс бойынша ең жоғарғы нүкте - Геолог. Бұл жерден төмен қарай Пешнойға дейін өлі балықтарға толы. Геологтан жоғары жақ зерттелді ме? Маған сол маңда өзен айдынында КТК мен КТО мұнай құбырларының су түбімен жүргізілгендігі ғана белгілі. Бұл кәсіпорындардың қатыстылығы тексерілді ме? Одан жоғары тағы қандай кәсіпорындар жұмыс жасайды? Бәлкім, шынымен де өткен күннен себеп іздеп, 10-20-30 жыл бұрын ол жерде қандай кәсіпорындар жұмыс жасады деп ізденген дұрыс шығар? Бірақ сұрақтар қойылуы да керек, оған жауаптар берілуі де керек.

Өткен жылдың 10 желтоқсанында арнайы комиссия отырысында Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ бірқатар өкілетті органдарға тапсырма берген еді.

Тармақтар бойынша үзінді келтірейін:

«Проблема шұғыл арада шешілуі тиіс».

Шешілген жоқ.

«Балықтың қырылуына нақты себепті анықтау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланыңыздар».

Себебі белгісіз.

«Өкілетті органдардың бүкіл күші балықтың тағы ықтимал қырылуының алдын алу үшін жұмылдырылуы тиіс».

Балық әлі күнге дейін қырылып жатыр.

Айтып-айтпай не керек, 6 наурызда түсірілген жоғарыдағы бір ғана кадрға назар аударсаңыз. Бүгінге бары осы.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

7 наурыз 2019, 23:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.