Атырау, 25 қараша 04:44
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қырдың қызыл гүлдері

Сурет Бейнежазба
6 968 просмотра


...Сиыр мен түйені  өзім сауамын, шұбат дайындаймын. Қаймақ, сүзбе, сары май, құрт, ірімшік - бәрін жасаймын. Соны пұл қыламыз, тамақ, басқа қажеттілікке жаратамыз. Айналамызда қыстақ көп, бірақ әйелдер жоқ, көмекшілер ретінде ер адамдарды жалдайды. Басқасы басқа, сиырлардың сүттері ағып жүргеніне жаным ашиды, оны сауып, оқсататын әйел азайды. Үйдің қазығы әйел қырда тұрмағасын не берекет болады,- деді шәй қамына кіріскен Қымбат апа.

«ЕҢБЕК ЕТСЕҢ, ЫРЫЗДЫҒЫҢ АРТАДЫ»

Жасы алпысты алқымдаса да, жеңіл қимылдайтын Қымбат апа күлімсіреп қояды. Баяғы қазақы қонақжайлылық, ақжарма көңіл, қарапайым алаңсыз ой. Пейілдері дархан даладай кең, қарапайым қазақ отбасында ішкен асқа не жетсін. Кіре «қазанға ас саламыз» дегеніне қарсылық білдіргенбіз, онсызда дастарханнан баданадай аппақ құрт, май, қаймақ, бауырсақ бәрі орын алған.


- Ұлым бізге көшіп келіңдер дейді, не істейміз қалаға барып... Осы үйренген қырдан кеткіміз келмейді. Елтайда үйіміз болса да  осы жаққа бүйрегіміз бұрып тұрады,- деп ағынан жарылды отағасы Абай САЛДУҰЛЫ

Елтай ауылдық округінен 25 шақырым шалғайдағы «Айсақызыл» қыстағында 28-інші көктемді қарсы алған олар үшін бұл жер үшін ерекше ыстық. Қалай қияды, әбден бойлары үйреніп қалған.


Қымбат пешке қиларды салған сайын суық сорып тастаған жүзі алабұртып көркем бір күйге ене түседі:

- Ойбуу, бізде мереке, отпуск деген қайдан болсын, таңның атысы мен күннің батысы мал қамымен жүреміз ғой. Көмір дегенді ұмыттық, қазір оны табу да қиын. Қыс кезінде қи жағамын, жатқанша үзбеймін. Қызуын таңға дейін сақтап тұрады. Таңертеңгі шәйден кейін нағыз қызу тірлік басталады, қорадағы малды аулаға шығарамыз, шөпті күні бұрын астауға, болмаса жерге шашып тастаймыз. Қораның астын тазарту, қар күреу, мал суару, сиырымды сауып, одан өнім дайындау, аурыңқырап тұрған мал болса, бөлек күтімге алу, содан қараңғы түскенде үйге бір кіреміз. Тамақ пісіру, от жағумен жалғасады. Мал да демалмайды, біз де (күліп). Көмекші жоқ, бар жұмысты екеуміз бірлесіп атқарамыз. Қаладан таныстарым келсе, «ой рахат қой, таза ауада жұмыс жасаған» дейді, қайдан білсін, бейнеті мол тірлік барын. Еңбек етсең еңбегің бағаланады, малың көбейіп, соның ырыздығын ішесің.

Шәйдан кейін ол мәйек салып, ұйытылған сүзбеден құрт жасай бастады, бір-біреуі ірі-ақ. Ол кепкен сайын кішірейеді екен. Қыс кезінде бес-алты, ал жаз кезінде отыздай сиыр сауады.

- Соның бәрін бір өзім сауамын, жазда жұмыс жеңілдейді дейді, қайдам тірлік көбейеді. Несие алып көргеніміз жоқ, алар ойымыз да жоқ. Үкіметке қарыз емеспіз, ауысқанын балаларға береміз. Ешкімге міндетсінбейбіз, бірақ жаңа құрылған Үкіметке айтарым бар, неге мал басында жүрген әйелдерді зейнетке 55 жастан шығармайды,- дейді Қымбат.


...Ол әңгімесін айта отырып, демде құрт жасап тастады, кептіру үшін терезенің алдына күн көзіне қойды. Дүкенде бір құрттың өзі 80 теңге, ал келісі 1800 теңге тұрады. Бірақ Қымбаттың құртындай үлкен емес. Ал Қымбат әр данасын 30 теңгеден саудагерлерге тапсырады екен. Тым арзан. Бейнетпен келсе де, барына шүкіршілік қылады. Қаймағы мен сары майы да арзан.


- Көптен бе, аздан ба, бұйыртқаны. Еңбегімді бұлдамаймын, қырда малда отырғасын қайтіп қарап отырайын,- дейді ол.

ҚЫСТАҚТАН ҚҰТТЫҚТАУ

Біз олармен ыстық пейілмен қоштасып, келесі қыстаққа бет алдық, ойымыз әйелдер мерекесі қарсаңында қыр келіншектерінің жағдайын көріп, мерекелерімен құттықтау. Расында қырда қыстақ көп, әйелдер аз. Округте отыздан астам қыстақ болса, соның бесеуінде ғана отбасымен тұрады екен. Көбінде жұмысқа көмекші еркектер алған, бірі мал бақса, екіншісі үй тірлігін жасайды, тамақ пісіріп, үй жинаудан аспайды.


«Үштөбеде» отырған Жетіс МЫҢБАЕВТЫҢ әйелі Бибігүл ХАМЗИЕВА сиыр сауып жатқанының үстінен түстік. Ол демде екі-үш сиырды сауып тастап, үйге қарай бағыт алды. Кішкене қызы Нұрай қасында томпаңдап жүр. Іле тезектерді үйге кіргізіп, отты маздатып, кешкі тамақ қамына кірісті.


- Зейнетін де көріп жатырмыз, ауылда жұмыс жоқ қой. Қырда отырған әйелдің бәрі барлығынан мақұрым қалған деген жаңсақ ой бар кейбіреуде. Біз де қыдырамыз, шашымды сәндеп, тырнағымды әрлеу үшін орталыққа барып уақытымды бөліп келемін. Әйел өз сұлулылығын қалыпты сақтау үшін жасқа қарамау керек қой, бет күтімі, дене күтіміне баса назар аудару керек. Сылаңдап үйде отыратын әйел емеспін, бір кезек киініп алып, малға да шығамын. Қолымыз қимылдап, тірлік қылмасақ күнімізді қалай көреміз. Каникулда балалар келіп көмектеседі,- дейді Б. Хамзиева. Өркениет жетістіктері келмеген қыстақта отырып, әйелдік нәзіктігін жоймаған қыр қызына риза болып, ауылға қарай бет алдық.


Айтпақшы, «Барша қыз-келіншектерді, аналарды мерекемен құттықтаймын, денсаулық, үлкен бақыт тілеймін. Еліміз аман, бай болсын. Әйелдер отбасының бірлігі мен берекесінің тұтқасы ғой, қырға келіңдер, қыздар!» деген Қымбат Тұрғалиеваның ақжарма тілегін сіздерге жеткізейін.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен видеоны түсірген автор

7 наурыз 2019, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.