Атырау, 29 наурыз 20:11
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Спорт жаңалықтары

3 737 просмотра

ҮСТЕЛ ТЕННИСІ


БАӘ-де Шаржа қаласында IWAS-2019 Дүниежүзілік мүгедектер ойыны өтті. Үстел теннисі бойынша сайыстарға ҚР Еңбек сіңірген бапкері Гүлнар Иманалиеваның жетекшілігімен Атырау спорт клубының командасы қатысты. Ойын қорытындысында команда 2 алтын, 2 күміс және 4 қола алқалы болды.

Екі «алтын» - Әли Мақұлбековтің еншісінде. Ол алдымен абсолюттік біріншілікте үздік болып, содан соң финалда алматылық теннисші Курпетаевпен жұптасып ойнап, жеңіске жетті. Командалық сайыста күміс алқа Берекет Ақжігітовке бұйырды. Өткен Параазия ойындарына қатысушы Ерлан Қазиев тағы бір күміс алқа алды.

Бұдан басқа, Мақұлбеков, Ақжігітов және тағы бір атыраулық спортшы Кенгес Қониев жеке біріншілікте қола жүлдегер атанды. Біздікілер командалық сайыста тағы бір қола алқа иеленді.

Жазда атыраулықтар Тайпейде өтетін Азия чемпионатына сапарға шығады. Команда «Дана Групп» (Т.Бекенов) компаниясына және Құлсары қаласының мүгедектер қоғамына (К.Еңсепов) қаржылай көмек көрсеткендері үшін алғыс білдіреді.


ДЗЮДО


АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде 1999-2001 жылғы жастар арасында дзюдодан ҚР чемпионаты өтті. Сайысқа бес жүздей спортшы қатысты. Атырау құрамасы қоржындарына 3 алтын, 2 күміс және 2 қола алқа салды.

81 кг дейін - Шынтас Серікболсын, 66 кг дейін Ермек Амангелді мен 55 кг дейін Ұлықбек Әбілқайыр чемпион атанды. Күміс алқа Бекзат Шағатаев (90 кг дейін) пен Әбдісамат Бақыттың (60 кг дейін), қола алқа Бауыржан Қасым (73 кг дейін) мен Хамария Әмірғалиеваның (44 кг дейін) еншісінде.

Салыстыру үшін: өткен жылы жастар арасында Талдықорғанда өткен ел чемпионатында Атырау құрамасы екі күміс марапат алды.

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

ФУТБОЛ

Таразда футбол орталықтарының 2001 жылғы шәкірттері арасында республикалық «Арман» турнирінің алдын ала кезеңі өтті.

«Қайратпен» кездесу кезінде алматылықтарда матчқа тізімде мәлім етілмеген ойыншы шыққандығы үшін Атырау командасына 3 ұпай жазылып, жеңіске жетті. Содан кейін шымкенттік «Оңтүстік» командасынан 0:4 ұпаймен және қарағандылық «Шахтер» командасынан 2:3 ұпаймен жеңіліп қалды. Есесіне соңғы матчта «Атырау» ФК дайындық орталығының шәкірттері 8:2 есебімен «Семей» командасын жеңді. Нәтижесінде 7-еуден ұпайлары бар «Оңтүстік» пен «Шахтердан» кейін «Атырау» турнир кестесінде Б тобында 6 ұпаймен 3-орын алды. «Атырау» шабуылшысы Санжар Сатанов 5 голмен сұрмергендер додасында екінші орын иеленді. Өкінішке орай, 3-орын «Атырау» командасына турнирдің финалдық бөлігінде ойынды жалғастыруға құқық бермейді.


КАРАТЭ

Словакия астанасы Братиславада олимпиадалық каратэ-до бойынша Гран-при сериясының турнирі өтті. Оған әлемнің 39 елінен үздік каратэшілер қатысты. Атыраулық спортшы, «Қайсар» спорт клубының шәкірті Әбілмансұр Батырғали жақсы өнер көрсетті.

Ол Чехия, Польша, Хорватия, Словакия мен Венгрия өкілдерімен жекпе-жекке шығып, жеңіске жетті. Ал жартылай финалда тағы бір венгрден ұтылып, қола алқа алды.

* * * * *

Ақтөбеде кекушинкай-кан каратэ-до бойынша оқушылар арасында республикалық турнир өтті. Атырау құрамасы алқалар саны бойынша командалық 2-орын алды.

Владислав Шишов, Берік Ильхам, Елемес Нұржан, Амангелді Нұрдәулет, Глеб Повстянко, Аружан Әбдірахманова, Кирсан Құлмағамбетов, Артём Ли, Исатай Расул, Саян Мұсағалиев, Кирилл Ким, Омар Ахмадиев, Александра Ким және  Алтын Ғалиева алтын алқа иеленді. Спортшылардың тәлімгерлері – бапкерлер Т.Нұрымов, М. Жолдасов, А.Котов, Р. Байбосынов, А.Грузинцев пен Т.Әдебиетов.

* * * * *

Ақтөбеде каратэ бойынша әлем чемпионы Әшім Қалидың сыйлығына арналған WKF «AKTOBE OPEN-2019» халықаралық турнир өтті. Бұл жерде «Қайсар» спорт клубының алты шәкірті алқа иегерлері атанды.

Алтын алқа Кенжебай Нұрбек пен Абзал Асқарұлына, күміс алқа Сағынғали Асылхан мен Жалғас Ұлмекен, қола алқа Шыңғыс Бітімбаев пен Ғизатолла Ильясиннің еншісіне бұйырды.

Спортшыларды бапкерлер А.Рахман, С.Торғаев, Б.Ізбасқанов, А.Любин және О.Айтжанова дайындады.


ЖҮЗУ

Алматыда ҚР чемпионаты өтіп, онда атыраулық жүзгіш Дамир Алтайұлы жақсы өнер көрсетті.

Ол еркін стильде 50 және 100 метрлік қашықтықта екі күміс алқа тақты.


ТАЭКВОНДО

Иранның Киш қаласында тоеквондодан Иран президентінің Кубогына халықаралық турнир өтті. Ересектер арасында өткен сайыстарға 73 келіге дейінгі салмақта қатысқан Жансел Дениз Атырау намысын қорғап, қола жүлдеге ие болды.

Айгүл Елубай, Жадыра Хайруллина мен Айдана Еділбаева сайыс қожайындарымен сайыста есе жіберіп, алқаға жете алмай қалды. 63 келіге дейінгі салмақта кадеттер арасында Нұрай Хұсайнова жартылай финалда иорданиялық спортшыдан ұтылып, қола алқа алды.

* * * * *

Өскеменде кадеттер арасында ҚР чемпионаты өтті. Атырау облысының құрамасы сайыстан қоржындарын толтырып қайтты.

Алтын алқа - Серік Артур, Әмір Салиханов, Нұрғиса Сағадатов пен Эльназ Нажимова; күміс алқа - Саят Сағындықов пен Ангелина Гапотченко; қола алқа – Мәлік Мерей, Әсем Орынбасарова мен Арайлым Асқарова.


КҮРЕС

Степногорскде 23 жасқа дейінгі жастар арасында еркін күрестен ел чемпионаты өтті. Атырау облысының құрамасы бапкер Аслан Жаманбаевтың жетекшілігімен 3 алтын алқа иеленіп, командалық есепте бірінші орын алды.

65 келіге дейінгі салмақта өткен жылғы әлем чемпионатының жүлдегері Талғат Сырбасқа тең келер ешкім болмады. Өз салмақ дәрежелері бойынша Айдын Тәжіғали мен Әділет Қалтаев жеңіс тұғырынан көрінді. Үшеуі де Наурыз күндері Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.

* * * * *

Таразда 1999-2001 жылғы жастар арасында грек-рим күресі бойынша ел чемпионаты өтті. Атыраулық палуан Қайырбек Дүйсенбай (55 кг дейін) табысқа жетті.

Спортшы қола алқа иеленді.

Дайындағандар Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ пен Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

7 наурыз 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.