«АЖ» тілшісі хабарлағандай, Атырау облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ 2018 жылғы28 желтоқсанда сол кездегі Премьер-министр Бақытжан САҒЫНТАЕВТЫҢ атына сауал жолдап, Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуына қатысты ахуалды анықтауды өтінген еді. Сауал астына Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Жеңіс НҰРҒАЛИЕВТЫҢ (хаттама бойынша оның қолы болуы керек) және Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, қазіргі сенатор Ғұмар ДҮЙСЕНБАЕВТЫҢ қолы қойылған.
Сол кезде аммиактың нормадан асып кеткендігі туралы белгілі болжамдардан басқа сенаторлар мұнайгаз кешені кәсіпорындарын, сондай-ақ, иесіз жатқан апатты мұнайгаз ұңғымаларын тексеруді өтінген. Бұдан басқа, сауалда «мұз астында жатқан балықтарды түгелдей жинау аса маңызды. Әйтпесе уланған балық еттері өзеннің экологиялық жүйесіне, басқа су жануарларына зиянын тигізуі әбден мүмкін» делінген.
Сараптама арқылы өлі балықтың етінде аммиактың бар екендігі анықталғаны белгілі, ал Сағынтаевтың жауабында аммиактың тірі балықта да табылғаны айтылған. Алайда бұлар кейін өліп қалған шалажансар балықтар боп шықты.
Назар аударуды қажет ететін тағы бір жайт. Сауалға берілген жауапта қылмыстық тергеу аясында ҚР БҒМ Биология және биотехнологиялар проблемалары ғылыми-зерттеу институтының мамандары өлі балықтардан алынған үлгілер бойынша гистопатологиялық және гистохимиялық зерттеу жұмыстарын жүргізетіндігі айтылған.
Біз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің биология және биотехнология мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының басшысы Амангелді БИСЕНБАЕВПЕН хабарласқан едік. Ол былай деді:
- Иә, бізден әлдене жасауымызды сұрады, бұл жұмыс ІІД-мен бірге жүргізіліп жатыр. Біздің жасап жатқанымыз – істің бір бөлігі ғана, қызу жүріп жатыр деп айта алмаймын, зертханамыз да жоқ, біздегі деректер жалпы жұмыстың 10%-ы ғана. Бұдан қорытынды шығару қиын.
Ал Б.Сағынтаевтың Атырау облысы сенаторларының сауалына берген жауабын толықтай назарларыңызға ұсынамыз.
«Жайық өзенінен өлген балықтардың табылған кезінен бастап Атырау облысының әкімі Н.А. Ноғаевтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің (әрі қарай – АШМ) ақпараты бойынша, 2019 жылғы 18 қаңтарға 82,6 тонна балық (қаракөз, сазан, табан, мөңке, сондай-ақ, балық өсіру кәсіпорындарында бекіре тұқымдастар) қырылған. Өлген балықтар табылған негізгі орындар: «Атырау Су Арнасы» КМК ауданындағы Жайық өзені және ағыстан төмен қарай. Өлген балықтар тоңазытқыштарда іс-шаралар аяқталғанға дейін және өлу себептері анықталғанға дейін сақталады.
Уәкілетті органдар Жайық өзеніндегі Перетаска ауданындағы және Зарослый бұлағынан жерүсті суларының сынамаларын іріктеп алды, сондай-ақ, ауланған балықтарға талдау жүргізді.
Судың барлық сынамаларында жол беруге болатын шекті шоғырланудан (бұдан әрі - ЖББШШ) 2 есе асатын хлоридтерді қоспағанда, ЖББШШ-ның артуы байқалмайды, бұл жоғары концентрация болып табылмайды. Сонымен қатар Атырау облысы бойынша «Қазгидромет» РМК филиалының ақпараты бойынша жалпы темір, марганец және никель бойынша елеусіз асулар табылды.
АШМ Ветеринариялық бақылау комитетінің қорытындысына сәйкес, «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК Атырау филиалы базасында жүргізілетін сараптама (зерттеу) нәтижелері балық ұшаларында аммиактың (қылышбалық, табан, мөңке, ақ көз) болуын анықтады. Шаруашылық бағандарынан алынған бекіре тұқымдас тірі балықтың сынамаларында аммиактың бар екені анықталды.
Атырау облысы бойынша Экология департаменті басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Жайық өзеніне ағызуды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушыларына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
«Атырау Су Арнасы» КМК жоспардан тыс тексеру жұмыстары жөнінде шартты-тазартылған төгінділерде хлоридтер бойынша ЖББШШ-ның артқанын көрсетті, «Атырау ЖЭО» АҚ су сынамаларында ластаушы заттардың асып кетуі анықталған жоқ.
Сондай-ақ жоғарыда аталған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандарын тарта отырып, «Жайық-Атырау балық өсіру зауыты» РМҚК және «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК қатысты жоспардан тыс тексерулер басталды.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не қатысты тексеру жүргізілген жоқ, өйткені кәсіпорын Жайық өзеніне тазартылған өнеркәсіптік және шаруашылық-тұрмыстық ағындарды шығаруды жүзеге асырмайды, «Тухлаябалка» булану алаңдарына ағызу жұмыстары жүргізіледі.
Өз кезегінде, 2019 жылғы 18 қаңтарда Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Е. Шүкеевтің төрағалығымен мүдделі мемлекеттік органдардың (АШМ, ІІМ, ДСМ) қатысуымен Атырау облысының Жайық өзеніне балықтың жаппай қырылу себептерін талқылау жөнінде кеңес өткізіліп, қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Қазіргі уақытта Жайық өзеніндегі балықтардың жаппай қырылу фактісі бойынша ҚР ҚК 336-бабы «балық қорларын қорғау ережелерін бұзу», сондай-ақ, 328-бабы «судың ластануы, қоқыстануы немесе сарқылуы» бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыстық істер шеңберінде ҚР БҒМ Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының мамандары алынған үлгілер бойынша гистопатологиялық және гистохимиялық зерттеу жүргізеді, нәтижесінде балықтардың жаппай қырылу себебі анықталады.
Бүгінгі таңда, Атырау облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, базарларда сатылатын барлық балықтар күн сайынғы бақылауда, сондай-ақ, сүңгуірлердің қатысуымен Жайық өзеніндегі балықтарға ихтиологиялық бақылау жүргізілуде.
Атырау облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті халықтың сырқаттанушылығына күнделікті мониторинг жүргізуде. 2018 жылғы 6 желтоқсаннан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде балық тұтынумен байланысты улануға қатысты күдікті жағдайлар анықталмады. 2018 жылғы 22 желтоқсаннан кейін Жайық өзеніндегі балықтардың өлімі тіркелген жоқ».
Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.