«Атырау» ДСК-нде ұлттық жекпе-жек күресінен ел чемпионаты өтті. Тарихта тұңғыш рет Атырау облысының құрамасы алматылықтарға ғана жол беріп, командалық екінші орынға ие болды. Үшінші орын Ақтөбе құрамасының еншісіне бұйырды.
Қыздар арасында Ақбөбек Ерғалиева Атырау қоржынына алтын алқа салды. Ерлер арасында өз салмақ дәрежелері бойынша Талғат Жұмағалиев, Исатай Теміров және Дәурен Ермеков ел чемпионы, Бердібек Серіжанов пен Абылай Даутов күміс алқа, Самат Жағпаров, Саттыби Балтабаев, Сұлтанбек Өсербаев пен Болат Мұқашев қола алқа иегерлері атанды.
- Өңірлерде жекпе-жек қалай дамуда? – деп сұрақ қойды «АЖ» республикалық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының директоры Ерназар ӘЛІМБЕТОВКЕ.
- Атырауда еліміздің үшінші чемпионаты, әдеттегіше, жоғарғы ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Жыл сайын қатысушылардың спорт деңгейі де өсіп жатыр. Бүгінде ел чемпионатына Қазақстанның барлық өңірінен екі жүзден астам спортшы қатысып отыр. Екінші жартыжылдықта өтетін әлем және Азия Кубогына мықтылар іріктелуде. Түркия, Ресей және Моңғолия сайыстар өткізуге ниет білдіріп отыр. Біз қазір ұлттық құраманың бірінші және екінші нөмірлерін іріктейміз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ. Жекпе-жек - күрес, қазақ күресі, кикбоксинг, самбо, каратэ, таеквондо сияқты жекпе-жек түрлерінің әдіс-айлаларын қолдануға жол береді және аяқпен, қолмен соққы жасау, лақтыру, қапсыру, қоян-қолтық күресуді және төрттағандап күресуді қамтиды.