Атырау, 25 қараша 04:28
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Өмір мен өлім арасындағы шекара

Толықтырылды Сурет
4 057 просмотра


«АЖ»-ға 82 жастағы Ресей Федерациясының азаматы Уәсиля САИТОВАНЫҢ туыстары хабарласты. Өйткені, ол қағаз жүзінде ҚР халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған, қазір оның аты-жөні тұрақты мекенжайда тұруға рұқсат берілмеген тұлғалардың дерекқорына енген. Ал іс жүзінде бұл - заң мен ауыр жағдайдың бір-бірімен үйлеспейтін, өлім мен өмір мәселесі.

Бұл хикаяны Уәсиля Мұстақимқызының жиені, Атырау тұрғыны, ҚР азаматы Мұхитдин МҰХАМЕДИЕВ айтып берді.

- Ол - анамның сіңлісі. Астрахань қаласында тұрды, тұрмыс құрмаған, балалары жоқ. Қазір жасы келді, өзіне күтім жасай алмайтын болғасын, өмірінің соңында туыстарының жанында болсын деп, өзіміздің қолымызға алуды ұйғардық. Өткен жылы осы жаққа алып келгенбіз, - дейді Мұхитдин.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын бекіту туралы» № 148 қаулысына сәйкес, келу мен елде тұрудың визасыз тәртібі туралы ратификацияланған халықаралық шарттары бар елдерден бізге визасыз келген азаматтарды тіркеу белгілі рұқсат етілген мерзімге жасалады. Егер нақты мерзім белгіленбеген жағдайда, тіркеу Қазақстан Республикасына келген күннен бастап отыз тәуліктен, ал Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін тоқсан тәуліктен аспайтын мерзімге рәсімделеді.

Осылайша, 90 тәулік ішінде резидент еместер елден шығып, қаласа қайта келуі тиіс. Немесе тұрақты мекенжайда тұруға рұқсат алу үшін құжаттар ұсына алады. Туыстары осылай жасаған.

- Желтоқсанның басында тәтеміз ауырып қалды, оны облыстық ауруханаға жатқыздық. Біз осы уақытта тұрақты мекенжайға рұқсат алу үшін қажетті құжаттарымызды жинап үлгермегендіктен, ол елден 2018 жылдың 3 желтоқсанында шығуы тиіс еді. Бірақ ауруханаға жатқандықтан екі күнге кешігіп, шекарадан 5-інен 6 желтоқсанға қараған түні өттік. Қолымызда оның «3-дәрежелі артериалдық гипертензия, тамыр деменциясы, ми ишемиясы» диагнозымен ауырып жатқаны туралы аурухананың қағазы бар, оған қоса тағы да көптеген диагноздар жазылған, - дейді Мұхитдин аға.

Бірақ шекарада, Ганюшкин станциясында Саитованың құжаттарын тексеру кезінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 3-тармағына («Шетелдiктiң көші-қон карточкасында көрсетілген мерзім өткеннен кейін үш тәулік ішінде ҚР-дан  кетпеуінен көрінген халықтың көші-қоны саласындағы ҚР заңнамасын бұзуы») сәйкес, ескерту құжатын толтырады.

Дегенмен олар шекарадан өтіп, сол күні кері кірген. Осылайша, заңға сәйкес, ҚР-да болу мерзімін тағы 90 күнге ұзартқан. Ал келген кезде Атырау облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасына тұрақты мекенжайда тұруға рұқсат алу үшін құжаттарын тапсырған кезде,  ҚР «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49-бабы 14-1-бабының ("ҚР халықтың көші-қоны саласындағы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған көшіп келушілерге ҚР-да тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздер") негізінде оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.


2019 жылдың 23 ақпанында Уәсиля Саитова туыстарының көлігімен тағы да елден шығып келген.

- Атырау-Астрахань трассасының нашар екенін білесіздер ғой, тәтемді жол соғып, күйі нашарлап қалды. Тамақ та ішпейді, отыра да алмайды, түтік арқылы тамақтандырып жүрміз, - деп күрсінеді Мұхитден аға. – Әрі қарай не боларын білмейміз. Ал заң бойынша берілген ескерту жойылмайынша, Қазақстаннан әрбір 90 күн сайын шығып келуі тиіс. Бірақ ол осындай тағы бір сынақты көтере алады деп ойламаймын...

Мұхитден ағаның айтуынша, Ресей мен Қазақстаннан қажетті құжаттарды жинау, әртүрлі анықтамаларды, соның ішінде 6 диспансерге жүгініп, олардан құжат алу бөлек проблема екен. Егде жастағы өздігімен жүре алмайтын адамды туыстары арбамен апарып жүрген.

Бізге Атырау облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Болат ДОСҚАЛИЕВ түсіндіргендей, бұған азаматтардың өздері кінәлі екен:

- Олардың қателігі сол - ауруханадан шыққаннан кейін денсаулығы туралы бүкіл анықтамаларын әкеліп, бірден бізге жүгінбегендігі. Мұндай жағдайда біз оларға тіркелу уақытын ұзартар едік. Ал қазір біз ештеңе істей алмаймыз, бәрі заң аясында жасалады.

Шекарада азаматтарға тексеру жүргізетін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2016-әскери бөлімшесінің қызметкері (өзін таныстырғысы келмеді) өздерінің ережеге сай әрекет еткендерін - ҚР аумағында болу ережесін бұзғандардың барлығына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сай, хаттама толтырылатынын айтты. ҚР Үкіметінің №148 қаулысының «Тіркеу мерзімін ұзарту ішкі істер органдары көші-қон карточкасына қоятын тиісті белгімен рәсімделеді. Тіркеу тиісті медициналық ұйымдар белгілеген, көшіп келушінің немесе оның жақын туыстарының ауыр науқастануына байланысты – емдеу үшін аса қажетті кезеңге ұзартылады» деген 6-тармағы тіркеу мерзімін ұзартуды қарастыратынын атап өтті. Міне! Мұхамедиевтердің қателігі - олар медициналық анықтамаларды шекарашыларға көрсету жеткілікті деп есептеген. Ал іс жүзінде алдымен жергілікті көші-қон басқармасына барулары керек екен.

...Мен тіпті науқас әжеймен тілдесе де алмадым. Ол сыртқы әлемді дұрыс қабылдай алмайтын жағдайда. Сонда біздің ұлы заңымыз оның өмірінің соңғы күндерін туыстарының жанында өткізуіне мүмкіндік бермейтін болғаны ма?

P.S. Ақыры тұрақты мекенжай ала алмаған Уасила Саитованың қайтыс болғаны белгілі болды. Оны Астраханда жерлепті. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

3 наурыз 2019, 14:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.