Атырау, 25 қараша 07:13
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Чехиялық Зора - Қазақ жерінің жолнұсқаушысы

Сурет
3 159 просмотра


Бағасы жоғары, инфрақұрылымның жоқ болуына байланысты Қазақстан ішінде саяхат жасау отандастарымыз арасында көп сұранысқа ие емес. Бізді жолдардың нашарлығы мен сырттағы әжетханалар қорқытады. Ал осында тұратын шетелдіктердің, керісінше, жергілікті туризмге ықыласы жоғары. Зора Гончарова отбасымен бірге Қазақстанның жартысын шарлап тастаған. Өзі Чехия тумасы, Еуроодақтың қазақстандық өкілдігінде жұмыс істейді, күйеуі поляк, үш баласы бар: Лео - 10, Тамара - 7, Борис – 4 жаста. Астанаға келгендеріне үш жыл болған.

«ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТӨМЕН, БІРАҚ БАЛАЛАРҒА ҰНАЙДЫ»

- Мен ешқашан Қазақстанға келемін деп ойлаған жоқпын, -  дейді Зора айқын акцентпен. – Бұған дейін Голландияда, содан кейін Италияда жұмыс істедім, балаларымыз сол жақта дүниеге келді. Астанаға келген кезде кіші балам Борис бір жаста ғана еді.

- Балалармен саяхаттау қиын емес пе?

- Жоқ, олар үйреніп кеткен, біз Еуропада үнемі көлікпен жүретінбіз. Олар кейде күні бойы белдік тағынып отыру керектігін біледі. Әрине, олар бұған сондай риза деп айта алмаймын, бірақ біз сапарымызды 3-4 сағаттан кейін үлкен үзіліс болатындай етіп жоспарлауға тырысамыз.

- Қай жерлерге бардыңыздар?

- Алдымен «Алтын емел» Ұлттық бағына бардық. Ол Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Алматыдан қашық емес. Қазан айы болатын, сол кезде Астанада аяз болды. Машинамен жүрген жақсы, Қазақстанда табиғи бақтар мен қорықтардың аумағы өте үлкен. Сапарды 2-3 күнге жоспарлаңыздар. Мысалы, құм төбелерге дейін (оларды «әнші шағылдар» деп те атайды) екі сағат жүру керек, сондықтан жол оңай емес. Бақта құландар, арқарлар, тіпті, Пржевальский жылқылары да бар. Қорықтан гид жалдауға болады, бұл ақылы қызмет, баққа кіру де ақылы – 500 теңге.

Ұлттық баққа Алматыдан Қапшағай су қоймасы арқылы бардық. Кері қалаға Шарын арқылы қайтуға болады. Біз солай жасадық, Көлсай көліне дейін көтерілдік, тек бірінші көлде ғана болдық. Саты ауылындағы қонақтарға арналған үйге аялдадық. Бұл жерлерге мамыр мен қазан арасында барған жақсы, тауларда әдетте, сәуірге дейін қар жатады. Өте әдемі, өкінбейсіз. Қапшағайды айналып шығу үшін бес күн керек.

- Әдетте, қайда тоқтайсыздар?

- Қонақжайлары бар кішкентай ауылдарға. Көлсай ауылында, мәселен, бір отбасы үш күнге достарына кетіп, бізге үйін ұсынды, инфрақұрылымы нашарлау, бірақ табиғи орта. Бұл жергілікті тұрғындар үшін бизнеспен тең, мұндай үйдің бағасы Еуропадағы кішкентай қонақ үйдің нөмірімен бірдей. Оңтүстікте Шымкент пен Тараздың арасында екі жер бар, сол жерге тоқтауға болады, бағасы бірдей – тәулігіне 25 еуро. Әжетханасы сыртта, суды шелекпен тасиды, үйдің ішіндегі шүмектен су жүретін жерлер де кездеседі. Бірақ бізге бастысы – тісті тазалау, айтпақшы, бұл балаларға ұнайды. Таңғы асқа бауырсақ, нан, қаймақ, май беріледі. Кешкі асқа палау, мәнті дайындайды, қызанақ, ачучук, грек, корей, винегрет салаттарын береді, бізге бәрі ұнайды, балалар да жақсы жейді. Әлі есімде, Лео 2,5 жаста болған кезде Жапонияға бардық. Алғашқы үш күнде түк жемеді, тек күріш жеп, су ішті. Ал бір аптадан кейін бәрін қатар жей бастады: мисо сорпасын да, теңіз өнімдерін де, сондай қарны ашқан еді.

- Спартандық тәрбие ме?

- Жоқ, оларды дастархан басында үгіттемеймін, не бар екенін санамалап шығамын, мәселен, мынау қазақтың ұлттық асы деп түсіндіремін де, "таңдаңдар" деймін. Оларда таңдау бар. Балаларға өздері тап болған жағдайды өздеріне шешуге мүмкіндік беру керек деп ойлаймын.

- Балалардың іші пыспай ма?

- Үлкен қаладан бір мектеп, бір дүкені бар кішкентай ауылға келсең, жергілікті балалардың ойыншықтары да, гаджеттері де жоқ, бірақ бақыттан бал-бұл жанып, көшеде ойнап-күліп, сенімен орысша, ағылшынша сөйлесуге тырысып жүргендерін көресің. Сол кезде сенің проблемаң түкке тұрғысыз боп көрінеді. Балаларымызға сендер сәнді ойыншығым немесе гаджетім жоқ деп жыладыңдар, ал оларда мұндай мүмкіндік жоқ екенін айтамыз. Саяхат кезінде балалар дүниенің басқаша екенін түсіне бастайды.


«ШЫМКЕНТ ҮЛКЕН, БІРАҚ ТАРАЗ ҚЫЗЫҚТЫ»

- Келесі сапарымызды Жібек жолы: Шымкент - Тараз - Түркістан - Сауран бағытымен ұйымдастырдық. Шымкент өте үлкен болғанмен, Тараз одан қызықтырақ. Бұл қаланың әдемі бақтары, кесенелер, сәулет ескерткіштері есімізде қалды. Мемлекеттік университет болғандықтан жастар да өте көп.

Түркістан облысында Қызылордамен шекарада ортағасырлық Сауран қалашығы орналасқан. Бұл даладағы сазбалшықты үйінділері қалған керемет ескерткіш, оны да көру керек.

Шымкент пен Тараз арасындағы тауларда орналасқан Орталық Азиядағы бірінші Ұлттық бақ Ақсу-Жабағылы арқылы кері қайттық. Маршрутты білетіндермен бірге барған жақсы, алдын ала машинаға тапсырыс жасауға болады.

-Сапарды қалай жоспарлайсыздар?

- Барлық маршрутты өзім жасаймын, интернеттен қонақжайларды тауып аламын, олар аз, екі-үшеу. Жоспарсыз барсаңыз да, бәрібір тоқтайтын жер табасыз, қорқынышты емес. Инфрақұрылым төмен, душ сыртта, бірақ қонақжайдағылар үйден жуынатын жер жасауға тырысады. Бағасы Шымкенттегі жақсы қонақ үйдің бағасындай.


«ҚАРАҒАНДЫ, ҚАРҚАРАЛЫ, ҚОРҒАЛЖЫҢ...»

- Тағы қандай жерлер есте қалды?

- Маған, мәселен, Қарағанды қатты ұнайды, Астанадан Алматыға барар жолда бір күн сол жерге соғуға болады.  Шағын театрлары, кафесі, керемет экологиялық музейі бар өте әдемі қала. Баруға кеңес беремін, тағамдары, мәселен, неміс шұжығы дәмді, сырасы жақсы, айтпақшы, Шымкентте де солай.

Қазақстанның солтүстігі де ұнайды. Сұлу Ертіс өзенінің бойында орналасқан Павлодар қаласының сәулеті қызықты, көрнекі жерлерден өңірлік тарихи-өлкетану музейі, Баянауыл ұлттық бағы, әдемі жағалауы бар.

Семейде де болдық, Курчатов арқылы бардық, қала Семей ядролық полигонының жанында орналасқан. Курчатов институтының әйгілі музейіне бардық. Атом жобасының бүкіл тарихы жинақталған екен. Егер барғыңыз келсе, алдын ала «Радиациялық қауіпсіздік және экология институтына» ескертіп қою керек. Курчатов керемет әсер қалдырады, қала жартылай жұртта қалған, үйлер бос, ешкім тұрмайды, Ghost town (елес қала) секілді. Мұны міндетті түрде көру керек.

Семей де әдемі қала, жасыл-желекке малынған. Ертістің солтүстік және оңтүстік жағалауларын аралаудың өзі қызық. Солтүстік жағында орман болса, оңтүстік жағында ұшқан құс та жоқ, машиналар көрінбейді, екі сағат жүрсең де, ешкімді кездестірмейсің.

Балқашқа бардық. Алматыға барар жолда жолай үш-төрт рет соққанбыз. Жазда қызық шығар, біз күзде бардық. Егер Қарағандыдан шығысқа қарай екі сағат жүрсеңіз, Қарқаралы демалыс аймағына кез боласыз. Бурабай секілді, тек тазалау, өйткені кең танымал емес. Ол жақта да көл, ағаштар, таулар бар, біз екі күнге сол жаққа бардық. Рас, еш жерге тоқтай алмадық, интернеттен таба алмадық, қонақ үйдің қожайыны ауысып кеткен бе, білмедім. Сөйтіп Қарағандының өзіне тоқтадық, сол жақтан Қарқаралыға бардық, сәл қолайсыздау болды.

Астанадан демалыс күндері Қорғалжың қорығына баруға болады. Бар болғаны бір жарым сағатқа созылады. Бірқазандар, қоқиқаздар, көкқұтандар және басқа да сирек құстар мекендейтін сұлу қорық. Ол жаққа мамырдан қыркүйекке дейінгі аралықта барған жақсы. Турға Қазақстандағы биотүрлілікті сақтау қауымдастығы арқылы тапсырыс беруге болады. Көктемде сәті түссе, қызғалдақтар теңізін көруге болады. Оның қай уақытта гүлдейтінін біле алмайсың.

Зора Қазақстанның батыс өңірі – Орал – Атырау – Ақтау қалаларына да баруды жоспарлап отыр.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА,  «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ. 

Зора Гончарованың отбасылық мұрағатынан алынған суреттер

26 ақпан 2019, 16:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.