Атырау, 9 қараша 02:07
 бұлттыВ Атырау +1
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Экс-жезөкшелердің жаңа қызметі

25 932 просмотра

- Ой, мен жеңіл жүрісті кәсіп қылып боп жүрген кезімде не болмады дейсің... – деп әңгімесін бастады Зарина қалың кекілін сілкіп жіберіп. – Қалай болғанының бәрін айтып беремін, тек сіз мені суретке түсіріп алмаңыз. Өзіңіз де түсінесіз ғой, мені суреттемеңіз де...

Заринаның жанында өзін Лена тәтеймін деп таныстырған тағы бір әйел отырды. Ол сағатпен пәтерді жалға береді екен. «Журналист танысың болған қандай жақсы, - деп көзін қысып қойды тәтей. – Сонымен нені білгіңіз келеді? – деді аяғын айқастырған ол.- Сұрақтарыңды айта ғой...». Ал жалпы, бастапқыда менің мақаламның тақырыбы «СПИД орталығының достық кабинеті» деген болатын. Сонымен...

ЗАРИНА

Заринаның (есімі ойдан шығарылды) жасы жиырма жетіде. Өзі тартымды, жан-жақты қыз. Сырт қарағанда, осынау әзілқой жас әйелді бұрын жезөкше болған деп айта алмайсың. Оның өзінің айтуынша, «осы батпақтан» төрт жыл бұрын шыққан екен. Қазіргі кезде тұрмыста жоқ, бірақ өзін заңды әйелі ретінде көргісі келетін бір шетелдік азаматпен (бұрынғы клиентімен) бірге тұратын көрінеді. Өзі солай дейді. Алайда өзінің басқа салада жетістікке жете алатынын жұртшылыққа дәлелдегісі келетін ниетінің басым болуы әзірге оған төлқұжатына мөр соғуға кедергі келтіріп жүр екен. Жоғарғы білімі туралы дипломдарын «коллекциялап» жүргенге ұқсайды. Қазіргі кезде үшінші дипломын алмақшы. Бұдан басқа, Зарина – жергілікті СПИД орталығының ең белсенді аутрич-қызметкері, бұл үшін ол жалақы алады. Сонымен қатар, ол бизнеспен айналысады. Оның айтуынша, материалдық тұрғыда бірге тұратын азаматқа тәуелді емес көрінеді.

БАРШАСЫ ҮШІН БІР ХИКАЯ

- Шымкенттен Алматыға бар болғаны он жеті жасымда бардым. Шағын дүкенге сатушы боп орналастым. Бір жігітпен танысып, ғашық болдым, сөйтіп оған тұрмысқа шықтым. Сәбиім дүниеге келді, содан кейін... үйлесе алмадық. Сол кезде анамның қатты науқас екені, оған қымбат тұратын операция қажет екені анықталды.

«Әне, басталды!» - деген ойға қалдым мен. Неліктен екені белгісіз, осынау көзіңе жас келтірер хикаялар өте ұқсас боп келеді. Егер шынын айтып: «Бір ай бойына сатушы болып тиын-тебен табудан жалыққан соң, жезөкшелікпен айналыса бастадым. Иә, мен ақшамның көп болғанын қаладым» десе, өзі туралы теріс пікірде қалар деп ойлайды ма екен сонда. Әлде шынымен де бұл қыздар науқас аналарын емдеу үшін немесе медицина факультетінде оқитын кішкентай інісінің оқуын төлеу үшін өздерін сатуға мәжбүр болды ма екен? Бұған сену қиындау-ау!

«…Курстас құрбым қарызға ақша берді, бірақ оны «өтеуім» керектігі туралы шарт қойды», - деп әңгімесін жалғастырды Зарина төмен қарап. – Ол маған Атыраудағы танысының телефонын берді. Мен қоңырау шалдым. Ол маған қандай жұмыс екенін айтты. Сөйтіп, мен келістім».  

Осы жерде басқаша көңіл-күйге ауысқан Зарина: біреулер «ах, мені мәжбүрледі» немесе «мені алдап кетті ғой» десе, сенбеңіз. Мұның бәрі бос сөз. Өзбекстаннан немесе Оралдан келетіндер өздерінің қайда және не үшін келе жатқанын, даяшы боп немесе бала күтуші боп ақша таппайтынын анық біледі ғой, ах-ха-хах...».

- Ал менде үйінен қашып кеткен бір қыз тұрақты түрде бір-екі сағатқа пәтер жалдайды, - деп бөлісті Лена тәтей. – Ол Өзбекстаннан келген. Көршісінен жүкті болып қалып, ата-анасының қаћарынан қорқып, Атырауға қашып келіпті. Осы жерде босанғанша жезөкшелік кәсіппен айналысты. Қазір босанды, баласын күтуші бағып отыр, өзі табысын тауып жүр. Үйіне қайта оралмады, осы жақта қалды. Ата-анасы Алматыда даяшы боп жүр деп ойлайды. Үйіне Алматыдамын деп өтірік айтып жүр, өйткені Атырауда анасының екі тәтесі тұрады. Оларды көшеде көріп қалмасам екен деп, қалтырап жүргені.   

БІРЕУЛЕР АҚШАСЫН ШАШСА, БІРЕУЛЕР АҚША ЖИНАЙДЫ  

Әдетте, қыздар бұл жаққа таныстықпен келеді – осы жерде жезөкшелікпен айналысатын құрбылары, сіңлілері жеңіл болатындығына кепілдік бермейді. Бірақ әжептәуір ақша табуға болатындығына жүз пайыз сендіреді. «Апатайлар», жеңгетайлар мен «крышалар» - Атырау үшін ескі ұғым. Енді «көбелектер» он шақты адам боп топ құрып, жалға алған пәтерлері үшін ортақтасып төлеп, ешқандай делдалдарсыз жайбарақат өз қалталары үшін жұмыс істейді. Өздері тұратын пәтерге клиент аяқ баспау керек деген заңдары бар. Кездесетін орынды клиент белгілейді немесе қыздар сағаттап пәтерлерді жалға алады.

Жарты сағаттай әңгімелескеннен кейін Заринаның телефоны шарылдап қоя берді. «...Иә, 25-ші пәтер... Жоғары көтеріліңіз, сізді күтемін...».

- Бұл қалай сонда?...

- Ой, кешіріңіз… Мен кейбір қыздарға көмектесемін – бәрі бірдей әдемі сөйлеп, тіпті клиентке қайда бару керек екенін түсіндіріп те бере алмайды... Көңіл аудармаңыз.

Қыздардың бәрі бірдей бұл жұмысты уақытша деп есептейді. Қала бойынша секс қызметкерлері, СПИД орталығының маманы Гүлнар ОМАРОВАНЫҢ айтуынша, шамамен 1200 адам. Жастары да әртүрлі - 18-ден 40 жасқа дейін. Жастары бір күндік өмірмен уақыт өткізеді, бар тапқан-таянғандарын шүберектер сатып алуға, ойын-сауыққа жұмсайды. Бәрінен жалыққанда Астраханға барып қыздық пердесін қалпына келтіретін ота жасатып, үйлеріне келеді де, жақсы жерге тұрмысқа шығады. Жасы үлкендері ақшаны машинаға, пәтерге немесе балаларын оқытуға жинайды. Айтпақшы, көпшілігінің елдерінде күйеулері мен балалары бар. Заринаның айтуынша, бөгде жерде әйелінің немен айналысып жүргенін күйеулері біледі екен. «Ал өзіңіз қалай ойлайсыз, олар сондай ақымақ па? Бөгде қалаға қандай дұрыс еркек әйелін жібереді? Менің бір таныс қыздарым бар, олардың күйеулері айына бір рет қоңырау шалып, ақшаны кешіктірмей салып жіберуді сұрайды. Ал бұл ақымақ қыздар үйлеріне барып қайтқан кезде оларға сыйлықтар – печаткалар, галстуктер, жейделер сатып алады... Енді өзіңіз айтыңызшы, бұларды еркек деуге бола ма?».

ҰРҒАН ДА, СУҒА БАТЫРҒАНДАР ДА БОЛДЫ

Заринаның айтуынша, мұндай жеңіл ақшалар оңай келе бермейді. Өз тәнін сатушылар дөрекі не одан да жаман-садистердің қаћарына ұшырауы да мүмкін. «Мен жұмыс жасаған кезде не жағдайлар болмады дейсіз. Хауызда суға батырса, бірде, бумен қыздыратын орында қамап тастады, ал, енді бірде басымызға бөтелкені жарып, шаштан сүйреп, аязды күндері жалаңаш көшеге айдап шыққан кездер де болды... Көбіне мұндайды жергіліктілер жасайтын. Шетелдіктер бұл тұрғыда барынша сыпайы келеді. Қашанда сақтанып жүреді, арнаулы аксессуарларды пайдаланады, кейде тиесілі мөлшерден жоғары ақша да береді, ұнаған қыздарына гүл, басқа да қымбат сыйлықтарды тарту етіп жатады». Заринаның сөзіне қарағанда, олардың әрқайсысының өмірінің үшінші айы күйзеліске соқтырады, көпшілігі қорлыққа шыдай алмай «сынып» кетуі мүмкін. Біреулері ішіп кетсе, екіншілері есірткі қабылдай бастайды. «Өз намысыңды жер етіп, жасырып, клиентті ұнатқан кейіп таныту өте қиын. Басқа жағдайда мен онымен қатар да отырмас едім, ал, бұл жерде отыруға тура келеді. Оның үстіне, ырду-дырду өмірге өте тез бейімделіп кетесің. Оңай табылған ақшалар, қымбат косметика, тондар, оның бәрін «кәдуілгі өмірде» қалай аласың?».

Қыздар бұл жұмысты тез тастайды да күйеуге шығып жатады. Жезөкшелерден жақсы әйел шығады деген аңызға қарамастан, нашар әйелдер де шыға бастайды. Ал, кейін ажырасып кетеді де қайтадан «қыздардың» қатарына қосылады. Күйеуінің беретін ақшасы жетпейді. Оның үстіне, егер ақшаны оңай табудың жолын білетін адамның аздаған тиын үшін жұмыс істегісі келмейтіні тағы бар.

ҒАЖАЙЫП БОЛАДЫ ДЕГЕН ҮМІТПЕН

Әлем жезөкшелерінің танымал фильміне айналған Джулия Робертс ойнаған «Красотка» нағыз ертегі деуге келмес. Түнгі көбелектердің өз клиенттерінің әйелі болып жататындары да бар. Алайда, мен ондайға баруға кеңес бермес едім,-деп ойын бөліседі Зарина. –Алғашқы ұрыс-керісте-ақ ол «оны қаңғып жүрген жерінен алғанын айтып, бетіне басар еді. Ал, ол оған не деп жауап берсін. Мен өз жігітіме егер өткен туралы айтар болсаң сенен кетіп қалам деп қойдым. Ол әзірге үнсіз».

Заринаның айтуынша, қалада соңғы бір-екі жылда бірнеше жезөкше жігіттер пайда болды. «Қандай арсыз халық десейші!- деп Зарина көзге көрінбей отырған жезөкшелерге кіжініп қояды. –Ондай жігіттер әдетте, сүйкіміді болып көрініп, қыздың сеніміне кіруге тырысады. Уақыт өте келе қыз оған ғашық болып қалады да, ол үшін не істеуге де дайын болады. Ал, ол иттің баласы таза да мөлдір махаббаттың орнына сөз арасында  қызға байқатпаған болып: «Жаным, махаббат, махаббат қой, бірақ, тамақ та жегің келеді, бәлкім, сен бір-екі рет «барып» көрерсің, ә?» деп қояды. Және ол оған барады. Сөйтіп, арамтамақтықпен күн көреді. Менің бірнеше таныс қызым осылай қолға түсіп қалған еді. Бастысы, олар оған сеніп қалады. Өйткені, осынау қиын заманда оларды сүйетін, оларға ең әдемісің деп айтатын адам бар. Соған сенген ақымақ қыздар-ай!».

Алайда, шындық былай, қыздар барған сайын қатыгездене береді де арсыз жанға айналады. «Бізге клиенттеріміздің жынданған әйелдері өте жиі қоңырау шалады. Ол өзінің күйеуінің телефонынан әлдебір Жасмин дегенді тауып алады. Содан не болатынын көріңіз! Ондай қоңырауларды біз «қатты дауысына» шығарып қоямыз да, бәріміз мәз боламыз. Біз тіпті, әлгі еркектің кім екенін де білмейміз. Сонда ол жүйкесін кім үшін жұқартып жатыр? Егер еркек қыдырса, қанша айқайла, айқайлама бәрібір онысын қоймайды. Мені ер адамдардың өз шалбарларын киіп жатып өз әйеліне деген махаббаты туралы айтатыны ызамды келтіретін. Ондайда оған «онда сен бұл жерден не жоғалттың, үйіңе бар! Әйеліңді сүй!» дегің келеді.

- «Қара тізім» деген бар ма?

- Ондай тізімсіз болмайды. Қыздардың оттан қорыққандай қорқатын бірнеше ондаған  адамы бар. Олар негізінен садистер және әлдебір тері ауруларымен ауыратын клиенттер. Ақ тізім де бар. Бұл тізімде тек бір ғана адам бар. Қыздардың барлығы оны керметтей көреді. Қашан да он бес шақты қызды алады, саунаны, ішімдік пен басытқылар сатып алады да, қыздардың көңіл көтергендеріне қарап отырады. Бір қызығы сол қыздардың бірде біреуімен жыныстық қатынасқа түспейді. Мен одан бұның саған не керегі бар деп сұрадым? Ол осылайша әйел-баласынан, жұмысынан демалатындығын айтты. 

Анастасия ПАСТУХОВА

 

 «Аутрич – қарапайым тілмен айтқанда, жезөкшелікті қойған, әлі қоя алмай жүрген жандарға көмек беруге ниетті адам. Аутрич-қызметкер мүшеқаптарды таратып, жыныстық жолмен жұғатын ВИЧ-ке және басқа да ауруларға адамдарды тексерілуге көндіреді. Олар мәселенің мәнісін жақсы түсінеді, тез тіл табыса алады, психологиялық қолдау көрсете алады. Өйткені олардың өздері сол кеселдерді бастарынан кешірген». 

10 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.