Атырау, 25 қараша 06:39
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Зейнетақы қоры: тәуекелге көп бармаймыз

3 123 просмотра


Қазақстандықтардың БЖСҚ-дағы жинақ шоттары ай сайынғы жарналары мен инвестициялық кірістерінен құралады. Зейнетақы жинағындағы қаржы қозғалысы туралы «АЖ» сұрағына «БЖЗҚ» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ жауап берді.

– 2019 жылдың 1 қаңтарында БЖЗҚ зейнетақы активтері шамамен 9,4 трлн теңгені құрап, бір жылда 1,6 трлн теңгеге, яғни, 21 пайызға өсті. Салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 917,1 млрд теңгені құрады. Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2018 жылы 11,27 пайыз болса, бұл кездегі инфляция 5,3 пайызды көрсетті. Қордың зейнетақы активтерінің негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздарына тиесілі,  үлес салмағы – 43,27%. Отандық квазимемлекеттік ұйымдардың облигацияларының үлесі 13,86%.

2019 жылы ҚР екінші деңгейдегі банктерінің облигациялары зейнетақы активтері портфелінің 13,5 пайызын құрады. 2019 жылдың 1 қаңтарына қарай шетелдердің мемлекеттік құнды қағаздарына шетел валютасында номиналданған инвестициялар үлесі - 12,7%. Зейнетақы активтерінің портфеліндегі құнды қағаздардың 67,2 пайызы ұлттық валютада инвестицияланған, АҚШ долларында – 32,37 пайыз, өзге валюталарда – 0,4 пайыз.

–Зейнетақы активтері не үшін екінші деңгейдегі банктерге инвестицияланады?

– Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі біршама диверсификацияланған, яғни, әртараптандырылған. Сәйкесінше зейнетақы активтері тәуекелі төмен, табысы тұрақты, ұлттық және шетелдік валютада ұсынылған әртүрлі  қаржы құралдарына инвестицияланады.

Зейнетақы активтерін ЕДБ-нің облигацияларына инвестициялау нарық жағдайында жүзеге асырылады. БЖЗҚ банктердің облигацияларына қатысты жалғыз инвестор емес. Ол бұл бағалы қағаздарды кез келген уақытта сатып алуға және сатуға құқылы. Қордың зейнетақы активтерін екінші деңгейдегі банктердің облигацияларына инвестициялау – ҚР Ұлттық Қорын басқару жөніндегі кеңес бекіткен бағыттардың бірі.

– Қайтыс болған салымшылардың Қордағы зейнетақы жинақтары оның ұрпақтарына толық қайтарыла ма?

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары өсиет бойынша және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес, мұраға қалдырылады. Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда Қор оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді. Биыл оның сомасы айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінде (132 310 теңге) белгіленген. Зейнетақы қорында мұраға қалдырылған жинақтар мұрагерге толық көлемде беріледі. Бірақ бұл үшін Мұрагерлік құқығы туралы куәлік керек. Оны алу үшін мұрагер, мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап, алты ай ішінде нотариусқа барып, өтініш береді.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

26 ақпан 2019, 09:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.