Атырау, 25 қараша 06:48
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«86-дағы желтоқсан оқиғасы кезінде қаруымды жинап алды»

Сурет
7 061 просмотра

Қайролла КӨШҚАЛИЕВ

Тура 30 жыл бұрын совет әскерлері Ауғанстан жерінен шығарылды. Бұл елде болған 9 жыл ішінде «шектеулі контингент» сапында Атырау облысынан 782 сарбаз қызмет етіп, оның 13-і ұрыс даласында қаза болса, бірі хабарсыз кеткен. Ауған соғысының әсерлері, ұйықтап қалған кезекшіні қалай жазалағаны, 86-жылғы Алматыда болған желтоқсан оқиғасы және күйзеліс туралы ауған соғысының ардагері,  облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла КӨШҚАЛИЕВПЕН сұхбатымызда айтылады.

ТАУДАҒЫ ҚЫЛМЫС ПЕН ЖАЗА

- Әскер қатарына шақырылған соң, 6 ай Түркіменстанда оқу-жаттығу полкінде болдым. Осы жерден өз еркімізбен Ауғанстанға аттандық, - деп бастады әңгімесін Қайролла. - 1987 жылдың сәуірінде әскери ұшақпен бізді Кабулға әкеліп түсірді. Сол жерден түн ортасында оятып, тікұшақпен 800 шақырым жердегі Газни деген жерге апарды. Таудың етегіндегі базаға жайғасып, сол жерде бір ай климатқа үйреніп, жаттығулар жасадық. Мені сержант болғаннан кейін 5-ші ротаға командирдің орынбасары етіп тағайындады. Қарамағымдағылардың көбі қазақ жастары еді.

Жау көбіне түнде шабуыл жасайтын. Бір күні байланысшымыз Кандагар деген жерде бір заставаны түгел қырып кеткені туралы хабар жеткізді. Жау әскері сарбаздар ұйықтап қалған жерден кірген екен. Кезекшінің ұйықтап кетуі бізде де кездесті. Мен түнде өзіме қарасты күзет нүктелерін аралап келе жатқанда бір солдаттың ұйықтап жатқанын көрдім. Дәл осы жерде душмандар келсе, демалып жатқан сарбаздарды түгел қырар еді ғой. Бұл үлкен кінә. Жазалау керек. Сөйтіп ол жазасы есебінде мен барлық нүктелерді аралап шыққанша жанымда жербауырлап жүріп отырды. Иә, бұл қатал, бірақ тәртіп солай... Аш қалған күндер болды. Сол кездегі бізді алмастырған рота командирі "қатқан нанды лақтырмай, қапқа жинай беріңдер, тамақ келмей қалғанда соны қаужалайсыңдар" деген еді. Айтқаны дәл келді.

- 1989 жылдың аяғында КСРО халық депутаттары съезінде «Ауғанстанға кеңес әскерлерін кіргізуді саяси және моральдық кінәлау» туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы не айтасыз?

- Сырттай баға беру оңай, әрине. Бірақ Ауғанда болған, өздерінің әскери борыштарын шынайы атқарған, сол ұрыста жолдастарынан айырылған біздер мұнымен келісе алмаймыз.  

- Қандай медальдарыңыз бар?

«Интернационалист жауынгерге Ауғанстан халқының ризашылығы» медалі бар. Бұл сол кездегі Ауғанстан билігінің марапаты еді.       


«АУҒАННАН КЕЙІН КӨПКЕ ДЕЙІН ӨЗ-ӨЗІМЕ КЕЛЕ АЛМАДЫМ»

- Әскер қатарында есіңізде қалған оқиғаңыз бар ма?

- Ұрыс даласындағы оқиғаларды ұмытуға тырысамын. Бейбіт кездегіні айтайын. 1986 жылы қазанда әскерге шақырылдым. 6 ай сержанттық полктің оқу-жаттығуына түстім. Ротадағы 150 сарбаздың арасында жалғыз қазақ болатынмын. Есімде, 17 желтоқсанда сапта тұрған кезімде командирдің орынбасары бөлмесіне шақырып алды.

- Естідің бе? - деп сұрады.

- Жоқ, нені естуім керек?

- Қазақ жастары Алматыда қарсылық білдіріп жатыр дейді. Сен Алматыда болсаң, солардың арасында болар ма едің?   

- Қазір әскердемін ғой.

- Ендеше сен демала тұр.

Содан үш күн бойы «үй қамақта» болдым: теледидар қарамастан, жаңалық естіместен казармада жаттым. Тек асханаға барып келемін, екінші қабаттан не жоғары, не төмен түсірмеді. Не болғанын артынан естідік ғой. Біздің оқу полкі бойынша әртүрлі салада жүрген  13 қазақ жастары бар еді. Олардың бәріне де осылай жасапты. Бұл оқиға қызықты ма?


- Иә, қызық мәлімет... Ұрыс даласында болған адамдардың көбінде елге келген соң күйзеліс басталады. Сізде болды ма осындай жағдай?

- Сол кезде небәрі 18-19 жастағы бала едік. Әрине, бұл із-түссіз кетпейді. Сол кезде бейбіт өмірге бейімдейтін мамандар да жоқ. Соның салдарынан талай адам маскүнемдікке салынып, нашақор болып, жас өмірін құртып алды. Біреулері сотталып кетті. Мен де туған-туыстармен сыйыса алмай, күнде керісіп жүрген кезім болды. Өз-өзіме келе алмай біраз жүрдім. Содан қаладан алыстап, Жамансордағы сейсмопартияға жұмысқа тұрдым. Жұмысым айдалада жерге үшкір темірлер қағу, ауыр жұмыс біраз сергіткендей болды. Жарты жыл сонда жұмыс жасап, АМУ-дің спорт факультетіне оқуға түстім. 2-ші курсқа келгенде сырттай бөлімге ауысып, сол уақытта жаңадан ашылып жатқан Атыраудағы 5546 әскери бөлімге келісімшарт бойынша жұмысқа тұрдым. Сөйтіп қоғамға ілесіп кеттім.

- Отбасыңыз туралы айтасыз ба?

Жанұяда сегіз ағайындымыз. Үлкені қыз. Жеті ұл да әскерде болдық. Сол кездегі ата-аналардың жүрегінің мықтылығын айтсаңшы. Қазіргілер баласы үшін казармаға қонуға да дайын. Әкем мені әскерге шығарып саларда: «абыройыңды түсірмей аман кел» деп, бір ауыз сөз ғана айтты. Қандай сабырлылық... Енді ешбір адам баласын соғысқа аттандырмасыншы...

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті түсірген автор және кейіпкердің фотоальбомынан 

23 ақпан 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.