Бір кездері дүкен сөрелерінде томатпен тұздықталған Каспий майшабағы толып тұратын, бірақ ол заман өзгерді: 2018 жылдың күзгі маусымында майшабақтар 1 тоннадан сәл астам көлемде ғана өндіріліпті. Әкелеріміз бен аталарымыз аулаған совет дәуірімен салыстырғанда осындай мардымсыз көлемнің себебі неде және Каспийдегі осы ұсақ күміс балықтардың жағдайы қалай екенін «АЖ» тілшісі анықтаған еді.
СОЛ МИЛЛИОН БАНКАЛАР ҚАЙДА?
Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің жетекші маманы Мәншүк ТЕМЕШЕВАНЫҢ пікірінше, табиғи ортадағы майшабақтың жалпы саны емес, оны аулау көлемі қысқарған.
Өткен жылдың күзінде бір тоннасы өндірілді, ал кезінде бір маусым ішінде 250 тоннаға дейін ауланған-ды.
Мәншүк Аронқызының айтуынша, ерекше аулау технологиясы – электр жарығы арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізілген. Бұл әдіс Гурьевте қолданылды ма, жоқ па, оның есінде жоқ, бірақ Маңғыстау облысында болған. Сонымен, түнде суға жүз метрге дейінгі тереңдікте жоғары қысымға шыдамды жарық лампа түсіріледі. Майшабақтар көбелек секілді жарық көзіне жиналып, арнайы құбыр арқылы балық аулайтын траулермен жоғарыға тартып шығарылады. Кейде құбыр емес, тралды пайдаланған, оған да жарық пайдаланылады. Екі технология да қолданысқа тиімді болып, 100 миллион банкаға дейін томатпен тұздықталған майшабақ бүкіл КСРО аумағына таралып, тұтынушыларға жететін.
Қазір теңізге шығатын кооперативтер оны тайыз сулы жерлерден уылдырық шашатын кезеңде шектеулі уақыт қана аулайды. Қазіргі мардымсыз көлем тек жергілікті нарықты ғана қамтиды, республикалық деңгейге жетпейді. Қазір негізінен астрахандық қалбырланған майшабақ тұтынылады, бірақ оны сөрелерден іздеу керек. Супермаркеттерде де жоқтың қасы, көршілерімізде де балық аулауға қатысты проблемалар бар деседі. Ал қала ішіндегі балық кооперативтерінің біріне тиесілі шағын дүкендерде маринадталған және ысталған майшабақ тиісінше, 500 және 700 теңгеден сатылады. Шамасы, бұл күзде ауланған сол балық шығар.
Ал жалпы, теңізден ұсақ балық (майшабақ, кефаль, шабақ балық және т.б.) аулаудың азаю кезеңі, сол кездегі Атырау қаласының мемлекеттік мұрағатындағы балық аулайтын колхоз көрсеткіштеріне сәйкес, өткен ғасырдың 60-жылдары басталған.
Бір кездері Каспийден балық аулау толықтай тоқтатылып, балықшылар тек Жайықтан және сағасындағы жерлерден ғана балық аулаған.
ЖАЙЫҚҚА НЕГЕ ҚАШАДЫ?
Ұзақ уақыттан кейін алғаш рет 2015 жылдың мамыр айында біздің өңір тұрғындары майшабақты көп мөлшерде көргені сондай, бірден экологиялық апат болған ғой деп топшылады. Тек Сарайшықтың өзінде ауыл тұрғындары бір алғанда жүз шақтысын легендеп жинаған соң, басқаша қалай ойлауға болады? Жайықтың тұщы суында теңіз балығының пайда болғанын мамандар түрліше түсіндірді. «ҚазБШҒЗИ» ЖШС Атырау филиалы өзен суларында майшабақтар жиі кездесетін құбылыс екенін, мысалы, Волгада ол тұрақты мекендеушіге айналғанын, ал мұндай молшылықтың негізгі себебі – оны аулаумен ешкім айналыспаған соң, көбейіп кеткен деп тыныштандыруға тырысты.
Бірақ басқа да пікірлер болды: бұл теңіздегі мұнай өндірісімен, кеменің жүруімен байланысты, сондықтан балық тыныш жер іздейді.
Теңіздегі мұнай өндірісі мен майшабақтардың Жайыққа өрістеуі арасында байланыс бар ма, жоқ па, белгісіз. Өйткені 2012 жылы Каспий фаунасын ғылыми зерттеу тоқтатылып, тек 2018 жылы ғана жалғасын тапты. Алайда алматылық Гидробиология және экология институтының директоры Мирғали БАЙМҰҚАНОВТЫҢ айтуынша, 2015-2017 жылдары ҚР үкіметі итбалықтардың негізгі қорегі – майшабақтарды емес, тек итбалықтарды зерттеуге ғана ақша бөлген.
Қалай болғанда да балықшылар геологтар мен мұнайшыларды айыптауға бейім. Теңіз кемесінің бұрынғы капитандарының бірі құпия ретінде сол кезде өздерінің кінәлі екендерін, дәлірек айтқанда, Каспий қайраңындағы геологиялық барлау жұмыстары кінәлі екенін меңзеген еді. Оның айтуынша, «қара алтынды» табу үшін теңіз түбін пневматикалық зеңбіректің қуатты ауа соққысымен атады екен. Теңіз түбіндегі жыныстардан кері қайтарылатын бұл соққыны аппаратура тұтып, мамандар суасты кедергілерін көре алады, нақты тереңдігін белгілеп, жаңа кеніштерді табады. Осылайша, мәселен, ірі Қашаған кеніші ашылды... Міне, сейсмологиялық барлау теңіз мекендеушілерін есеңгіретіп, үркітіп, қырып тастайды. Капитанның пікірінше, майшабақтар терең суға қашады, ал 2015 жылы ол өзенге тереңдеп, шынымен де тыныштық табу үшін Сарайшыққа дейін көтерілген.
ТЕҢІЗ - ӨЗЕН ЕМЕС
Балық шаруашылығы қауымдастығының жергілікті өкілдігінің директоры Салауат ТІЛЕПБЕРГЕНОВ те кезінде балықшы болған. Қазір көбінесе кеңседе жұмыс істейді, бірақ теңізден балық аулау жағын жақсы біледі:
- Теңізден балық аулау қиын. Бұл өзенге ау салу емес. Ол жер терең, күшті жел, дауыл тұрады. Мен соңғы екі жылда теңізден балық аулау проблемасын зерттеумен айналыстым. Сөйтіп мынадай тұжырымға келдім: балық аулауға болады, бір маусым ішінде бір жақсы кемеден 100-150 тоннаға дейін майшабақты да, кефальды да, шабақ балықтарды да аулауға болады... Мәселе мынада: теңіздегі ұсақ балықтар 20 жылдан астам уақыттан бері игерілмей келеді. Яғни, лимиттер беріледі, бірақ біз теңіз кәсіпшілігіне шығын көп кететіндіктен игермейміз: арнайы вентерлер де, ірі тонналы кемелер де, мамандар да қажет.
- Каспий айдынының 30 пайызға жуығы Қазақстан аумағында. Неліктен мемлекет осындай қуатты саланың дамуын жеке кәсіпкерлерге жүктеп қойған?
- Өткен жылдың желтоқсанында балық шаруашылығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасы жасалды. Қазір оны үкімет қарап жатыр. Онда теңізден балық аулауға көп көңіл бөлінеді. Егер бұл бағдарлама бекітілсе, онда теңізден балық аулауға инвестициялар салынуы мүмкін. Жылына 550 тонна қуатқа жету үшін 82 млн теңге жоспарланған. Шынымен, мемлекеттің қолдауынсыз саланы лайықты деңгейге көтеру мүмкін емес. Ал қазір теңізге «Амангелді» ЖШС мен «Севкаспийфиш» кооперативтерінің ғана шығуға мүмкіндіктері бар. Қалғандары Каспийге шыға алмайды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттерді түсірген автор және «АЖ» мұрағатынан алынды