Футболдан Қазақстан Премьер-Лигасы ойындары 9 наурызда басталады. Ал «Атырау» командасы кем дегенде екі ай бойы өз алаңында ойнайтын матчтарын Астанада өткізеді.
14 ақпанда өткен кездесуде Қазақстан футбол федерациясының сертификаттау комиссиясы Атырау, Қарағанды және Теміртау қалаларының стадиондарында ойын алаңдарының ҚФФ ережелеріне сәйкес келмеуіне байланысты матчтарды өткізуге тыйым салған еді. Атыраудағы «Мұнайшы» стадионы мен шеттегі Томарлы ауылындағы стадион жарамсыз деп табылды. «Судоремонтник» стадионының алаңына жарамсыз деген шешім өткен жылы шыққан еді.
20 ақпанда «Атырау» командасының жанкүйерлермен кездесуі барысында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат ИБРАГИМОВ мамырға дейін шыдауды өтінді. «Мұнайшыға» жасанды газон төсеу үшін осындай уақыт кетеді екен.
Жұмыстар демеушілік қаржыға жасалуда. «Атырау» ФК директоры Қонысбай ШПАНОВ осы кезеңде команданың "үй" матчтары Астана стадиондарында өтетінін айтты.
«Атырау» командасының бас бапкері Виктор КУМЫКОВ өз кезегінде маусым басталар алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиыны жасанды төсемде ойнап үйрену үшін елордада өтетінін хабарлады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ