ГИМНАСТИКА
Балықшыдағы ДСК-де көркем гимнастикадан Атырау облыстық іріктеу чемпионаты өтті.
Оған «Алина» спорт клубынан және Атырау көркем гимнастика мектебінен 50-ге жуық гимнаст қатысты. Қыздар жеке-жеке және топтық жаттығуларда өнер көрсетті.
Жүлделі орындардың иегерлері Өскеменде өтетін республикалық чемпионатта облыс намысын қорғайды. Бұлар 2007 жылы туған гимнастшылар тобы (Аружан Касьянова, Алина Цой, Аяна Алпысбай, Мөлдір Сағаденова, Ғибадат Сержанқызы) және жеке-дара өнер көрсететін Юлия Максимова, Адиля Досова және тағы да А. Касьянова.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор
***
ХОККЕЙ
«Бейбарыс» хоккейден ел чемпионатының плей-оф ширек финалында «Теміртау» командасын екі рет жеңді. Келесі кезеңге шығу үшін Атырау хоккейшілері тағы да екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінуі тиіс.
Алғашқы матч 15 ақпанда Атыраудағы Мұз сарайында өтті және ашық төбелеске ұласқан аяусыз күреске толы болды. Бірнеше рет алаңнан қуылғандар да болды, бірақ күш қолдану арасында айдын иелері аралық кезеңде жауапсыз 3 шайба салды (Антон Некряч, Евгений Черемилов және Константин Куликов).
Ал 16 ақпанда «Бейбарыс» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Біздікілерден Некряч, Бакика және Куликов гол салды. Келесі екі матч Теміртауда өтеді.
ЗІЛТЕМІР
Атырауда 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан облыстық ашық чемпионат өтті. Жарысқа Атыраудан, Құлсарыдан, Мақаттан, сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысынан 100-ге жуық жас ауыр атлетші қатысты.
Атыраулық атлет жігіттерден өз салмақ дәрежелері бойынша Олег Фофонов, Диас Тыныбеков, Бағыт Әлішер және Иван Продченко жеңімпаз атанып, қыздар арасында Айдана Сырымова үздік шықты. Спортшыларды В.Делмұханов, Д.Жалғасбаев және И.Мырғамбаев дайындады.
ТАЕКВОНДО
Түркияның Белек қаласында таеквондодан өткен халықаралық «Turkish Open» турнирінде Атырау облысынан қатысқан Жансел Дениз 73 келі салмақта алтын алқа жеңіп алды.
Бұл турнирде Атырау облысы құрамасының кадеттері де жақсы нәтижелерге қол жеткізді. 41 кг дейінгі салмақта Әмір Сәлиханов 6 жекпе-жек өткізіп, барлығында да жеңіске жетіп, алтын алқа иеленді.
Елназ Нәжімова 44 келіге дейінгі салмақта алтын алқа алды. Нұрғиса Сағадатов (49 келіге дейін) күміс алқа, Райлым Асқарова (47 кг дейін) қола алқаға ие болды.
ДОЙБЫ
Атырауда балалар арасында дойбыдан облыстық біріншілік өтті.
Жеңімпаздар: 2011 жылғы және кіші жаста - Сырым Темірлан (№25 мектеп) және Дильназ Ділмұханова (Амангелді атындағы мектеп); 2009-10 ж.т. - Мирас Рахметолла (Тайманов атындағы мектеп) және Зейнеп Темірбай (Амангелді атындағы мектеп); 2006-08 ж.т. - Бекарыс Жұмалиев (№25 мектеп) және Жібек Әдиет (№ 31 мектеп); 2003-05 ж.т. - Мақсат Өтеғұлов (№31 мектеп) және Данагүл Жұмалиева (№25 мектеп). Олардың барлығы облыс құрамасына кірді және наурыз айында Шымкентте өтетін Қазақстан чемпионатына қатысады.
ФУТЗАЛ
Мұнай және газ университетінің спорт залында колледж оқушылары арасында футзал бойынша «Қазақстандық студенттік қыз лигасының» облыстық кезеңі өтті.
Турнирге 5 команда қатысты. Нәтижесінде бірінші орынды педагогика колледжі, екінші орынды - Мақат кентінің мұнай және газ колледжі, үшінші орынды – Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі алды. Қатысушылар ҚР Футбол федерациясының кубоктарымен және дипломдарымен марапатталды. Республикалық сайыс кезеңінде педагогика колледжінің командасы Атырау облысының атынан өнер көрсетеді.
ФУТБОЛ
Өңірлік дене шынықтыруды дамыту орталығының мәліметтері бойынша, 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап облыстың 46 мектебінде «Футбол сабақтары» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама шеңберінде балалар №1 спорттың қыр-сырын тегін оқу мүмкіндігін алады.
Аптадағы дене шынықтыру пәнінің әр үшінші сабағы түгелдей футболға арналған. Ол үшін «Атырау» футбол клубының дайындық орталығында мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері тиісті дайындықтан өтті.
- Әзірге үлкен табысқа жете алмадық. Күзде іріктеу турнирінде бес орыннан екінші орынды иеленіп, мықты 8 команда қатысқан қалалық чемпионаттың соңғы кезеңіне өте алмадық. Балалар ренжімеді, қайтадан жеңіске жету мүмкіндігін асыға күтуде, - дейді №15 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұртас Мусин. - Біздің мектепте стандартты спорт залы жоқ. Сондықтан көбінесе мектеп ауласындағы спорт алаңында сабақ өткіземіз. Аяз болған кезде сыныпқа барып, футбол теориясын оқимыз.
Өңірлік дене шынықтыруды дамыту орталығы директорының орынбасары Ұмсындық Нұрекешеваның айтуынша, 20 ақпанда Атырауда футболдан Мектеп лигасының ақтық кезеңі басталады.
ДЖИУ-ДЖИТСУ
Өскеменде жасөспірімдер мен кадеттер арасында ел чемпионаты өтті. Атырау облысы құрамасының қоржынына 5 алтын, 8 күміс және сонша қола алқа салынды.
Данияр Байымбетов, Ғибрат Әмірше, Жалғас Әліпқалиев, Әлішер Жұмағұл және Аян Хамитов Қазақстан чемпиондары атанды.
ЖЕКПЕ-ЖЕК
Алматыда ММА бойынша Қазақстан чемпионаты өтті. Атыраулық Олжас Молдағалиев (61,2 кг дейін) алтын алқа мен «Үздік техникасы үшін» жүлдесіне ие болды. Финалда ақтөбелік күшті палуан Дастан Амангелдіден ұпай бойынша басым түсті. Енді Олжас үш дүркін ел чемпионы атанды.
Финалға тағы екі атыраулық спортшы - Ерулан Қабдолов пен Әділxан Аязбаев шықты. Алайда алтын алқа үшін күресуде бәсекелестеріне есе жіберіп, күміс алқаға қол жеткізді. Бердібек Сиражев, Шыңғысхан Камалов және Думан Балмұхановтың еншісіне қола алқа бұйырды.
ФУТЗАЛ
Атырауда футзалдан қала чемпионаты жалғасуда. Матчтар «үлкен» футболдағы секілді ойыншылар арасындағы қақтығыстармен өтуде.
«Локомотив» командасы «Ембімұнайгазды» 2:1 есебімен жеңді. Ұтылған команда екі ойыншысын - Батырбек Жүнісов пен Архат Тілеповті жоғалтты, алаңда төбелес шығарғаны үшін әрқайсысы 5 ойыннан шеттетілді. Бұдан басқа, сот алқасының шешімімен «Ембімұнайгаз» командасы чемпионат кассасына әр бұзықтығы үшін 20 мың теңге айыппұл төлеуге мiндеттi.
«КазНИГРИ» «Атырау Жарықты» 1:0 есебімен ұтты. Мұнда «Атырау Жарық» футболшылары Алмаз Жұмағалиев және Ахмет Ғизатов және «КазНИГРИ» ойыншысы Мұрат Есқазиев доптан басқа тағы бір нәрсені бөлісе алмады. Жұмағалиев пен Есқазиев жыл аяғына дейін шеттетілді, Ғизатов - 5 матчқа шеттілді, оған қоса әрқайсысына 20 мың теңгеден айыппұл төлейді.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ