Атырау, 25 қараша 06:25
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қатерлі ісік: үрей мен үміт

Сурет
9 067 просмотра


Демалыс күндері Атырау облыстық онкология диспансерінде Ашық есік күні өтті. Шараға барған «АЖ» тілшісі жай мақала жазып қоймай, жергілікті мамандарға тексерілгенді жөн көрді. "Кенет ісік табылса ше?" деген қорқыныш та болды: басқа келушілердің бойында да сол үрей. «Онкологқа бірінші рет келіп тұрмын. Қорқынышты екен. Тіпті, кішкентай меңнің өзі қатерлі ісікке апаруы мүмкін дейді», - деді тіркеу бөлімінде тұрғанда бір әйел сезімін жасыра алмай...

МОЙЫНДАҒЫ МЕҢ ЖӘНЕ ІШКІ ҒАРЫШ

Алдымен лор-онколог Руслан БРИВКОВКЕ бардым. Құлағым мен мойнымдағы меңді қарап шыққан соң ол күмәнді ештеңе таппай, менде бұл жағынан бәрі жақсы екенін айтты. Ал эндоскопистің қабылдауына кіре алмадым: өйткені оған ашқарынға бару керек екен, ал мен әдеттегіше таңғы асымды тыңқиып ішіп алған едім.

«Ертең ауруханаға шланга жұтуға барамын» деген сөздерді көп еститінмін. Көз алдыма шым-шытырық көрініс келетін: пациенттің аузына бақша шлангасы тәрізді құралды тереңірек кіргізеді, ал пациент ауырсынып, айқайлайды. Ал іс жүзінде бұл процедура жағымсыз болғанымен, соншалықты қорқынышты емес екен. Рас, өз басымнан өткерген жоқпын, тек көзіммен көрдім.


- Адамдар қорқады, бірақ бұл ауыртпайды, әрине, жағымсыз сезім болады, - дейді дәрігер-эндоскопист Әсел ҚАБДРАХИМОВА.- Әр процедурадан кейін дезинфекция жүргізу керек, ол үшін бізде арнайы аппарат бар. Эндоскопияның көмегімен асқазан-ішек жолының бүкіл, тіпті, бастапқы кезеңдегі ауруын табуға болады.

Бұл кезде кабинетке 49 жастағы Тоты СӘРСЕНБАЕВА кірді. Ол Мақат ауданынан келіпті. Әйелдің асқазанына қатысты проблемасы бар екен. Осы процедурадан ол бірінші рет өтіп отыр. Дәрігер мен пациент оны менің көзімше өткізуге келісім берді. Пациент бүйірімен жатты, жанына керек болып қалар деп шелек қойылды. Дәрігер тісіне пластмасса түтікті – резіңкеден жасалған жіңішке түтікті кездейсоқ тістеуден қорғайтын қорғаныш мүштегін қысуды өтінді. Сөйтіп, ағзаның ішіне «саяхатты» бастап кетті.


-  Апа, қозғалмаңыз, сәл шыдаңыз. Шланга ішіңізге әрігірек барған сайын жағымсыз сезім азаяды, өйткені асқазанға қарағанда тітіркену мен лоқсу рефлексі өңеште болады, - деп түсінік берді Қабдрахимова процедура барысында. Содан соң:

- Жарайсыз, енді кішкене қалды, шыдаңыз, - деп пациентіне моралдық қолдау білдіріп қойды.

- Қолайсыздық сезіндім, бірақ ауырған жоқ, - деді Сәрсенбаева бәрі біткен соң.

Бұдан кейін флюорография мен маммография кабинеттеріне бару керек болды. Өкпемнің түсірілген суреті бұл ішкі органымның бәрі қалыпты екенін көрсетті.


- Сурет арқылы диагнозды бірден қоюға болады, - дейді рентгенолог Анар ҚАЙСЕДЕНОВА. – Қазір маммографияға ерекше көңіл бөлінеді, өйткені әйелдердің омырау безінің қатерлі ісігі, өкінішке орай, кең таралған. Әсіресе, үлкен жастағы әйелдерде. Ісік неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым ауруды жеңу мүмкіндігі көп болады.

Сәлден соң кабинетке дәл осы «қатерлі» жастағы әйел кірді. Кейінірек оның жасы 54-те екенін білдім. Дәрігер бес минуттан соң аппарат арқылы түсірілген суреттен бәрі жақсы екенін айтты. Ол кісі үшін мен де қуандым.

КЕШ БОЛМАЙ ТҰРҒАНДА

- Егер дер кезінде анықталса, қатерлі ісіктің жазылатынын түсіну керек. Сондықтан да біздің емдеу мекемемізде еліміздегі басқа онкодиспансерлердегі секілді тұрақты скринингтер өткізіліп тұрады.  Бұл ерте кезде қатерлі ісікті анықтауға мүмкіндік береді, - дейді облыстық онкология диспансерінің директоры Батыр ОРАЗАЛИН. -  Әйелдер омырауының қатерлі ісігіне келер болсақ, онкологтар жыл сайын 20-дан 40 жасқа дейінгі әйелдерге сүт бездерін УЗИ-ге, ал 40 жастан кейін маммографияға түсіруге кеңес береді.


- Сырт қарағанда зияны жоқ мең қатерлі ісіктің хабаршысы немесе оның белгісі болуы мүмкін бе?

- Өзгеше пішіндегі ескі меңдер, сондай-ақ, өзгеше пигментті дақтар меланома немесе терінің қатерлі ісігін білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда онкологтың қабылдауына бару керек. Қауіп бар ма, жоқ па, әдетте, визуалды шолу жасау жеткілікті екен.

- Біздің өңіріміздің емдеу мекемелерінде бірқатар мамандықтар бойынша дәрігерлер тапшылығы сезіледі. Бұл онкодиспансерге қатысты ма?

- Бізде 110 кереуеттік стационар бар, 21 дәрігер жұмыс істейді. Тағы бірнеше маман артық болмас еді, бірақ жалпы қажетті деңгейде мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге жеткілікті кадрлар бар.


Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

19 ақпан 2019, 15:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.