Өткен жылы Атырау облысы соттарында 1270 қылмыстық іс қаралып, 23 адам ақталып шықты. Бұл туралы брифингте облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Тәтті УӘЛИЕВА мәлімдеді. Брифинг барысында Фемида қызметшілерінің соңғы кездері филологиялық деңгейлерін көтеріп жатқаны анықталды.
«АЖ» сауалдары:
- Қанша қылмыстық іс және қандай себептермен прокуратураға қайтарылды?
- Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 323-бабына сәйкес, прокурорға қайтарылған істер саны 21-ге азайды. Олардың көпшілігі жеделдетілген сотқа дейінгі іс жүргізу бойынша қылмыстық қудалау органдары тарапынан негізгі сот отырысын тағайындауға кедергі келтіретін елеулі заң бұзушылықтар бар болғандықтан қайтарылды.
- Прокурорлар мен полицейлердің әрекетіне шағымдар болды ма?
- Иә, процеске қатысушылар сотқа дейінгі тергеу органдарының әрекеттеріне шағымдану құқықтарын белсенді пайдаланатынын көрсетіп отыр. Қаралған 24 шағымның 7-уі қанағаттандырылды.
Облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі алқа төрағасы Манат ӨМІРШИНОВТІҢ айтуынша, былтыр облыстық соттар әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 15147 (8,4%-ға өскен) және 749 азаматтық істерді (22,4%-ға өскен) қарап шықты.
- Өткен жылы ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов сот үкімдері мен шешімдері артық сөйлемдермен және қайталанулармен толып тұрғанын, олар қисынсыз құрастырылып, қарапайым адамдар үшін түсініксіз тілде жазылғанын мәлімдеді. Мұндай мәселе бар ма?
- Иә, бұл мәселе бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Өткен жылы Жоғарғы сот үкімдерді айқын, түсінікті және қолжетімді етіп жазу ережелерін әзірледі. Біз осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз, жергілікті сот корпусы үшін тиісті мамандарды, филологтарды тарту арқылы тренингтер өткіземіз.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор