Атырау, 2 желтоқсан 02:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Арнаулы автобаза ашылады

3 298 просмотра

Дүйсенбі күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында қала әкімі Мереке Есмұратов өткен жылда жасалған жұмыстар және биылғы жылдың жоспарлары туралы әңгімелеп берді.

Бір жыл ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындар 100 млрд. теңге сомасының шамасында өнім шығарған. Өнімнің жартысын өңдеуші сала өндірген. Электр энергиясын өндіру және тарату 20,5 пайызға өскен, ауыз су өндіру 25 млн. текше құраған. 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылған: «КазтурбоРемонт» ЖШС-нің газ турбиналарын жөндеу зауыты, жеңілдетілген қабырға 3D-панельдерін шығаратын зауыт, бір рет пайдаланылатын шприцтер шығаратын зауыт іске қосылды.

Өткен жылдың екінші жартыжылдығында ЖЭО-ны қайта жабдықтаудың 4-ші кезеңі аяқталды. Типтік жылыжай мен 5 мың тонна көкөніс сыятын қойма пайдалануға берілді. АМӨЗ-да хош иісті көмірсутек өндіретін кешен құрылысы басталды. Өткен жыл ішінде 397 млрд. теңгеге құрылыс-монтаждау жұмыстары орындалды. Тартылған шетелдік капитал үлесі 82 пайыз құрады.

348 мың 937 шаршы метр баспана, яғни 2303 пәтер салынды. Республикалық бюджет есебінен Нұрсая ықшам ауданында 3 несиелік 59 пәтерлік үй, 5 арендалық 135 пәтерлік үй салынды. Алмагүл ықшам ауданында 790 пәтерлік үй мен Сырым Датов көшесінде осындай 3 үй салынды.

Биылғы жылы 2683 пәтерден тұратын 50 тұрғын үй салынбақ, оның жартысын 2011 жылы, қалған жартысын 2012 жылдың басында тапсыратын болады. Қаланың бейнесін бұзатын апатты үйлерді күреу мәселесі түпкілікті шешілмек.

Өткен жыл ішінде Атырауда ұзындығы 195 км болатын 381 көше күрделі жөндеуден өтті. Ракуша-2, Көктем, Жұлдыз және  Нұрсая ықшам аудандарын электрлендіру толығымен аяқталды. 47 км су құбыры мен 4 км канализацияға күрделі жөндеу жүргізілді. 10 мың көшет отырғызылып, гүлзарлар алаңы 4 мың 338 шаршы метр құрады. 135 мың 748 шаршы метр жерге кеспе тас төселді.

«Биылғы жылы да осындай қарқынды ұстанатын боламыз», - деп уәде берді М.Есмұратов. 15 мың көшет отырғызылып, 7 саяжол, 7 бұрқақ, 33 балалардың ойын алаңы пайдалануға берілмек.

Қалада президенттік «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. 9173 сәби 35 балабақшасына барады. Тағы 1375 бала 57 мини орталыққа барып жүр. 12 балабақшаға әрбіреуі 120 балаға арналған жалғама салынды. Үстіміздегі жылы 7 балабақша пайдалануға берілмек. Дүниежүзілік стандарттағы 4 мектеп – жатақханасымен бірге 250 орындық қыздар қазақ-түрік лицейі, 320 орындық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия, жатақханасы мен балабақшасы бар 720 орындық дарынды балаларға арналған интеллектуалдық балалар мектебі, екі тұрғын корпусы, балабақшасы және жатақханасы бар 1080 орындық «Мирас» мектебін салу жоспарлануда.

Биылғы жылы «Жылу жүйелері» кәсіпорны жылу жүйелерін жер үстінен жер астына ауыстыру жобасын жүзеге асырмақ. Жұмыстар жылыту маусымы аяқталғаннан кейін басталады. Бұдан басқа, М.Есмұратов биылғы жылдан бастап ақылы көлік тұрақтары жабылып, оның орнына көп қабатты паркинг салынатындығын хабарлады. Оны салу үшін басқа қалалардан кәсіпкерлер тартылуда.

Облыс әкімі Б.Рысқалиев өз сөзінде, атап айтқанда, барлық салынған көпірлерді, жолдарды, бұрқақтарды тиесілі күйде ұстап тұру үшін көп күштің қажет екендігін атап өтті. Арнаулы автобазаның бәріне күші жетпейтіндіктен осындай профильдегі тағы бір кәсіпорын құрылмақ.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

9 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.