Атырау, 25 қараша 01:24
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Күрделі жөнсіздік

Сурет Бейнежазба
5 014 просмотра

Гүлфара КУБАЕВА, аудандық білім бөлімінің басшысы

2018 жылғы шілде айында Құрманғазы ауданындағы үш мектеп мен бір интернатта күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Алайда мердігер - шымкенттік «ЭкспрессСтрой» ЖШС өз ісін дұрыс атқармай, аяқталмаған нысандар бойынша экономикалық сотта процестер басталды. «АЖ» тілшісі осы білім орындарындағы ахуалды көріп қайтты.

Өткен жылы Ы. Алтынсарин (201 млн) , Н. Манаев (135 млн), Нұржау атындағы (116 млн) орта мектептер мен Д. Нұрпейісова мектебінің  жанындағы интернатты (80 млн теңге) күрделі жөндеуге бюджеттен жалпы 532 млн теңге бөлініп, тендерді шымкенттік «ЭкспрессСтрой» ЖШС ұтып алады. Н. Манаев мектебі 2019 жылдың қаңтарында, ал қалған нысандарды 2018 жылғы қазан айында пайдалануға беруі тиіс болатын. Оқу жылы басталғанда балалар ауылдағы басқа орынжайларда білім алуға мәжбүр болды. Аудандық білім бөлімінің ақпары бойынша, мердігер тек интернатты пайдалануға берген, ал қалған үш мектептің жөндеуі толық аяқталмаған.

Бағы жанбаған Нұржау орта мектебі бұған дейін бір рет күрделі жөндеуге тұрып, онысы да сәтсіз аяқталған еді. 2014 жылы тапсырыс беруші - мектеп әкімшілігі күрделі жөндеуді соңына дейін бітірмей тастап кеткен «Перзент» ЖШС-ін облыстық ауданаралық экономикалық сотқа беріп, сол кезде мердігер жосықсыз деп танылып, 33 млн теңгені мемлекетке кері қайтарылған болатын. Араға төрт жыл салып мектеп тағы жөндеуге тұрды. Бұл жолы да мердігер - «ЭкспрессСтрой» ЖШС оқсатпады: мектептегі су мен кәріз жүйесі бітпей қалған, соның салдарынан әжетханалар жабық тұ; асханада су жылыту агрегатын қосатын арнайы кернеулі ток көзі жасалмаған, төсемтастар төселмеген. Оқу орны мердігерді жосықсыз деп танып, игерілмеген 31 млн теңгені мемлекетке кері қайтару үшін сотқа берген. Сот талапты қанағаттандырды, шешім әлі күшіне енген жоқ.  

Болатбек САЙЫПОВ, Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры

Ы. Алтынсарин орта мектебінің екінші және үшінші қабаты және шатырын ауыстыру жұмыстары аяқталған, ал бірінші қабаты сол күйі жөнделместен қалған. Мұның сыртында мектепті қоршау, аббаттандыру сияқты көптеген жұмыстар аяқталмаған.

- Бастапқыда оқушылар саз мектебінде оқыды, бүгінде жөндеу жұмыстары толық аяқталмаса да, мектепке қайтіп келдік,- дейді мектеп директоры Болатбек САЙЫПОВ.

Алтынсарин орта мектебі де «ЭкспрессСтрой» ЖШС-ін экономикалық сотқа беріп, игерілмеген 147 млн теңге мемлекетке кері қайтарылып, келісімшарт біржақты бұзылды.

Н. Манаев орта мектебінде оқу құрылыс жұмыстарымен бірге жүріп жатыр. Дәліздердегі үйілген жихаздар мен құрылыс заттарынан аяқ алып жүру қиын. Жөндеу жүргізілген бөлмелерді аралағанымызда жұмыстардың асығыс, шала, сапасыз салғанын байқадық.

Мұғалімдер құрылыс жұмыстарының оқу процесіне кедергі келтіретінін айтады. 

- Биология, математика, химия, физика, информатика кабинеттері екінші қабатта болуы керек еді. Жөндеу бітпегендіктен біз кабинеттерді пайдалана алмаймыз, бұл жұмысымызға кедергі келтіруде,- дейді биология пәні мұғалімі Армангүл ХИЛАУОВА.

- «ЭкспрессСтрой» ЖШС о бастан жауапсыздығы салдарынан жұмысын белгілі дәрежеде ұйымдастыра алмады. Жұмысшылар тұрақтамады, оларға уақтылы еңбекақысын бермеді, техникасы жоқ, материалдар жетіспеді. Осының өзі үлкен қолбайлау болып, жұмыстың сапасыз болуына және ұзаққа созылуына әсер етті,-дейді аудандық білім бөлімінің бастығы Гүлфара КУБАЕВА. - Енді жасалмаған жұмыстардың сметалық жобасын қайта әзірлеп, конкурс арқылы басқа мердігерді анықтауымыз керек. Біз келесі жылы оқу жылында толық бітеді деп үміттенеміз.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

6 ақпан 2019, 11:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.